Қазығұрттағы Наурыз мерекесінде Астананың 20 жылдығына тарту жасалды

Биыл оңтүстікқазақстандықтар Ұлыс ұлы күнін қасиетті Қазығұрт тауының баурайында атап өтті. Жиналған жұрт символикалық кеме тектес сахнадан көне тарих пен дәстүрден сыр шертетін театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Мерекелік концертке куә болды. Айтулы мейрамда көрісу, амандасу сынды жоралғылар жасалып, ұлттық ойын мен салт салтанат құрды.

Сондай-ақ, оңтүстік өнерпаздары Астананың 20 жылдығына тарту ретінде «Тәуелсіздік түндігі – Астана» атты сазды-хореографиялық композициясын орындады. Туындыда Ә.Әбдірайымұлының «Астана» әнін 20 әнші  орындап, бірнеше би ұжымдары өнер көрсетті. Жалпы бұл тарту композицияға 100-ге жуық адам қатысты.

Облыс басшысы Ж.Түймебаев өңір тұрғындары мен қонақтарына Наурыз мерекесіне орай тілек айтып, еліміздің бас қаласы Астананың да мерейтойымен құттықтады.

«Биыл 20 жылдығы тойланғалы отырған иісі қазақ жұртының мақтанышына айналған Арқа төсіндегі арайлы да ару қала Астананы салуымыз – еліміздің жасампаздығының айғағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен алдымызға асқақ мақсаттар қойып отырмыз. Әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, Мәңгілік елге айналу жолында сенімді қадамдар жасаудамыз.

Ұлыстың ұлы күнінде киелі Қазығұрт тауының басында өтіп жатқан осынау дүбірлі той ынтымағымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдей түссін», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Күллі түркі жұртына ортақ ұлық мереке қасиетті жерде мерекелік концертпен жалғасты. Жиналған жұртқа өнерпаздар көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі