Атаң қайда? Қарттар үйінде… (Видео)

Атаң қайда? Қарттар үйінде…

Әңгімемді есіктен кіргенге елеңдей қарап, кемсеңдеп құлақ түретін, өмірінің көктемі кетіп күзі келгенде қарттар үйінен пана тапқан қариялар жайлы өрбітпекпін. «Жетімін жылатпай, жесірін қаңғыртпаған» атам қазаққа жат, қарттар үйінің қабырғаңды қайыстырары анық. Ал, ондағы жасы егде тартып, жалғыздық жандарын жылатып, сағыныш сарсаңға салған аялы алақан иелерінің аяулы тағдыры кім-кімді де толғандырмай қоймас. Бір өкініштісі, мұндай қарттар үйі облысымыздың Аққайың ауданына қарасты Смирнов ауылында және Тайынша ауданының Тайынша қаласында да бар. Бүгінгі күні қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінде 345 адам тұрып жатса, Тай- ынша ауданында орналасқан қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі «Надежда» интернат-үйінде 118 адам тұрады. Солардың ішінде біздің Айыртау ауданының қарттары да бар (Смирнов интернат-үйінде 15 адам, Тайыншадағы «Надежда» интернат-үйінде 19 адам тәрбиеленуде). Ал, соның ішінде ұлты қазақ, ақ жаулықты әжелеріміз бен ақсақал аталарымыздың да бар екенін естігенде (оның ішінде біздің ауданнан ұлты қазақ 2 қарт адам бар (аты-жөнін жазбауды жөн көрдім)) найзағайдай намысың нала жамылып, басыңа қара бұлт үйіріледі. Алайда амал қанша? Ақиқат осы. Сол қарттар үйіндегі жанары жәудіреп, терезеге телміріп, жақынын күткен жалғызбасты қарттардың жан дүниесін қайтпексің. Безбүйрек ұлы мен тасжүрек қызының кесірінен тағдыры тәлкекке түскен кейуана қарттардың кейбірі: «Әкең де осы жерде өлер енді, Тәңірдің жазуына көнер енді. Уа, жалған сағындым ғой тым болмаса, Алып келіп иіскетші немеремді»,- деп ақындарымыз жырға қосқандай күй кешуде. Кінәлі кім?! Тар құрсағын кеңейтіп, мынау жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен асырап, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, бар қиыншылығын көтерген әкесін қартайған шағында тағдыр тәлкегіне тастаған басында айтқандай тасжүрек балалары ма? Жоқ әлде «жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады»,-деп Мөңке би айтқандай қазыналы қарт бола алмаған бар кінә өздерінде ме? Десе де ата-ананы құрметтеу жөнінде адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Аллаһтың разылығы — ата-ананың разылығында, Аллаһтың ашуы — ата-ананың ашуында жатыр»,-деп ескертеді. Ал, Құран Кәрімде: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал, егер ол екеуінің бірі немесе екеуіне де жандарына кәрілік жетсе «түһ» деме, (кейіс білдірме) сыпайы сөйле»,-дейді Исра сүресінің 23-аятында. Бұл әрине біздің пікір, сіз не дейсіз? Айлық аясында ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерлан Қазбековпен бірге қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Смирнов интернат-үйінде болғанымызда келгеніне 2 жылдан астам уақыт болған, 72-нің жотасына шыққан, 35 жылдан астам механизатор болып қызмет еткен жерлес қартымызды сөзге тартқан едім. Ащы өксік көмейін кернеген ақсақал өткені жайлы: «Әйелім о, дүниелік болған соң (балалары болмаған) амал- сыз тағдырдың жазуымен осындай күйге душар болдым. Бір атадан жалғыз ағам болды, ол да бұл дүниеден бақилыққа озды», — дейді ары қарайғы әңгімесін көзінен аққан ыстық жасы жалғап. Жанарын жайлаған жасы мен ащы өксікке тұншыққан қарияның әңгімесі осылайша аяқсыз қалды. Қояр сауалымыз көп болса да қарт жүрегін шымырлатып, ақсақалды қинамадық. Сол интернат-үйіндегі жерлес ақ жаулықты әжемізді іздестіргенімізде, ол кісі сол уақытта ем алып жатыр екен, сондықтан тілдесудің сәті түспеді. Әңгімемізді ары қарай қарттар үйі директорының орынбасары Күлшира Кәлімбетова жалғады: «Өмірдің бар қиыншылығын бастарынан өткізген қарттармен жұмыс істеу өте қиын. Қазіргі таңда мұнда бала-шағасы, туыс-туғандары бар қарттар да баршылық. Кейбіреулері араққа салынған соң жақындары теріс айналып, қарттар үйін пана тұтып жүр. Бір айта кететіні қарттар үйіне алғаш қабылдағанда, бұл кісілердің бала-шағасы, жақындары жоқ деп көрсетіледі. Ал, қарттар үйіне қабылданғанан кейін бала-шағасының, туысқандарының бар екені анықтала бастайды. Қарттар үйі қарияларға қамқорлық көрсеткенімен бәрібір өз үйлеріндей болмайды ғой. Сөз соңында айтарым көзі тірісінде аялап, әлпештеп өсірген ата-аналарымыздың қадіріне жетсек екен»,- дейді директордың орынбасары. Жоғарыдағы аталған интернат-үйлерінде қарамағындағы әрбір қарт адамға жақсы жағдайлар жасалған. Жылы орын, таза жатын бөлмелері, жуынатын орындары, ем алатын орындар заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы тұста мемлекетімізден қарттарды қолдауға байланысты барлық жағдайлардың жасалып жатқанын аңғарасың. Ерлан Қабдуұлы жерлестерімізді арнайы мерекелерімен құттықтап, аудан басшысының жылы тілек-лебіздерін жеткізе келе, әрқайсысына азық-түлік пакеттерін табыстады. Салтанатты құттықтаудан соң бөлім басшысы аталмыш мекемеге арнайы естелік сыйлығын сыйлады. Иә, туған ата-анаңнан бас тартпақ түгілі ауыр сөз айтудың өзі қаншалықты күнә екені «мен мұсылманмын» деген жанға аян. «Баланы жастан»,- дейді атам қазақ. Ендеше, болашақта қарттар үйінде қара көздердің саны артпасын десек өскелең ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие берейік, жүректеріне иман нұрын себейік. Әйтпесе сол қарттар үйінен сіз бен біздің табылмасымызға кім кепіл?! Ойланайық, ағайын…

Бағлан ҚОЖАҚОВ. Суретті түсірген автор.

Шабден Омаралиев