Ананас гүлін үй жағдайында қалай өсіруге болады?

Көктем келісімен көптеген қыз-келіншектер бөлме гүлінің күтіміне назар аудара бастайды. Кейбіреуі жаңадан гүл сатып алса, енді бірі ерекше тұқымды гүл іздеумен уақытын өткізеді. Бүгін біз отбасы бетіне жеміс ретінде ғана қолданылып келген гүл түрінназарларыңызға ұсынбақпыз.

Ананас (Ananas) – бізге жеміс ретінде ғана таныс. Ал, көптеген елдерде ананас ерекше жапырақты бөлме гүлі санатында өсіріледі. Үй жағдайында 0,8-1м биіктікке жетіп, күлгін қызыл гүл жарады. Жапырағының ұзындығының өзі 70см-ге жетеді. Ананас жай жапырақты, ақ ала және қызыл ала жапырақты болып 3-ке бөлінеді. Үй жағдайында ананастың «Variegatus» деп аталатын ала жапырақты жиегі ара тісті түрі көп өсіріледі. Жапырағының астының түсі түріне байланысты күлгін, қызыл, сары болады. Ананастың жемісін жеп болған соң жапырақпен жалғасқан түбірін тастамай торф, құм араласқан жеңіл топыраққа отырғызып, бетіне полиэтилен жауып, күнделікті су бүркіп күтім көрсетсе бір айдың ішінде тамырланады. Осылайша тамақ ретінде жеген ананасты ары қарай гүл ретінде өсіруге болады. Үй жағдайында өскен ананастың жемісі жеуге жарамсыз. Себебі, өсімдік гүлдеп жеміс беруі үшін топырағына түрлі химиялық заттар салынады және үй жағдайында өскен ананастың жемісі дәмді болмайды. Бәрі де тек сән үшін екенін ұмытпаңыз.