Қиыр жайлаған Қызайда қазақ тарихының кілті бар
Ел басымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» экспедициясымен Астана іргесіндегі Максимовка, Семеновка, Жайнақ, Жолымбет ауылдарына барғанда басталған әңгіме ойда жоқта үлкен мақалаға айналды. Оқырман қауымға мақаланы ұсына отырып осы бағыттағы зерттеулеріміздің жаңа басталып жатқанын, Алла денсаулық берсе бұл ізденістеріміз әлі де жалғаса түсетінін ескертеміз.
«Ақтабан шұбырынды» заманы туралы бір үзік әңгіме
Біздің аз-маз ізденістеріміздің нәтижесінде қазіргі Астанадан Атбасарға шығар ауыздағы Семеновка ауылы сол заманда Қызай Қараменді батырдың қыстауы болғаны анықталды. Шежіреде Қараменді батыр жаугершілік замандағы қырағы, қасиетті адам еді дейді. Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан Доспер Саурықұлының (1894-1971) «Есенкелді» жырында (бұл жыр 1984 жылы Бейжің «Ұлттар» баспасында «Қазақ қиссалары жинағының» 1-кітабында «Қызай тарихы», 1990 жылы аталған жинақтың 2-кітабында «Есенкелді» деген атпен жарияланды) Қызай батырлары туралы бірталай деректер бар екен. Бірде атақты Есенкелді батыр екеуі Құттымбеттің ауылында түстеніп отырса, «бата беріп аттанаңыздар» деп, аяғы ауыр келіншекті алдарына әкеліпті. Қараменді батыр ақкөңіл адам екен, бата беріп сыртқа шыққан уақытта, Есенкелді «батаны бекер бердің-ау, енді Құттымбет өсіп, сенің ұрпағың өспей қалады» деген екен-міс. Қалмақпен соғыстың кезінде жаудың қарауыл қарайтын қырағы қызына ғашық болып, жұрттың «екі қырағыдан су қараңғы туады» дегеніне қарамастан, соны алып баласы суқараңғы болған екен деседі. 1922 жылы Қазақстанда Кеңес өкіметі жаңа орнап жатқан тұста қараөткелдік қазақ азаматтары Қараменді батырдың бейіті маңында Кенесары мен Наурызбайдың қаза тапқанына 75 жыл толуына арнап ас беріп, ат шаптырып үлкен жиын өткізген екен. Осы аста қазақтың Хан Кенесі, оның соңынан ерген серіктері Наурызбай, Ағыбай, Жанайдар, Жеке батыр, Бұғыбай, Танаш, Басығаралардың аттары аталып, олардың аруақтарына дұға оқылыпты. Ас соңында қазақ азаматтары Ақмоланың сол кездегі көрнекті Үлкен Базар көшесін Кенесары-Наурызбай көшесі деп атаған екен. Кейін Кеңес өкіметі есін жиып, қазақты бұғауға салған уақытта бұл көше К.Маркс көшесі атанып кетті. Бірақ қазақ маңдайында бағы бар халық, ақыры өлдік-тірілдік дегенде аталарымыз армандаған, басын бәйгеге тіккен, тізеден қан кешкен тәуелсіздікке де жеттік. Сол тәуелсіздіктің бір көрінісі К.Маркс көшесі қайтадан Кенесары атына берілді. Ал ежелден хандар мен батырлар жайлаған Қараөткел өңірінде жаңа Астана бой көтерді.
Қараменді батырмен қатар осы жерді Қызайдың атақты батырлары Жайнақ пен Бармақ та қоныс қылған. Осы жерде Есенкелді батыр аты жер-су атауларында сақталды ма деген заңды сұрақ туады ? Біздің ойымызша Нұраның бір саласы Есенкелді өзені батыр атына қатысты болуы мүмкін, әрине, бұл тарапта әлі де зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бармақ батыр ауылы қазіргі күні Максимовка аталады, ал Жайнақ ауылы өзінің атын сақтап қалды. Қазіргі күні Жайнақ станциясы, Жаңа Жайнақ ауылы бар. Бұрыңғы Жайнақ ауылында тек қана қорым сақталған. Әкімшілік жағынан бұл ауылдардың бәрі Целиноград ауданына қарайды.
