Бір тәулік ішінде екі министр орнын босатты

Кеше ҚР Президенті Н.Назарбаев Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың отставкаға кету жөніндегі өтінішін қабылдағаны бәрімізге мәлім. Секунд сайын өзгеріс болып отырған уақыт ағымынан қалыс қалғысы келмеді ме, әйтеуір, бас-аяғы бір тәулікке жетпей бүгін еліміздің бірқатар билік органдарында айтарлықтай ауыс-түйістер орын алды.  Жер дауы жиынында Елбасынан сөгіс алған Асылжан Мамытбеков те, жоғарыда аты аталған Е.Досаев та бірден министр креслосын босатты. Бұған дейін айтқанымыздай енді Ауыл шаруашылығы министрлігін А.Мырзахметов басқарса, Досаевтың қызметін 2013 жылдың 30 мамыран бастап «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ басқармасының төрағасы және бір кездері Президенттің көмекшісі болған Қуандық Бишімбаев атқармақ. 

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің Бюро отырысы барысында Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалған Асқар Мырзахметовке алғысын білдірсе, енді партия Төрағасының Бірінші орынбасары қызметін Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед атқарады. Өз сөзінде Президент:

– Партия қуатты саяси күш болып қалуға тиіс. Барлық пікір, идеялар партиядан шығуы керек. «Нұр Отанның» өзінің талдау орталығы болуы қажет, – деді. 

Ал, жаңа қызметіне орналасқан М.Құл-Мұхаммед әдеттегідей Елбасының сенімін ақтайтынын жеткізі.

«ЕлАна»