Ел анасы Айғаным

 Біздің  «ЕлАна» сайтымыз өздеріңізге берген үәдеміз бойынша, оқырманның назарына  осы кітапқа енген әрбір мақаланы кезек-кезегімен жүйелі түрде ұсынуды жөн санадық. Қазақ елінің тарихында өзінің есімдерін алтын әріппен жазып кеткен  әйелдер болды. 

pmioniu

Адам бойындағы асыл қасиеттің бәрі ананың ақ сүтінен жаралып, күннің нұр шапағынан нәр алып бүр жаратынын атам қазақ атамзаманда – ақ білген.Алаш баласының ананы айрықша ардақтап, есімін асқақ ұстайтыны да сонан болса керек. «Алып — анадан» деп, алыптың алыбы – халықты анаға теңейтіні де тегін емес. Шынында да ел бастаған көсем де, топты жарған шешен де, аузын айға білеген аөын да, семсерін кекке суырған батыр да, ой кенін қазған ғалып да, әлемді аузына қаратқан дарын да анадан туған ғой. Туған халқының атақ даңқын дәуірлетіп, дүйім дүниеге танытатында солар. Ал олардың ананың ақ сүтіне жүгінбей, ақылына жығылмай кеткені кемде —  кем. Демек, бұл дүниеде анадан асқан, анадан ардақ жан иесі жоқ.

Бар тірліктің бастау көзі, әрі ұйытқысы, әрі тұтқасы осы ана – қарлығаштай қанатымен су сеуіп, қашанда өз отбасының ғана емес, күллі отандастарының тыныштығын қорғайды. Ел басына қатер төнсе, ерлермен бірге атқа қонып өз халқының бейқұт өңірі, бейбіт өмірі үшін шыбындай жанын қиып, қасықтай қанын төгуге де әзір. Үй ішінің алағсыз тірлігін ғана емес, ылыстың ынтымақ бірлігін ойлап, жоғына ерінің орнын басып, елінің қамын жеген аналар адамзат тарихында аз ұшыраспайды. Солардың бірі де бірігейі Айғаным анамыз.

Ресей әкімшілігінің  ресми құжаттарында Уәлидің ханша Айғанымы әйгілі ханымның тегі хан тұқымынан емес, қара халықтан. Атығай елінде қарапайым қазақтың отбасында дүниеге келген.  Әкесі Сарғалдақ Құдайберді – Бәйімбет арасында бала оқытқан ұстаз молда. Атасы Мәлік  — қожа оқыған, көзі ашық кезіндегі білімді адам  болған.   Ол өзбілгенін балаларына үйретіп, сауатын ашып қана қоймай, олардың ілгері, ілгері жерден оқып, білімді де білікті адамзат болып шығуына көп көңіл бөлген. Сондықтан да ол Сарғалдағын сонау Қара Бұқарда оқытқан. Он екі пәнді түгел тәмәмдап, ауылға ғалым – ұстаз болып оралған баласы ел ішінде бірден зор абырой – беделге ие боп, кейін билікке де араласқан. Озық ойлы Сарғалдақ ұлдарының ғана емес, қыздарының да оқып, білім алуына айрықша мән берген. Соның арқасында Айғаным да жүйелі білім алып, жеті жұрттың тілін біліп өсті. Ол әкесінен араб, парсы,шағатай тілдерін үйреніп, Шығыс ойшылдарының шығармаларын көп  оқиды.

Осылай алаңсыз оқып, жауқазындай желкілдеп бой жетіп келе жатқан шағында ауылға Абылайдың тағына ие болған баласы, атақты Уәли хан келеді нөкерімен. Ханға еріп келген әнші – күйшілер мен саятшы – серілердің өнерін тамашалауға жиналған жұрттың ішінен өңі аршыған жұмыртқадай аппақ, сұңқар бойлы ботакөз бойжеткен ханның көзіне оттай басылады. Жасының біразға келіп қалғанына, бұрын даүш әйелі барына қарамастан, хан қызға құлап түседі де, әкесі Сарғалдаққа жүз салады. Қыздың құны қырық жеті деп, кім мал берсе, сол алатын заман. Оның үстіне хан қолқа сап тұрған соң қарашада қарсылық көрсетер хал бола ма: бірден келісім береді.т Бәрақ өткір, өжет Айғаным бұйрықтысына шартты өзі қояды. «Бурабай баурайында Уәлидің бір емес, үш әйелі, әлденеше баласы бар көрінеді.Оларға апарыпқонсы қондырмасын, мен десе мекенін осы жаққа ауыстырсын» дейді.  Хан келісіп, қатын – балаларын Көкше етегіндегі мекендеріне қалдырып, өзі Есілге жақын жердегі Сырымбет тауына кеп қоныс тебеді.