Осы жерден сәл жоғары Қызайдың Жолымбет ауылы 1930-шы жылдардан алтын рудингі есебінде белгілі, Ақмола облысы Шортанды ауданының құрамында. Жолымбет жоғарыда айтылған Құдайназардың үлкен ұлы, Есенкелдінің ағасы, малсақ, шаруа адамы болған екен делінеді. Қызайдың осы маңды жайлағанының бір қызықты белгісі Көкшетау-Бурабайдың баурайында Абылайдың ордасының шығыс жағындағы Абақай қыраты. Өзге қазақ жыланның тергеу аты «түйме» десе, қызай баласының жыланды «абақай» дейтіні тілші ғалымдарға белгілі болуы тиіс. Соныменен «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ауыр заманда Сарыарқаға келген Қызай аталары қазір қазақ баласы астана қылып ту көтерген Қараөткелден Бурабайға дейінгі жерді қоныс қылды деп айта аламыз.
Бұл «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі жағдай еді. Қызайдың оған дейінгі тарихы Іле бойымен, Ит ішпес Алакөл деген көлдермен байланысты екені шежіреде айтылады. ХҮІІ ғасырдың ортасына қарай қазақ «қара қалмақ» атаған дүрбен -ойрат елі күшейіп қазақты Алтай, Іле, Тарбағатайдан ығыстырды. Бұл заманды қазақтың ауыз әдебиетінде «Бастапқы ақтабан» деп атайды. 1652-ші жылы қазақ пен қалмақтың соғысы кезінде Салқам Жәңгір хан өлді, осыдан бастап қазақ Сырдария бойына ұйлығып, бір жағы Еділге, бір жағы Ертіске иек артатын хан жайлауынан айрылды. «Бастапқы Ақтабанды» қалың найман шыққан Дулаттан асырып барлық бояуымен, қайғы-зарымен өлең өрнектеріне түсірген ешкім де жоқ:
«Ата қоныс Арқадан
Басында қазақ ауғанда,
Күзді күнгі нөсердей
Көзінің жасы жауғанда,
Ақтабан боп шұбырып,
Асып асқар таудан да,
Алқа көлді айналып,
Ақ қайыңды сауғанда,
Арысын белден омырып,
Қалмақ тартып барды алды;
Ұйқысы түссіз қанбаған,
Ел қалап, ер таңдаған,
Берген серттен танбаған
Ақ құба ару жарды алды;
Тең арқаны қиылып,
Артқан жүгі үйіліп,
Өрде шөгіп нар қалды;
Күз тоқсан қыстың маусымы
Едере тартсаң азбайтын,
Айсыз түнде адассаң,
Ауылыңнан жазбайтын
Аударып алды тарланды;
Аш күзендей бүгілтті
Алтын қарғы арланды,
Аталықтай ақсақал
Алласына сиынып,
Тілегі мүлде қиылып,
Сәждеде жатып зарланды.
Аналықтай бәйбіше
Көкірегін кернеген,
Күндіз күлкі көрмеген
Көзінен төкті арманды.
Ел үшін кешіп жанынан,
Ереуілге шыққан ер,
Өлексесін құшақтап,
Қала берді туған жер.
Қанаттан құйрық айрылды
Қанды көз қайқы қара кер.
Қара бұлттан қабындап.
Халықты басты қайғы-шер.
Сол бетімен шұбырып,
Торғайдай тозып Сыр түсті».
(Дулат Бабатайұлы. Замана сазы: Өлеңдер мен дастандар (Құраст. Қ.Өмірәлиев). Алматы, 1991, 88-89 бб).
Доспер Саурықұлы Ит ішпес Алакөлдегі Қызайдың Қалмақпен соғысын суреттей отырып Құдайназар деген батырды атайды. Құдайназар тоғыз ағайынды болды дейді ақын. Бір жылдары Қызай елін жау шауып, жанын пида етіп тосқауылда Құдайназар батыр қалады:
Айтайын Құдайназар батырды енді,
Ағасын: — Бері кел,- деп, шақырды енді.
Құттымбет тоғызының ең үлкені,
Салады ағасына ақылды енді.
