Астанада «world scholar`s cup» пәнаралық ағылшын тілі олимпиадасы өтті
«Білім Орда» халықаралық қоғамдық қорына қарасты “Spectrum” халықаралық мектеп мекемесінде “WORLD SCHOLAR’S CUP” («Әлем білгірлері кубогы») атты жасөспірімдер арасындағы пәнаралық білім сайысының Астана раунды (Astana Round) өтті.
30-31 наурыз аралығында өткен жарысқа қазақстандық оқушыларымен қатар көршілес қырғыз елінен келген оқушылар қатысып, дебат, эссе жазу, тестілеу және викториналық сұрақтарға жауап беру сияқты жарыс түрлерінен бақ сынады. Білгірлер кубогына ие болу үшін, жалпы саны 500-ден астам мектеп оқушысы қатысты.
2007 жылы Гарвард және Стэнфорд университеттерінің түлегі Дэниел Бердичевскийдің бастамасымен құрылған «Әлем білгірлері кубогының»негізгі мақсаты— мектеп оқушыларының халықаралық қауымдастығын құру, оқуға қызығушылық танытқан және бүгінгі өзекті мәселелерді талқылауға дайын кез-келген оқушыға қолдау көрсету.
Жасөспірімдердің өз қабілеттерін түсінуіне жол ашуды, бойындағы дарынын іс жүзінде қолдану арқылы білім мазмұнын жаңартуды, жалпы білім деңгейін, ой-өрісін және зияткерлік деңгейін арттыруды мақсат ететін бұл жарыс — “Spectrum” халықаралық мектебінің бастамасымен дәстүрлі түрде биыл 4-рет ұйымдастырылып отыр.
Ғалымжан Ещанов, “Spectrum” халықаралық мектебінің халықаралық бағдарламалар жөніндегі директор орынбасары:
—Биылғы жарыстың ерекшелігіқатысушы санында. Олимпиадаға 600-ге жуық оқушы қатысып, рекордтық көрсеткіш көрсетіп отырмыз. Астана раунд әлемнің 55 мемлекетінде болатын “WORLD SCHOLAR’S CUP” ішінде қатысу жағынан үшінші орында. Жарысқа еліміздің барлық облысынан, Қырғызстан елінен оқушылар қатысты.“Spectrum”xалықаралық мектеп болғандықтан, көбінесе іс-шаралар xалықаралық деңгейде әрі таза ағылшын тілінде өткізіледі. Бұл — ағылшын тілін дамытамын деген кез-келген оқушыға таптырмас мүмкін. Өйткені қатысушылар жазумен қатар, сөйлеу мәнерін дамыта алады. Өткен жылы АҚШ-та Yale университетінде болған финалда 1 оқушымыз 2 — орынды, енді бірі 3 — орынды иеленді.
Нұрлан Жолдасбаев, Жаңаөзен «Білім-инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы:
-Мен «WORLD SCHOLAR’S CUP» олимпиадасына биыл төртінші рет қатысып отырмын. Олимпиаданың форматы маған қатты ұнайды. 7 — сыныпта оқып жүргенімде, Прагаға жолдама алдым. Жыл сайын олимпиада тапсырмалары күрделене түсуде. Жарыс барысында кездесетін қиындықтың бірі — жаһандық проблемаларды шешу үшін бар біліміңді пайдаланып, талдау жүргізу. Мақсатым — Астана раунд кезеңінде жеңімпаз атанып, кубокқа ие болу.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, жарыс бұнымен тоқтап қалмайды, әрі қарай жеңімпаздар жартылай финал және финал кезеңдеріне қатысады. Финал Америка Құрама Штаттарында, жартылай финал 3 мемлекетте өтеді.
Айгерім Сағынқызы,
«PR4U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің журналисі