Уәлимен отасқан он алты – он жеті жылдың ішінде Айғаным оннан астам құрсақ көтеріп, Әбен, Мәмке, Шепе, Шыңғыс, Қанқожа, Әлжандай алты ұл мен Рақия, Нұрила атты екі қыз өсіреді. Төрт нәрестесі жастай дүние салады. Қанша балабасты болғанмен табанынан от шыққан уытты, ажарына ақылы сай алғыр Айғаным ханның өзін ғана билеп – төстеп қоймай, оның еліне де бірге басқарысады. Кең пейілі мен кемеңгерлігі, мейірбандығы мен меймандосытығы арқасында алыс – жақынға бірдей жағып, Орта тгі жақсыларының ғана емес, патша әкімшілігінің келім – кетім өкілдерін де баурап алады. Сонан болар, отыз жеті жыл хандық құрған Уәли жасы жетіп, 1819 жылы дүние салғанда Ресей патшалығы оның төрт ханымынан туған толып жатқан ұлдарының бірін емес,  Айғанымды өзін тақ иесі деп таниды. Ол кезде Айғанымның  өз кіндігінен тараған ұлдарының алды он төрт – ақ  жаста еді. Абылайдай аузы алты қарыс біреуі шығып, тағы да бой бермей кетеме деп қауіп ойлаған патша үкіметі тақтан үміткер Уәлидің бауырының баласы, әменгерлік салтымен ханымға үйленген Сартайды қудалап, жұрт жиылып хан көтерген, шын мәніндегі мұрагер, бәйбішеден туған тұңғышы Ғұбайдолланы да қырына алып, жер аударып жібереді. Отаршылардың ондағы ойы кілең көкжал сен тұр, мен атайын төрелерден илеуге оңай әйел затын қолайлы көруі еді.

Қазаөтың арғы – бергі тарихында билік айтқан әйел аз болмағанын, хан атанып, таққа отырғаны жоқ еді. Болса да олардың аты бертінгі ұрпаққа жетпей, ғасырлар қойнауында қалып қойған – ды. Сол себепті Айғанымды орыс патшалығы хан деп білгенімен, қазақтың өзі билеушіміз деп танығысы келмеді. Оның үстіне айбынды да айдынды Абылай ақыл – айламен басын біріктіріп, егеулі найзамен жат жұрттан қорғап, іргесін бекітіп кеткен хндық Уәлидің «сен тимесең, мен тиме» дегендей сыбыр саясатының салдарынан бұрынғы беделінен айырылып, ауа жайылып, азайып ыдырауға бет алған – ды. Осындай қиын – қыстау кезеңде билік қолына тиген Айғанымның соныдан соқпақ салып, елді бірден аузына қаратып ала қоюы оңай емес еді.

Қалай болғанда, отыз бесінде ханның мөрін қолына алып, он үш жыл ел билеген ол керемет көрегендік танытып, қазақ халқының болашағы орыс жұртымен тату көршілікте, достық қарым – қатынаста екенін тап басып, тани білді.  Ілгері елдердің көшіне ілесу ұшін өнер – білім, оқу керек екенін терең түсінді. Заманмен, қоғаммен өрелес болу үшін ескіше сауатты боп қана қоймай, орысша да оқу керек деп ұқты. Өзгеше өнеге көрсетіп, алдымен өз балаларын орысша оқытты. Әсіресе, төртінші ұлы – Шыңғысқа үлкен үміт артып, көзі қарақты ана одан қара шаңырақ, хан  ордасының болашақ иесін көргендей болды.