— Тоғыздан мен шығайын жан пидаға,
Қараңыз, бала мен, сіз, қатынға енді.
Құдайназардың «үш ұл — жас, ер жеткені — бір қыз еді». Доспер шежіреге сүйеніп сол қыз ерекше қыз еді дейді: «шаруасын басқарғаны сол қыз еді. өзінде білім де бар, өнер де бар, мақтасам, сол заманның дүлдүлі еді». Әкесімен бірге «шолпандай таңғы туған жұлдыз» сол қызы қалып, екеуі де қаптаған қалың жаудан мерт болады. Ел кейін есін жинап, қалың өліктің ортасынан екеуінің сүйегін әзер табады. «Батырдың Құдайназар бір белгісі, Екі елі жалпақ еді қасқа тісі» еді дейді, сол қасқа тіс болмаса тапағандай екен. Осылайша үріккен ел Сыр бойына түсті.
Арқа жерін қайтару «Қайып бүліншілігінен» кейін 1717-1718-ші жылдары басталды. «Бір жоқты — бір жоқ табар» деген қазақтың сөзінің жаны бар. Түркістандағы дағдарыс, Аягөз түбіндегі жеңіліс, Бөген, Шаян, Арыс бойындағы шайқастар Әз Тәуке заманында жайбарақаттылыққа, мейірбандылыққа үйреніп қалған елді қайта ширатты. Сенетін сайыпқыран ханы, әскерін бастайтын хас сұлтаны жоқ дағдарған ел енді өзінің батырларының соңынан ерді. Бұл заманда «қырық жыл бойы қырғын» болатынын білгендей Алла тағала қазаққа сайдың тасындай, шетінен ылғи көкжал батырларды берді. Жан-жақтан қаптаған жау, анталаған барымташы болғандықтан, қазақтың жуасының өзі де ширығып атқа мінді. Молдажан Жадайұлының «Қанжығалы қарт Бөгенбайдың бір жорығы» аталатын жыры дәл осы дүрбелең кезеңге тікелей қатысты:
Сөз қылып қозғайтыным бір Бөгенбай,
Батырлар Бөкең сынды болған талай.
Тозғындап Сырдан қазақ үріккен кезде
Бастары кеткен екен қосыла алмай.
Ел бермей ерге билік қаша берген,
Есалаң қасқыр тиіп үріккен қойдай.
Әт топтың батырлары өз бетімен,
Ел сақтап кеткен екен айрыла алмай!
Арқаны аңсаған елдің тілегі батырларға қамшы болды. Ақсақалдардың батасымен, әжелердің тілегімен жігіттер Арқа жерін меншіктеніп қалған қалмақты түре қуып бір жағы Сарысудан Нұраға келсе, екінші жағы Өлкейектің үш тармағына жетті, енді 1718- ші жылғы Сарыарқаға қайта келген әңгімені баяндау үшін сөзді Дулатқа берейік:
«Туған жерді көксетер
Халықта сөнбес сыр күшті.
Есін жинап алған соң,
Бозбала үйде жатпады.
Тобышақ атты баптады,
Болат сүңгі саптады.
Ата кегін алмаққа,
Ат терлігін кептірмей,
Жиі аттанды қалмаққа.
Дау аяғы айналды
Жазылмас ауру толғаққа.
Кемеліне келген соң,
Арқаны қазақ көкседі,
Арасынан қалмақпен
Бәленің оты өшпеді.
Өшпек түгіл үстеді.
Саулықты қысыр қалдырып,
Қошқардың түспей күйегі.
Айғырдан бөліп биені,
Бурадан бөліп түйені,
Қайта Арқаға көшкені.
Арқаны оңай бермеді
Ірге тепкен көп қалмақ
Ел шайқалып, ел қандап
Мал шабылып, жер шаңдап,
Қымбат болды қазаққа
Қалмақтан қайта жер алмақ».
