«Апат айтып келмейді».  Сауда орталықтары «тілсіз жауға» сақадай сай ма?

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  Үкімет отырысында Ресейде болған жантүршігерлік өртке қатысты былай деді: – «Ресейдің Кемерово қаласында үлкен апат болып, қайғылы жағдай орын алғаны бәрімізге белгілі. Алапат өрттің салдарынан көз жұмғандардың көпшілігі кішкентай балалар. Біздің Елбасымыз ресми түрде Ресей басшысына көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз тиіс. Қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде өте жоғары деңгейде талқыланып жатыр. Блогерлер өздерінің инициативасы бойынша сауда орталықтарына барып, апаттық есіктердің жабық па, әлде ашық па екендігін тексеріп жүр. Сол себепті Ішкі істер министрлігінен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бірлесіп сауда орталықтарында тексеру өткізіп, тиісті шараларды қолға алуы қажет».

Бұл өте қайғылы оқиға! Басқа салмасын!

Ресейдің Кемерова облысындағы  «Зимняя вишня» сауда үйіндегі өртте қаза тапқан 13 баланың денесін туыстары таныпты. 25 кісінің мәйіті анықталған. Жалпы қаза тапқандардың саны 60 адамнан асыпты.  Бұл туралы РФ Денсаулық сақтау министрі Вероника Скворцова хабарлады.  Осы қайғылы жайттан кейін Кемерово облысында үшкүндік аза тұту жарияланды.

Кемеровадағы сауда үйіндегі  алапат өрт Астаналықтарды да әбігерге салғаны шындық.   Ойын – сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі өкілетті органдардың үнемі бақылауында деген ақпарат алдық.

Сауда орталықтарындағы қосымша қауіпсіздік шаралары мен адамдар көп жиналатын орындар туралы астана  әкімдігінде  жиналыс өтіп,  мәселенің жан жақты талқыланғанынан да хабардармыз.

Сонымен, Астанадағы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, есепте қауіптілік деңгейі жоғары нүктеге жататын 117  нысан бар екен, оның 83-і сауда үйі, 9 – ы сауда ойын-сауық орталығы, 25-і базар.

Бұл нысандар үнемі қатаң бақылауда көрінеді.  Мысалы 2017 жылы ерекше тәртіппен 46 тексеру жүргізілген. Тексеру барысында көшіру жолдарының жағдайы, жарық беруші  электр желілері мен қуат көздерінің жай-күйінің болуы, өртті байқайтын автоматты жүйенің түзету жағдайының болуы, ішкі және сыртқы өртке қарсы су жабдығы мен ең бірінші өрт сөндіру құралдарының сақадай сай тұруына баса мән берілген.

Мысалы  қаладағы 9 ойын сауық орталығының (ОСО) 6 — ы тексерістен өткен.  Тексеру нәтижесі  үш орталықтан 32 ереже бұзушылықты анықтапты. Әкімшілік жауапкершілікке 3 адам тартылып, айыппұл салынған.  2 ОСО-да аудит жүргізіліп,  1 нысанға  (Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалмақшы.

Биыл ерекше тәртіппен Астанадағы 50 сауда объектілеріне қатысты тексеру жүргізілетін көрінеді. Тексеру кезінде қауіпсіздік техникалары ережесінің сақталуы, өрт сөндіру жүйесі мен хабарландыру, эвакуация схемасы мен авариялық шығу жолдарына баса мән берілмек.

«Апат айтып келмейді» демекші,  не нәрсеге де сақадай сай тұрғанға не жетсін!  Тек бұл науқан бір – екі күнмен шектелмей үнемі бақлауда болса дегіміз келеді.

Нағашыбай Қабылбек