Ол 1830 жылы 16 наурызда Көкшетау округінде бастығынан Ресей үкіметіне адал берілген сұлтан Шыңғыс Уәлиевтің орысша оқып, жазумен, саясатпен шұғылданғысы келетінін, Ханшаның өтініші бойынша облыс бастығы оны Омбы учелищесіне қабылдауға келісім беріп, оқитын жеріне жетуіне ауызша рұқтан екенін айтып, Омбыға барар көлігіне дейін көмек көрсетті. Келесі жылғы бір хатында ол Омбының облыс бастығынан орысша оқып, білім алуы, пайдалы ғылымдарды үйренуі үшін балалары Шыңғыс пен Төрежанды сондағы училищеге қалдыруын өтініп, Омбының азиялықтар училищесіне тобыл татары, молда Уәлитше Оразымбетованың ұлы – Мұқаметқалиды да шәкірт етіп түсіруін сұрайды.

Осы өтініштерінің өзінен-ақ Айғанымның жастарға деген қалтқысыз қамқорлығы, ұлтқа, жікке, текке бөлмейтін, алалықсыз ақкөңілділігі мен мұндалап тұрған жоқ па? Мұқаметкали татардың баласы болса, Төрежан Уәлидің басқа әйелінен туған ұл, былайша айтқанда, күндестен туған томарбас. Бірақ Айғаным бөле-жармай, оқуға ынтасы бар жастардың бәрін бірдей көріп, қамқорлық аясына алады.

Асылы, ол қарақан бастың қамынан халықтың мүддесін жоғары қойған кісі. Қараңғы қазақ жұртының жарыққа ұмтылып, білім жолына түсуіне көп күш-жігер жұмсады. Сырымбетте қарапайым қазақ балалары үшін арнайы мектеп ашқызды. Мектептің тірегі де, тұтқасы да жан-жақты білімі бар мұғалім деп білген Айғаным әдейі сұратып оған Қызылжардан Құтмұханбет Иманқұлов деген ұстазды алдырды. «Бұл молда менің маңымда жүрген мерзім ішінде өз міндетін айрықша ынта-жігермен атқарып, қажыр-қайра танытты,-деп жазды: -Ол менің балаларыммен бірге төңіректегі қазақтардың 24 баласына тез-ақ хат танытып, тәп-тәуір сауатын ашты. Оның үстіне қаруымдағы жұрттың он бес баласын және оқытып шығарды. Өзім сияқты өзгелер де Иманқұловтың еңбегіне дән разы».

Омбыға барғанда биік мәртебелі үкімет алдында айрықша еңбегімен көзге түскен қазақ, қырғыз атқамінерлерінің награда алып жатқанына куә болған ханша Омбы облысының бастығы Де Сент-Лоранға: «Сіздің мәртебеңізге мына жәйді жеткізуді парыз санаймын: келесі кезектегі сый-сияпатыңыздан ынталы да ықтиятты қызмет атқарып жүрген Иманқұловты ұмыт қалдырмасаңыз екен»,-деп жазады. Бала болашағының ұстасы – ұстаз еңбегінің еш болмауын, елеусіз қалмауын Айғаным сонда-ақ ескерген. Ұстазын елемейтін елдің ертеңі жоқ, мектебін құнттамайтын халықтың болашағы бұлыңғыр. Ал ханша өзі ашқан мектебінің оқу бағдарламасын жасауға тікелей араласып, оның орындалуын ұдайы бақылап отырған. Соның арқасында ұлдары мен қыздарына сапалы білім, саналы тәрбие берген. Шығысының арғы-бергі ел тарихын, салт-дәстүрін терең білетін білімдар, Қанғожасының скрипка тартқанда теңдесі жоқ топ жарған күйші болуы да осыдан.

Айғанымның ең сүйікті немересі Шоқанның тәрбиесіне сіңірген еңбегі өз алдына бір төбе. Қазақ ойының жарық жұлдызы болашақ ұлы ғалым бес жасында хат танып, жеті жаста жеті жұрттың тілін білсе, ол тікелей әжесінің әсер-ықпалы. Сәби санасын өлең-жыр, аңыз әңгімелерімен, ертегілерімен суарып, кішкентайынан-ақ оны сөз қадірін түсініп, өнерді әспеттеуге үйретті.

Жаратылысынан жаңашыл Айғаным қазақтардың мал шаруашылығымен қатар жерсүмесін еміп, егіншілікпен айналысуына да қатты көңіл бөлген. Жермен жұмыс істеп, егіншілікпен шұғылданудың қыр халқы үшін пайдалы екенін баяндап, жоғарыжаққа талай өтініш түсіреді. «Егін салу үшін тұқымдық астық бөліп, жер өңдейтін құралдармен жабдықтауға жәрдем етсеңіз екен. Қазақтарды егіншілікке үйрететін үш қызметші татар жіберіп, ұн тартатын бір диірмен салғызып, берсе тіпті жақсы болар еді» деп жазады ол Омбы облысының бастығына.