Сарыарқаға Бөгенбай батыр бастаған Жеті Момынмен бірге келгендердің ішінде Қабанбай батырдың соңына ерген Найман балалары да бар еді. Көш Ұлытаудың батыс бөктерін жағалай, Ырғыз-Торғай қуалай отырып осы жылы Ордың қара ағашына өзеніне жетті. Арғынның ішінде Жеті момын аталатын елдің көпшілігі, бірнеше топ болып қыпшақ пен найман “қожа құлақтас, молда сабақтас” дегендей қиын-қыстау заманда бір-біріне серіктес, ниеттес болып Есіл-Нұра арасына ту тікті. Кіші жүздің басы түгел қосылатын жері Ырғыздың бойы, Әбілқайыр ханның ордасы сол өзеннің бойында. Арғынның Бес Мейрам тармағының балалары келген уақытта Найманның бірталай бөлігі, соның ішінде Қаракерей мен Қызай Есіл мен Нұраның арасында отырғаны мына бір аңыздан да білінеді: «Бағзылардың айтуына қарағанда 40 үй Темеш (Алтай) көшіп келгенде бұл жерде найман отыр екен, бір түннің ішінде олардың қырық байталын жеп қойыпты. Сонда наймандар: «біз сендерге жеп қойған байталдарыңды қайтар демейміз, ол сендерге ерулік және қонақасы болсын. Бір ауылдың ішінде бір үй аш болса бүкіл ауыл аш болады, бір ауыл аш болса бүкіл ру аш болады, одан да біздің өзіміз кетейік» деп көшіп кеткен екен» (Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Под руков. Ф.Щерибны. Т.4.Семипалатинская область, Павлодарский уезд.-Воронеж, 1903. с.10).
Есенкелді батыр аты тарихта қаттаулы
Қызайдың бергі тарихында Есенкелді батырдың аты ерекше аталады. Деректерге қарасақ «Абылай заманы» аталатын ерлік дәуірінің үлкен тұлғаларының бірі. Батырдың атын елге танытқан қымбат деректің бірі Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан Доспер Саурықұлының (1894-1971) «Есенкелді» жыры. Жоғарыда біз осы жырдан Құдайназар батырдың қалмаққа қарсы соғысып қызымен бірге өлген әңгімесін келтірдік.
Әлқисса, Құдайназар өлген соң оның үш ұлының тағдыры не болды деген мәселеге келейік. Доспер әңгімесіне қарағанда Құттымбеттің үлкен ұлы Қарабас «Шешесін үш жетімнің аламын деп», айғырдай азынап маза бермеген соң Құдайназардың келіншегі бір түнде тұлыпқа айран құйып, азыққа құрт, ірімшік түйіп, жеңілдеп бір кісілік киім алып, балаларымен қашып шықса керек. Сонда кішісі Сұлтанкелді емшектегі бала, ортаншысы Есенкелді жетелеуге көнеді екен. Жолымбет екеуінен үлкені артынан өзі жүріп кете берді. Аңызға қарағанда жесір келіншек төркіні Сарыүйсінге келіп, сол жерге келіп паналайды-мыс. Заманнан заман өтті, үш ұлда тең ержетті. Жолымбет — мал иесі момын болды, Мінезі қойдан жуас, қоңыр болды. Сенімді, тиянақты ел-жұртына, Кәдімгі қариядай порым болды. Ел сүйген Есенкелді серке болды, Кенжесі Сұлтанкелді ерке болды. Жақсылық жамандықпен екеуі — егіз, Бұл бақыт үш жетімге ерте қонды.
Ержеткен соң үш ұл өз елдеріне қайтты. Арыстандай үш азамат елге келіп Бегімбет, Дербіс, Итемген, Меңіс болып, Қызай баласы ат шаптырып, той жасады. Бұл тойға Ер Қабанбай батыр келді дейді. Есенкелді мен Қабанбай достығы осы жерден басталады. Найманның алтын туы Қабанбай батыр Есенкелді үйіне келіп қонған күні, қатыны ұл туып «Баланың атын өзім қоямын», — деп, «Қабанбай, Қабанбай» деп атын қойды. Ешкімге өз атымды қойғызбаушы ем, Көңілім тартты саған жақын», — дейді. Қызайдың өз ішінде Есенкелді ұлының атын Қабанбай қойып тұрып «Көтере алсаң Қабанбай боласың, көтере алмасаң Жаманбай боласың» деген сөз бар. Қазақтың сол замандағы бас батыры, жаугершіліктегі хас батыры Қаракерей Қабанбай ордасы ол кезде Қараөткелден сәл шығысқа қарай, Нұра өзеніне оң қапталында болатын.
