Әке-шешесінің еңбегін сыйлай білген бала Отанын да, ұлтын да сыйлай біледі.

 

  1. Адам ақылымен қымбатты,
    Ұрпағымен сымбатты.
  2. Ұлының ойын, қызының қылығын байқай білген ата-ана — ұяттың отына оңайлықпен күйе қоймас.
  3. Балаңды мектепте мұқият оқытпасаң, бала тәрбиесіне жұмсаған құлшынысың далада қалады.
  4. Әке-шешесінің еңбегін сыйлай білген бала Отанын да, ұлтын да сыйлай біледі.
  5. Балаңды орынсыз көкке көтеріп «патша» жасасаң, балаңның құлына айналасың. Ол «патшадан» опа да, пайда да жоқ.
  6. Балаңызға қуыршақ әперсеңіз пайдалы. Алайда қуыршақ баланың есінде қалмас. Небір жақсы ертегі, жақсы әңгіме айтып берсеңіз, сол баланың есінде өмір бойы сақталады.
  7. Ұлтты жою үшін алдымен ұлттық мектепті жою керек. Ұлтты дамыту үшін алдымен ұлттық мектептерді дамыту, сапаландыру тиіс. Ұрпақ сонда ғана сапалы болмақ.
  8. Күйеуінің ақшасын аңдыған әйел, өзінің өмір бақшасын өртеуге сіріңке ала бастағаны.
  9. Нағыз махаббат түпсіз шыңырау. Ақыл ғана сол шыңыраудан алып шығуы мүмкін.
  10. Адам тіршілігі үйсіз, күйсіз, міндетсіз, борышсыз, ешбір қам-қайғысыз өтсе, онда тіршіліктің мәні де, сәні де қалмас.
  11. Тентек баланы тектей бермей, зерттей біл. Жазғыра беру жағымсыз тәрбие. Тентек баланың жан дүниесінде жасырынған жасампаздық жалындап жатуы әбден мүмкін.
  12. Ата-аналар, араларыңдағы қызғаныш үйлесімді болсын! Ойларыңа қызғаныштан құрт түссе, балаларыңның сапасы күрт түседі.
  13. Ойын баласы ойыннан ой қабылдайды. Ойнай алмаған бала ойға жетілмейді. Тоймаған бала бойға жетілмейді.
  14. Ұрпақ тәрбиесі ойыңнан кетсе, адамдық борышың бойыңнан кетеді.
  15. Адамды ауыр ойдан құтқаратын үш дәрі бар: күлкі, музыка, поэзия.

Нұрмұқан Жанұзақұлы