Әрине, егіншілікпен түбегейлі айналысу үшін жұрт ең алдымен отырықшылыққа ауысып, бір орында тұрақтап тұруы керек. Бұл бағытта да алғашқы үлгіні Айғанымның өзі көрсетеді. Патша әкімшілігіне қолқа салып, Сырымбет тауының етегінен қыстау тұрғызып, тұрақты мекен-жай салуын сұрайды. Ол өтінішті Батыс Сібірдің генерал – губернаторы  П.М. Капцевич патшаның өзіне жеткізіп, бағалы бастаманың мәнін ашар мәлімхат жолдайды. «Уәли Ханның аталмыш жесірі Айғанымның тілегін назарыңызға сала отыры, және өз тарапымнан оның өтінішін орындау пайдасыз емес екенін айта кеткім келді. Мұндай шаруалар басқа да белгілі сұлтандар мен оның бағыныштыларын отырықшы өмірге көшуге ынталандырар үлгі-өнеге болар еді», — деп жазады ол.

І Александр патша Айғанымның тілегін қанағаттандырып, игі ниетінің жүзеге асуына жан-жақты көмек көрсету туралы жарлық шығарылады. Ханымның өзіне төрт жүз теңге зейнетақы  тағайындайды. Алайды патшаның жарлығына қарамастан құрылыс жұмысы табандатқан он жылға созылып, 1834 жылы ғана аяқталады. Қазір қалпына келтіріп, мұражайға айналған мекен-жайдың іргесі осылай қалаған-ды. Оның құрылысына ханымның өзі тікелей араласып, қонақжайдың ішкі қабырғаларын сылатпай, ақ қозының жүнінен басылған жұқа қатырма киізбен қаптаттырған.

Кезінде  сол үйде Айғаным қазақ пен орыстың сүт бетіне шығар қаймағы сынды небір сұңғыла зиялыларын қол қусырып қарсы алып, кең дастарқанның басында елдің саналуан көкейкесті күрделі мәселелерін шешкен ғой.

Өз заманының қоғамдық-саяси ахуалын жетік білген ханым ел өмірінің ең бір күрмеуі қиын мәселелерін шешуге іркілмей кірісіп, не нәрсенің болсын әділет тұрғысынан таразылауын қарастырды. Әділдігімен, алғырлығымен асқан абырой-беделге ие болған ол ел басқарушылардан әділеттің ақ жібін аттамаумен талап етті. Оның «Көкшетау дуанындағы қазақтардың сайланған аға сұлтандар мен мәжіліскерлер жарлық бойынша белгіленген мерзімнен артық отырып қалды. Тәжірибеде төбе көрсетіп қалып жүрген алымқорлықтың алдын алып, жолын кесу үшін және халықтың өз ерік үні ғана қаракет-қимыл жасауы үшін сайлауға, тіпті дуан мүшелері түгел, аға сұлтанның өзі араласпағаны абзал», — деп жазуы әсте де тегін емес.