Осы оқиғадан бастап біз Есенкелді батырды ылғи да Қабанбай батыр жанынан көреміз. Енді ғана ел көзіне түсе бастаған Қызайдың батыр азаматын Абылай ордасына алып барып, қазақтың кемеңгер басшысымен таныстыратын да Қабанбай. Доспер ақын өзінің бабасы Есенкелдіге қатысты бұл оқиғаны еркеше шабыттанып жырлайды: «Үйіне қайтқанында ер Қабанбай, Бабамды Қайып би мен шақырды енді. Барады ата ұлынан жұрт бастығы, Абылай елді жиып жатыр, — дейді. Қалайша жаудан аман ел қорғаймыз, Сол жерде қорытамыз ақыл, — дейді».
Бұл кезеңде Жоңғария мемлекеті жантәсілімге жақындаған еді. «Палуанның жаманы — шалдырған соң өкінер, күзетшінің жаманы — алдырған соң өкінер” дейді, оның басшылығында жүрген азаматтардың уайым-қайғысы көбейе түсті. Өкінгенмен не шара, Жоңғария тозығы жеткен матадай тоз-тоз болып барады. Енді қазақ керей, найман, үйсін руларының көне қонысы болған, кезінде Түрік қағанаттарының жері Алтай мен Тарбағатайды, Жетісу мен Шығыс Түркістанды не де болса қайтармаққа уағдаласты. “Жауын аяған жаралы қалады” – енді Жоңғарияны аяғанымен іс бітпейді. Сау-тамтығы қалса қазақтың құрамында жеке бір ұлыс-ел болып тұрар, қалмаса ол да жоқ.
Бурабайда бас батырларымен ақылдасқан Абылай енді үш жүздің қазағының қарулы азаматын Ұлытауға жинауға бел байлады. Бұл жаугершілікке толы ХҮІІІ ғасырдың тура тең ортасы, 50-ші жылдардың басы болатын. Қазақтың шежірелерінде бұл заманды: «Садақ белде дап-даяр, найза қолда, Ат белдеуде тұрады, түйе – қомда, — деп суреттейді. Қызай елінің батырлары Абылай ордасының шығыстан қорғайтын қалқаны қызметін атқарушы еді.
1756 жылы Жоңғариядан Әмірсана бастаған бір топ қалмақ бекзадаларының көмек сұрап қазақ жеріне келгені мәлім. Абылай ордасының тапсырмасы бойынша Әмірсанаға абақ-керей Қожаберген мен қызай Есенкелді батырлар қомқорлық жасаған. Ел аузындағы аңызда «Абылай Әмірсананы Есенгелді батырдың ауылында сақтаған еді» делінеді. Әмірсана мен Есенкелді дос болып, Есенкелді бір баласына Әмірсананың атын қойған. Одан тараған ұрпақ қазір Қызайдың ішінде өскен атаның бірі.
Қара қалмақты жеңіп шығысқа жылжығанда да қызайлар алда болды. Найман баласы шығыстағы ежелгі қонысына қарай жылжығанды дұрыс көрді ме, әлде Абылай ордасында қазақтың игі-жасқылары бас қосқан кеңесте осындай шешім қабылданды ма, әйтеуір ел көштің басын Алтай мен Тарбағатайға бұрды. Доспер «Осылай Аягөзге келді Қызай» десе, Құрбанғали Халид болса «қазақта Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ еді» дейді (Қ.Халид. Тауарих хамса. Алматы,1992. 109 б.). «Тауарих хамсада» жазылғандай Әмірсана бүлігі басылған соң Аягөз өзеніне құятын Лайсу-Батпақсу деген жерде қазақ, қалмақтың басшылары келіссөз өткізіп, бітімге келеді. Олар көкқасқа айғыр, қарабас қошқар сойып, қолдарын қанға матырып: таланған мал, аққан қан салауат деседі. Құрбанғали Халид келтірген деректер бойынша бұл келіссөз 1757 жылы болғаны мәлім. Осы бас қосудың шығынын Аягөз бойына өзгеден ертерек орныққан Қызай баласы көтеріп алады. «Екі жақ (қазақ-қалмақ) бітімге келгеннен кейін қазақтар ақырындап ілгерлей берді. Аягөз өзенінен өтіп Алакөлге, бер жағы Зайсан, Тарбағатай тауына шейін асты» деп жалғайды сөз өзегін Қ.Халид. Қызай тағы да көштің алдына түсіп Тарбағатай өңіріндегі Барлыққа тоқтайды. Қытай деректеріне қарағанда қазақ 1760 жылдары Көксу, Барлық, Алтынемелден асып Іле өңіріне дейін мал өткізіп, ептеп көшіп келе бастаған. Қызай рулары алғашында Тарбағатай өңіріне (Тоқта- Барлыққа) келіп, мекендеп, онан соң Бұратала арқылы Іле өңіріне барған.
