Немеремнің миы ашып кетті
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 1990-91 жылдары намысты, жігерлі еді қазақ. Қазір жігеріне құм құйғандай, жасық. Кейде ойлаймын, халық бәрінен жалықты ғой деймін.
Өтіріктен, жағымпаздықтан, парақорлықтан, білімсіз әкім, бастықтардан – бәрінен шаршады ғой деп ойлаймын.
Зиялы қауым да бір-біріне мүдделес емес. Бірін бірі жау көреді. Дұшпан санайды. Мұндай пиғылмен қалай ұшпаққа жетпекпіз. Білмеймін?
Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл толды. Білім саласында жыл сайын реформа. Мектепте немерелерім оқиды. Солардың миы ашып кетті.
Ал мен бастауыш сыныпта жаттаған өлеңді әлі ұмытқан жоқпын. Қазіргі балалар кеше оқығанын бүгін ұмытады. Неге? Білімдегі жүйе дұрыс емес. Баланың миы қоқыс жәшігі сияқты, оған ананы да, мынаны да құйып жатыр, төгіп жатыр. Баланың тілін білетін педагог жоқ. Соның кесірінен бала түгілі, біздің миымыз жетпейтін оқулықпен менің немерелерімнің басы ашып жүр.
11 жасар немереме үйге мынандай тапсырма беріпті: «Мына сөздердің ішінен жергілікті ерекшелігі бар, жалпы ерекшелігі бар сөздерді анықтаңдар» деген. Әлгінің екеуін мен таба алмадым.
77 жасыма шейін облыс-аймақтарды аралағам, жергілікті ерекшелікті білетін, жазушымын. Ғылыми ерекшелікті де білемін. Ал 11 жасар қыз бала өзінің үйіндегі «жергілікті» сөзден басқаны қайдан біледі?
Атыраудағы сөзді, Маңғыстаудағы, Қызылжардағы елдің қалай сөйлейтінін қайдан біледі?
Оқулыққа соны кіргізіп қойған. Оны оқушы түгілі, студент те, мұғалімнің өзі де түсінбейді. Осындай оқулық бола ма?! Бұл – ұлтты ұйыту емес, іріту.
Қазіргі оқулықтарда әдіснама жоқ. Әдіснама жоқ жерде, оқулық та болмайды.
Мұндай жаулықты дұшпан да жасамайды қазаққа. Сабақтастық, дәстүр деген атымен жоғалды. Бір министрдің реформасын екіншісі өзгерте береді.
Екіншісінің жаңалығын үшіншісі алып тастайды. Бірін бірі мойындамайды. Одан ең алдымен оқушы зардап шегеді. Немерем қатарлы оқушыларға жаным ашиды, олар Білім министрлерінің экспериментіне айналды.
Сол министрлердің балалары осы оқулықпен оқиды дегенге күмәнім бар.
- Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің
“Қала мен Дала” газетіне берген сұхбатынан үзінді