Осыған қарағанда Айғаным патша өкіметі ойлағандай айтқанға көніп, айдағанға жүретін қой аузынан шөп алмас көп момақанның бірі болмағанға ұқсайды. Қажет жерінде тиісті талабын да қойып, қалтқысыз орындатып та отырған. Әсіресе, қазақ-орыстардың баса-көктеп қазақ жеріне қоныс салуына жол бермеуге тырысады. Ондай оқиға кездессе, табан аузында жоғарғы жаққа хабарлап, шұғыл шара қолдануды талап етеді. Мәселен, Есіл өзенінің төменгі ағысы бойындағы орманды өз бетімен кесіп, үй салып, қыстақ жасай бастаған қазақтарды қонысынан ығыстырып, малын өрісінен айыруға айналған қазақ-орыстардың қылығы естіп, бұндай бейбастықты дереу тыю жөнінде дабыл көтереді. Осыған орай облыс бастығы Сент-Лоран Қызылжар округінің бастығына былай деп жедел нұсқау береді: «Уәлидің ханымы мен өзге де ел ағалары һәм біраз билер маған өтініщ арызбен келді. Есіл өзенінің төменгі ағысынан жоғары жатқан Қалмақ-өткел алғабындағы баяғы заманнан бері қазақтарға тиесілі жерге екінші полктің қазақтары басып кіріп, жалпақ жатқан жайылымдық жерді жайлап, тұрғылықты халықты ығыстырып, жатқан көрінеді. Осынау өтінішке тізімді қоса тіркей отырып, сіздің биік мәртебелі құзырыңызға шекарадағы кардон бастықтары мен земство полициясының қазақтардың рұқсатынсыз олардың жайлау-жайылымы бар жерге ағаш кесуге, шөп шабуына жол бермеуін ұсынамын».Әрбір ескертпесінен осындай нәтиже шығарып, отырыуының өзі Айғанымның жоғары ұлықтар алдында айбын-беделі мол болғанын аңғартса керек. Сондықтан да патша өкіметі оның еңбегңн ерекше бағалап, барлық іс-қимылын қолдап отырды. Ол өз дәуірінің күрделі қоғамдық саяси мәселелерін шебер шешіп, қазақ жерінің тағдырын  талқылауға жаг-тәнімен араласып, оны ұстағанының қолында, тістегеннің ауызында кетірмеуге жанталасты. Қазақ қырының терістік өңірін геодизиялық жағынан зерттеуді ұйымдастырған орыс ғалымдарына қол ұшын беріп, қажет жерінде олардың жқмысына бақылау да жасады. Қазақстанның орталық және терістік өңірінің өзекті мәселелерін шешерде би-болыстардың бәрі де Айғанымның ақыл – кеңесіне жүгінді. Бұл оның еланасы болғанының белгісі. Ол 1822 жылғы патша өкіметінің «Сібір қазақтары туралы жарлығына» орай хандық таратылып, дуандар құрылып, аға сұлтандық билік енгізілуін де сол аналық кеңдікпен қарсы алып, басқарудың жаңа жүйесі  жетілуіне елеулі үлес қосты.

Жасы елуге таяғанда билікті аға сұлтан болған сүйікті ұлы Шыңғысқа тапсырып,елдің тілеуқоры болып, Айғаным тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысады. Балалары мен немерелері сауат ашып, оқып жаза білуі үшін  молда ұстап, мұғалім жалдағанмен, олардың бас ұстазы өзі болады. Ат ізін суытпай оның ордасына жиі келіп, қолынан дім тататынайыр көмей әншілер мен алтын саусақ күйшілердің, жезтаңдай термешілер мен құймақ қиссашылардың өнері, ел қамын толғаған көсемдер мен таңдайынан шаң шыққан шешендердің өнегесі жастар үшін үлкен бір мектеп болды.   Өрнекті сөздің өзі де айтулы шебері, реті келгенде ойын өнермен де кестелеп қоятын Айғаным сол өнерпаздардың көбімен қимасындай сыйласып, мұңдасындай сырласып, бауырына тартып, базынасын да айтатын. Сондай сағлақтармен риясыз адал адамгершілік қарым-қатынасы жайында ел аузында аңыз әңгімелер де аз емес.

…Уәли хан қайтыс болып, бес дуанға намаз айтылғанда арғынның атақты Байдалы шешені жаназаға келе алмады. Қысқа жіп күрмеуге келмей, «әне, міне келемін» деп жүргенде ханның қырқы да өтіп кетеді. «Қадірлес қария еді, ат ізін салмағаны несі, келіп көңіл айтпағаны несі?» деп ханның қаралы жесірі іштей өкпелеп жүреді. Күндердің күнінде Байдалы да келіп, орданың сыртында тұрып сапарынан хабар білдірді. Алайда, басы қаралы, жаны жаралы әрі өкпелі ханым шешенді қолтығынпн сүйеп аттан түсіріп алуға сыртқа шыға қоймайды. Сонда шешен атының басын кері бұрып тұра қап:

Ханы өліп,

Қайғырып жатқан Айғаным.

Қара жамылып,

Ай-күні батқан Айғаным,

Ханға сүйеніп,

Қоқай көрмеген Айғаным,

Қамқаға оранып,

Шоқай көрмеген Айғаным,

Мен бір сөз айтайын, тыңдашы – депті.

Қара жамылып жоқтау айтуға оңтайланған Айғаным  құлақ түріп тына қалыпты. Байдалы да тақпақтап төгіле жөнеледі:

Ер қартайды, мал тайды,

Екеуледі, ей ханым.