Есенкелді батыр осы көштің басында болды және осы арқылы Абылай ханның шығыс саясатының іске асуына үлкен үлес қосты. Батыр туралы бірталай әңгімелерді Қытай мен Қазақ ордасы арасындағы елшілік хабарларынан кездестіреміз. Доспер жырында да Есенкелді батырдың Абылай елшіліктерін Қытайға бастаған сапарлары көрініс тапқан. Есенкелді батырға Ежен хан берді дейтін көк тас туралы қызай ақсақалдары бірталай әңгіме айтады, асыл көк тас олардың қолында әлі де бар. Бір әңгімеге қарағанда қазақ елшілігі қайтарда Ежен ханның ордасында дастархан жайылыпты, ыдыс-аяқтың бәрі алтын еді. Сол кезде Есенкелді бір күліп, бір қызарып отырса керек, сонда Ежен хан: — Неге күлдің, Есенкелді? Жасырмай сырыңды өзің айтшы деді. Сол кезде батыр жасында бастан кешкен мехнатты, қорлықты айтып, шешесінің «Балам, ас жейсің алтындаған табақпен, Бір Жаратқан өмір берсе саған» дегенін есіне алды,-дейді.
Қызай арасында Абылайдың бір баласы Қасымның үлкен ұлы Есенкелдінің аты Қызай Есенкелді батырдың құрметіне қойылып еді делінеді. Бұл оқиға Есенкелді батыр елшілік жұмыстарына белсене араласып жүрген 1760 жылдардың ортасына қарай болды ма деп шамалаймыз. Есенкелді батыр бұл кезде ерлігімен әбден елге танылған, өмірден тәжірибе жинаған, талай рет шет елге елшілікті бастап барып ақжолтай атанған кезі. Қасым төренің шешесі Топыш Хан Ордасы Бурабайға 1743 жылы ханым болып келді. Қасым сұлтан 1745 жылы туды дегенде, оның үлкен ұлы Есенкелді ең ерте дегенде 1765 жылы тууы мүмкін: «Ауылына бабам қонып жатқан күні, Қасымның ұл туыпты қатыны енді. Ырымдап Есекеңе қойғызыпты, Абылай немеренің атын енді». Ендеше Қызай Есенкелді батыр осы жылы хан ордасы Бурабайға әр түрлі шаруалармен келіп жүрді, екі ортада байланыс үзілген жоқ деп айта аламыз.
Бурабайдағы Абылай хан ордасымен екі арадағы байланыс ХІХ ғасырдың ортасына дейін үзілмегенін Қызайдың Кенесары ханның кегін аламыз деп қырғызды шапқан оқиғаларынан да аңғарамыз. Кек аламыз деп Алатауға аттанған қолды бастаған белгілі батырлар — матай Тәнеке мен қызай Құдайменді дейді.
Қызайдың тегі қадым заманға бастайды
Ерлік дәуірінің бірталай әңгімелерінің басын шолдық, енді осы Қызайдың тегі кім деген мәселеге келейік. Ол үшін біз атақты Әріптің ақын Көкбайға айтқан «…Арғынға сенен көрі Қызай жақын» деген сөзіне тәпсір жасап көреміз. Әріп пен Қөкбай бір-бірімен замандас, өз заманының аса білімді, ақын азаматтары. Ол заман жалаң сөздің заманы емес, мықты азаматтардың арасында астарсыз ештеңе де айтылмайды. Көкбай Тобықтының Көкше деген атасынан, Әріп болса Садыр ұрпағы, шешесі Көкше, сол себепті нағашы-жиен болып екеуі аяусыз қалжыңдасады, бірақ екі арада жау пиғыл жоқ. Әріп қандай тарихты меңзеп тұр ? Енді соған келейік, бұл жерде байырғы тарихсыз болмайды, мыңжылдықтан әрі оқиғалар айтылып тұр. Қ.Халидтың «қазақтың қариялары мыңжылдықтың ішінде адаспайды» дегені есте болсын.
