ЕҢ АБЗАЛ АМАЛ – ОТАНДЫ ҚОРҒАУ
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Отан – ұлағатты ұғым, қасиетті сөз. Халық нақылында: «Отан қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді», – деген даналық ой қалған.
Аллаға сансыз шүкір, Отанымыз бар. Жаратушы Иеміздің берген сыйын, Тәуелсіздіктің қадірін түсіне білуіміз қажет. Асыл дініміз Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау – салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс.
Тәлімі мол бір хадисінде пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көз ақыретте тозаққа күмейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз», – деген. Ізгі ғұламалар: «Отанды сүю – иманнан», – деп пайымды пікір айтқан.
Ардақты ақынымыз Мұқағали Мақатаев:
«…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген,
Іс тынбайды «жанамын, күйемменен…» деп жырлайды. Расында ізгі ниетті пенде сөзін амалмен көрсете білуі керек. Терең білім алып, жақсы қызметкер болу, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, үлгілі отбасын құру, адамға, елге зиян әкелетін Аллаға ұнамсыз әрекеттен сақтанып, имандылыққа ұйысу, міне, Отанға қосқан үлес осы болмақ.
Имандылық пен адамгершілікті ту етіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көршіні қадірлеу, өзгеге қамқор болу – әрбір пенденің елдің даму жолындағы қосқан игі пайдасы. «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес», – дейді халқымыз.
Бірде сахаба пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла, ең абзал амал не?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру…» деп жауап берген. Отанды қорғау – әрбір адамның асыл міндеті, перзенттік парызы.
Алла Тағала әскери саладағы бауырларымызға күш-қуат, Отан соғысына қатысқан ардагер ақсақалдарымызға, тылдақызмет еткен апа-әжелерімізге мықты денсаулық, жастарымызға қажымас қайрат нәсіп еткей!
Тәуелсіз еліміздің еңсесі биік, мәртебесі арта берсін! Дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!