Қатын жалқау, ұл ынжық,

Төртеуледі, ей ханым,

Келін қатал кер болды,

Ағайы жат ел болды,

Алтаулады ей ханым,

Кәрілік пен кедейлік,

Егіз келді, ей ханым,

Мұның бәрін санасақ,

Сегіз болды, ей ханым.

Қаусаған жақ, иек бар,

Саудыраған сүйек бар.

Ауыл алыс жол болды,

Оннан асты, ей ханым.

Шығар жолды осыдан,

Өзің тапшы, ей ханым.

Құла бие құлындап,

Келе алмадым, ей ханым.

Келдім, енді кетемін,

Ықылассыз ордаға

Ене алмадым, ей ханым! –

деп атын тебініп жүре бергенде Айғаным жүгіре шығып шешенің шылбырына оранады. Құрметтеп аттан түсіріп алып, қолтықтап ақ ордаға енгізеді. Төрге жайғасқан соң Айғанымның жоқтау айтып, жылауға ыңғайланып, мықынын таяғынан байқаған шешен:

  • Айғаным, сен жоқтау айтқалы отырсығ, мен тоқтау айтқалы отырмын. Жоқтауды қоя тұрып, тоқтауды тыңдасаң, қалай болар екен? – дейді.

Айғаным аңырап қалады да, байдалы ағылып кетеді:

Қайрат деген қыран бар,

Қайғыға тізгін бермейтін.

Қайғы деген жылан бар,

Өзекті шағып өртейтін.

Үміт сенім, тілек бар,

Қуантып қуат алдырар.

Жылау деген азап бар,

Қуратып отқа жандырар.

Мен қайғыңды қозғағалы келгенім жоқ, қайратыңды қолдағалы келдім, Айғаным, — дейді.

Әдетте, мұндай қадірлі кісі келгенде ханым қара жамылып жоқтау айтып, ол тынғанда төрдегі сәлдесі қара қазандай молда сарнап, құранын күңіренте жөнеледі екен. Қаралы ханым одан сайын езіліп, егіліп, орнынан  қозғалмай қайғырып ұзақ отырып қалса керек. Бұл жолы мұның бірі де болмайды. Байдалының келуі қайғылы орданың қалыпты тіршілігін қайта оралтқандай әсер етеді. Сыйлы қонағын өзі күтетіндей дағдысымен Айғаным орнынан тұрып, шәй қойғызып, мал сойғызады. Жел қағып, жол соғып, шөлдеп келген шешенге сары шарадан сапырып, өз қолымен қымыз құйып береді. Ханымның қабағы ашылып, жүзі жадырай бастаған соң шешен де еркін жайғасып, шешіле, көсіле сөйлейді. Ауыл аймақтың амандығынан басталған әңгіме желісін кең тартып, құлашын еркін сермейді. Шешеннің нақылмен өрнектелген нақыл сөзі Айғанымға әр алуан ой салып, көңілі сергиін дейді. Көңіл кірін кетіргелі ханым да өз тарапынан өкпе-назын іркілмей айтады.

  • Ханмен сыйлас, халықпен сырлас қария едіңіз. Хан артында қара тұман қалды. Қалың

тұманда  малтыңып мен қалдым.  Қараңғыда көзсіз көбелектей қайда қарманарымды білмей, қапа боп қалғанда ат ізін салмағаныңызға өкпелеп те жүр едім. Мен сізді келер, келер де жыалар, жылатар да жұбатар, содан соң ханға бағыштап жақсы бір аят оқыр деп ойлағанмын. Бірақ мұның бірін де жасаған жоқсыз. Сонда да мен сергіп, бір көтеріліп қалдым. Мұның мәнісі не? – деп сұрапты шешеннен ханым.