Тобықты Арғын ішіне Бес Мейрам емес, Жеті Момын қатарында кіретіні сөзсіз. Шежіре түзудің заңдылығы бойынша Бес Мейрам әуел бастан бар да, Жеті Момын Арғынға кейін қосылғаны анық. Қай заманда қосылды деген сұрақ туады ?
Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жылдай бұрын қазақ даласында екі үлкен ұлысты көреміз, бірі «Авеста» сияқты асыл мұраны қалдырған Ариан, екіншісі «Оғыз қағанның» қиссасын жырлайтын Тұран елдері еді. Бірталай заман ағайынды-інілі болып тұрған екі ұлыс та өсті. Ариан елі сол кезде адам саны мол, өзгеден үстем еді, малы көп еді, ұшы-қиырсыз Сарыарқа даласына сыймады. «Авеста» былай дейді: «Ендi, мiне, Жәмшид патшалығы үшiн тоғыз жүзiншi қыс та түстi. Сонда бұл жер iрiлi-ұсақты малға, адамға, ит пен құсқа, қып-қызыл боп жанған отқа толып кеттi. Iрiлi-ұсақты мал мен адам өзiне орын таба алмады… Сонда Жәмшид қырға шықты, Күннiң бағдарын байқады, өзiнiң алтын мүйiзiне үрледi, қамшысын сермедi: “Айналайын Спэнта-Армайти, менiң малым мен адамым сыйсын, жазыл ендi, қанатыңды жай”,– деп жалынды. Осылайша жердi бұрынғы көлемiнiң үштен үшiне дейiн ұлғайтты, және осы жерде iрiлi-ұсақты мал жайылым тапты, адам баласы өзiнiң тiлегiне, еркiне сай өмiр кештi. Жаратушы Ахура Мазда – Көк Тәңiрiмен бiрге даңқты Арианам-Байджа белiнде (Арқа белі), Барукаша көлі (Ақсақал Барбы көлі) жағасында мәжiлiс құрды. Тумысы бөлек мол табындардың иесi, адамзат баласының ең жақсы өкiлдерiмен бiрге даңқты Арианам Вайджаға Жәмшид те келдi. Сол жерде Ахура-Мазда Құдай былай дедi: «О, қасиеттi Жәмшид, мына жалған дүниеге қыс та келер, алдымен қардың қара бұлты Қаратауға жауар. Осы сұмдық жұттан малыңның үштен бiрi ғана қалар, оның өзiнде өзен жағасындағы қалың қамыс пен таудың ағашына паналап. О, Жәмшид, мына жалған дұниеде қойдың тұяғының iзiн кездестiру ғажап қалдырар» (Авеста.М., 1993. – 176-180-бб).
