«Өз ұлтының тілін білмеуден ұялмаған, қысылмаған адам өзге оғаш әрекеттерден де онша ұялып кетпейтін болады»

Америка социологтары мынадай бір тәжірибе өткізіпті. Бір мезетте дүниеге келген неміс, орыс, ағылшын балаларын оңаша жатқызып қойып, алдымен неміс тілінде, «өмірге қош келдіңдер!» деп, айтқан екен. Ағылшын мен орыс баласы қыбырсыз жатыпты да, неміс сәби қозғалып, жағымды үн шығарыпты. Осы сөздерді ағылшын тілінде айтқанда, ағылшын сәби қимылдап, көңіл аударыпты. Орысша айтқанда орыс нәресте бұлқыныпты…

Атам қазақ бала алғаш былдырлап сөйлей бастағанда «тілі шығып келеді» дейді. «Тіл үйреніп» демейді. Нәресте құрсақта жатып атасы, анасы сөйлеген тілдің денін (көп бөлімін) бойына сіңіріп алады екен. Мұнда өте нәзік генетикалық жад мәселесі де бар. Екі-үш жасқа келіп, заттарды толықтай көріп, тілі икемге, сөйлеуге келген кезде әлгі бойындағы атаулар сөз болып бұрқырап шыға бастайды. Тіпті кей сөздердің атауын бірінші рет естісе де оның беретін ұғым, мәнін бұрыннан білетін секілді сезіліп, ары қарай тез ұғып алатыны анықталған. Міне, сол себепті де, «тілі шығып келе жатыр» деп айтамыз. Ар жағында бар нәрсе бері шығып жатыр ғой.

Енді мынаны қараңыз, жаңадан тілі шығып келе жатқан балаға жат тілде сөйлеп, жат тілді үйрете бастасаң, баланың бойындағы бұлқынып шығып келе жатқан ана тілі мен жат тілдің арасында аса күрделі күрес басталады. Баланың миы, ойы, тілі қойыртпаққа айналады.

«Тоқпағы келіссе киіз қазық жерге кіреді». Ата-ана, айналасы үстемдік алып берген тіл баланы жеңіп тынады. Ұшқыр қиял, зеректік, тапқырлық қасиеттері алғашқы тебінінен айырылып, мұқалып қалады. Сөз ырғағы, бұла тілі бұзылған соң ол баланың мінез-құлқы бұзыла бастайды. Бала күнінен екі тілді қатар оқыған адамнан ақын-жазушы, ғалымдардың көп шықпайтыны содан екен. Қайта ондай ұрпақ бойында өзінің байырғы бастауына өшпенділікпен қарайтын психология қалыптасады. Өз ұлтының тілін білмеуден ұялмаған, қысылмаған адам өзге оғаш әрекеттерден де онша ұялып кетпейтін болады дегенге саятын пікірлер де бар.

Ғалымдар генетикалық жады жоғарыдағыдай өзгеріске ұшыраған адам әуелгі табиғаты бұзылған зат секілді мінезінде өзгешелік болады деп тұжырымдайды. Ата-апаларымыздың, «ол орысша оқыған емес пе, мінезі жаман», дейтін сөздері қайда, міне тегін айтылған сөз емес ол. Сол секілді жастайынан қытайша оқыған балаларды «Қытайша оқыған мінезі шорт» деген сөзді де талай естігенбіз. Олар қарым-қатынастағы нәзік ирім-қайырымдарды меңгере алмай мойыны бұрылмайтын анау бір неге ұқсап жанына қажетті көп құндылықтың тұсынан өтіп кете береді екен.

Жапондар баласы он үш-он төрт жасқа келгенше өзге тілді үйретпек түгілі тыңдатпайтыны туралы көп естиміз. Олар өз тілі қан-сөлімен бойына сіңіп, болмысына айналғаннан кейін барып өзге тілді игеруге мүмкіндік туғызады. Олар енді қандай тіл үйренсе де тез игеріп әкетеді. Өйткені кез келген сөзді, ұғымды өз ана тіліндегі ұғымдармен салыстырып парқын тез ұғынады екен. Ал балалар бастауыш сыныпты бітіріп шыққанда өз ұлтының салт-дәстүрін толықтай дерлік меңгеріп шығады. Сөйткен жапон біреуден кем бе бүгін? Біреуі біздің жүзімізге татымай ма?! Ұлтшыл десең ұлтшыл, намысшыл десең намысшыл, білім-техника, кәсіп, мамандық жағынан әрине неше орайды. Ешқашан ұлтын сатпайды.

Қысқасы, ел боламыз деген есі дұрыс халық тілі енді шығып келе жатқан балаға үш тілді қатар үйретіп миын қойыртпақтамайды. Бұндай сорақылыққа жол берген ел әлемде жоқ. Бұл ұрпақты мәңгүрттендірудің төте жолы. Біз ана тілін білмейтін кей қазақтың баласын «тілі орысша шыққан» деп жатамыз. Қате сөз. Кез келген адамның тілі әуелі ана тілінде ғана шыға бастайды. Қалғанын үйренеді. Біздің айтып жүргендеріміз тілі шықпай қалған қазақтар. Оны «тілі шықпай қалып, сосын орысша үйреніп алған қазақтар» деп айтуымыз керек. Қазіргі биліктегілердің көбі сондай, тілі шықпай қалаған қазақтар. Тілі шықпай қалған адамды үйренген тіл билейді. Ал, тіл – тәуелсіздіктің негізгі шарты.

Ұларбек Нұрғалымұлының фейзбук парақшасынан