  • Келген беттен білместігіңді бетіңе айттым. Ол жылатқаным емес пе? Қайғырып жатқан жеріңде тұрғызып, ас-суыңды өзіңе басқарттым, бұл жұбатқаным емес пе? Ал ханымның қайғысы жылаумен жеңілмейді, ханның күнәсі құранмен жуылмайды. Сондықтан жылатпай, құрандатпай келгенім рас. Мүмкін менің сөзім  сенің қайғыңды  тереңдетпей, қайратыңды кемелдеткен болар, -дейді,  «Оныңыз рас, рас», — деп басын изейді ханым. Бір жұма жатқан соң Байдалыға ат мінгізіп, құлынды бие жетектетіп, қамқа тон кигізіп, аттандырып салады Айғаным. (Шешендік сөздер, Алматы «Отау» баспасы, 1992)

Абылайдан қалған сол қамқа тон Байдалы шешеннің Жаңаарқа ауданындағы ұрпақтарында бертінге дейін сақталыпты. Зерделі ғалым, жазкшы Ақселеу Сейдімбектің  айтуына қарағанда, соны естіп Евней Букетов арнайы іздеп барып киіп көргенде тон еңгезердей Евағаның тобығына дейін түсіпті. Соған қарап-ақ тон иесінің қандай атан жілік, атпал азамат болғанын бағамдай беріңіз.

Қазақтан да ондай бойы да, ойы да алып даналар мен алыпты өмірге әкеп, халықты аузына қаратқан аналар да аз болмағаны ғой.  Сондай халықтың қайнаған ортасынан жарып шығып, әйел затынан алғаш түңғыш ханы атанған Айғаным анамыз да өткен өмірден. Ол қайтыс болғанда: «1852 жылы қазан айының 19 күні мұсылманша бейсенбіде намаздігер кезінде қазақтың орта жүзінің ханы марқұм Уәлидің жесірі Айғаным Сарғалдаққызы жетпіс жаста дүние салды.20-сы күні жұмада жерленді. Оның тоғыз ұлы бар еді: екеуі жас кезінде, екеуі жиырмалар шамасында қайтыс болған» деп арнаулы хабар берілді.

Айғаным С. Мұқановтың «Аққан жұлдызында» Шоқанның анасы Зейнеп келін боп босаға аттаған күні үзілді деп жазылады. Ал нақты деректер оның Зейнеп пен Шыңғыстың тұңғышы – болашақ ғалым Шоқанды бауырына басып, кішкентайын халық даналығымен сусындатып, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт болғанын көзімен көріп, дүниеден озғанын дәлелдейді. Біздер қызқпыз ғой, Шоқанның өзін тәп-тәуір зерттегенмен оның төңірегін тасада қалдырып кете барамыз. Әйтпесе Айғанымның саналы өмір, сан салалы қызметі, соқтықпалы соқпасыз ортасы өз алдына бір тарих, таусылмас сырлы шежіре емес пе?! Жақында Көкшетаудың Зеренді аудандық газетінен асық досым, бір кездегі белді партия, кеңес қызметкері Олжабай Нұрғалиевтің ол жайында жазғанын оқып қуанып қалдым. Біраз мағлұмат жинап, ханшаның суретін де тауып алыпты. Сол суретті көргенде «Аққан жұлдыздағы» патша мұрагерін қарсы алған кездегі сән-салтанат еске түсіп, Айғанымның әсем бейнесі көз алдыма келіп тұра қалды. «Оның жарқ еткен шырайлы кескіні бұлт арасынан шыға келген күн сияқтанып, жалт еткен көзі ашық аспандағы жалтыраған шолпандай боп көрінді, — деп суреттемеуші еді Сәбең. – Басында алтыннан әшекейлеп жасаған, өн бойы түрлі-түсті қымбат тастармен безендірілген, маңдайына сиырдың тобығындай үлкен жақұт орнатқан тәж, одан бетіне түсірген жұқа селдір ақ жібек шадыра, үстінде – орысша парча, қазақша үштоп аталатын қызғылт түсті мауыты оның өрнектері алтыннан мәнерлі шым жібектен тігілген көйлегі жерге сүйретілген қос етек; аяғындағы оюлы, кестелі биік өкше етегі тек қадам басқанда ғана көзге түседі: тоқпақтай жуан бұрымдары екіге өрілген де, ұшына жалпақтығы алақандай алтын шолпы тағылған, саусақтары мен білектері де қымбат жүзіктер мен сақиналарға толы». Неткен нәзік талғам, ғажайып нақыш десеңші! Сұлулығына сыр мен сымбаты сай келген ажарына ақылы сай осындай аналары болған қазақ халқы ешқашан өркениетті елдер көшінен қалмаса керек.

Асылы, Айғаным – көзі тірісінде елдің анасы, жердің панасы бола білген ірі тұлға.

Сарбас Ақтаев,

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,

құрметті профессор