Ариан еліне жұт келді, оның үстіне Тұранмен тіл табыса алмады. Екі арада дау туды, бірінішісі — Орталық Қазақстанның кен орындарын бөлісе алмады, екіншісі – Алладан түскен төрт кітаптың бірі Зәбүрді Ариан қабылдап, Тұран қабылдамады. Осы ауыр жұт пен рухани кикілжің себебінен Ариан жұрты бір жағы Үндістан, бір жағы Иран қыратына, бір жағы Алтай тауларына көшті. Қола дәуірінің соңына қарай қазақ даласына Тұран елі иелік қылды. Осы өркениеттен сақ (саһа) қауымы өсіп шықты. Сақ мәселесін Қазақстан тарихына қатысы бар адам айналып өте алмайды, мен де оқулықтарды жазған кезде азды-көпті деректер негізінде шолып өтіп жүрген тақырып. Мәселенің шешімі «Сақ» және «скиф» атауларында. Осы екі атауда да орыстық және советтік тарихнамадан келе жатқан қателік бар. Терминде қателік болған соң арғы жағы белгілі. Біз қазіргі жыл санауымызға, яғни Иса пайғамбар туғанға дейінгі бірінші мыңжылдықта Жетісу мен Түркістаннан Қаратеңіз бойына, Алтай тауларынан Хорезмге дейінгі территорияны «сақ» атауына ие болған көптеген тайпалар мекендеді деп жазамыз. Шын мәнінде ирандық жазбаларда «сақ» емес «саһа». «Тарих атасы» Геродот (б.з.б. V ғ) оларды «скуз» деп атайды. Семит деректерінде бұл халық «ишгузай» және «ишкуз» түрінде кездеседі. Біз орыс транскрипциясының жетегімен әлі «скиф» деп жүрміз, мәселе көне грек әліпбиіндегі «ө» әрпінің қалай оқылатынына байланысты. Бұдан шығатын қорытынды біреу біздің сақ, немесе скиф (скуз, ишгузай) деп жүргендеріміз ішкі оғыздар. Дала тұрғындарының екінші атауы — қаңлы, яғни дала адамы (қаң-шөлейт дала деген мағына береді).
Енді мұның бәрінің Қызайға қандай қатысы бар деп отырсыз ғой? Қызайдың ата-бабалары да ариан қауымдары ішінде осы аумалы-төкпелі заманда Алтайға ауды. Кейін ариан жұрты Ұлы даланың шығыс қапталында қият әулетін таққа отырғызып Ғұн (Күн) патшалығын құрды. Осы патшалықтың оңтүстік қапталында Үйсін, батыс қапталында — Қаңлы сияқты ертеден аралас елдер бар еді. Үйсiндер алғашқы кезеңде Шығыс Түркiстанды мекендеп, ал юечжi тайпалары оңтүстiк-батысқа жер ауған соң, Жетiсу мен Ферғана (Давань) өлкелерiне орнықты. Қытай жазбаларына қарасақ Іле өңірі ертеде юечжiге тиесілі болғанға ұқсайды. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда олар ғұндардың батыс жағындағы Дунхуаң мен Чилан тауы аралығын қоныстанған ел еді. Ғұндардың шабуылынан үріккен юечжі тайпалары өздерінің бұрынғы мекенін тастап, Іле өзенінің алқабына қоныс аударады. Бұдан бұрын Іле өзені алқабы сэ (сақ) тайпаларының мекені болуға тиісті, қоныс аударып келген юечжілер бұл жерді басып алады. Юечжілердің оңтүстікке көше алмай қалған бір бөлегі Наншань тауына шегініп, ол жердегі тайпалармен араласып кетті. Юечжілер Іле өңіріне қоныс аударған соң, Үйсін билігі ғұндардың көмегіне сүйеніп жаңа қоныстанып жатқан көршілеріне шабуыл жасап, оларды батысқа қарай ығыстырып жіберді де, Іле өзені алқабы мен Ыстықкөл алабындағы құнарлы қонысқа келіп орнығады. Осылайша Үйсін құрамына тек қана юечжі ғана, оның құрамына енген сэ, яғни сақтар да енді. Іле өзені алабына ауысқаннан кейін үйсін елі тез дамып іргелі мемлекетке айналды.
Сол дәуiрдегi көрнектi одақтың бiрi — қаңлылар, әуелден Сырдария мен Ертіс арасындағы өлкемен тығыз байланысты (Авестада Сыр бойына қатысты Канхга атауы кездеседi)! -Міне, Әріптің Көкбайға «…Арғынға сенен көрі Қызай жақын» деуінің сыры осы. Ариан ішінде көбі арғын болатын, ал оғыздар қаңлы арасында еді. Әрине, ғұн, үйсiн, қаңлы қауымдарының қоныстану мәселесi толық шешiлдi деуге әлi ерте, оның үстiне халықтардың ғұндар бастаған қолы қоныс аударуы кезеңiнде (III ғ. бастап) этнотерриториялық картаға елеулi өзгерiстер енгенi даусыз.
(Жалғасы бар)
Жамбыл Омарұлы Артықбаев, Тарих ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры
Abai.kz