«Жас отан» жастарға жаңа серпін бере алды ма?

Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV Съезі болып өтті. Бұл іс – шараға 1500 – ға жуық дарынды жас қатысты. Съезд екі күнге жалғасты. Аға партияның ізбасары саналатын партияның алға қойған мақсаты да айқын көрініс берді. Съезд барысында «Жас Отан» жастар қанатының жарғылық құжаттары реттелді, «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы талқыланды.

Сонымен екі күн бойы барлық республикадан келген жастар озық идея мен тың бастамалар туралы пікір алмасып,  арнайы құжат қабылданды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жастарды ұлттық мүддеге қызмет етіп, кез келген ізгі істің басы-қасында жас отандықтар болуы тиіс екенін жеткізді. Президент елім деп өрге, жерім деп көкжиекке қарайтын «жасотандықтарға» үлкен үміт артатынын жеткізді. Қайраттары қажымаған, жігерлері жасымаған, мұраттары мұқалмаған жастар да өз ойларын ортаға салды. Айтпақшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жалындаған жастарға арнайы құттықтау хатын жолдады. Оны съезд делегаттарына Мемлекеттік хатшы оқып берді. Президент  құттықтау хатында: «Жас Отан» — елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын мыңдаған білімді де, белсенді жастардың бастарын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым. Жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөлдік, басымдық бердік,  әлемнің озық мамандарымен иық тіресе алатындай деңгейге жетулеріне мұмкіндік жасадық. Сендер ата-бабаларымызға арман болған, біздің буынымыз қалаған Тәуелсіздікті баянды етіп, біздің жеңісті жолымызбен жасампаз дәстүрімізді лайық жалғастыруға тиістісіңдер. «Жаңа әлемге жол саламыз» деген съездің атауы да жастарымыздың жаңашылдыққа деген ұмтылысын аңғартып, көңілге қуаныш ұялатады. Мен сендердің тың бастамаларыңды әрқашан қолдаймын. Ендеше жаңа әлемге салған жолдарыңыз әрдайым ашық әрі даңғыл болсын!» депті президент. Хош делік.

Жыл басында ұйымның Орталық кеңес мүшелігіне үміткерлерді таңдау үшін өткізген сайлауының нәтижесі жарияланып, жеңіске жеткен 16 үміткер кеңес мүшелігіне 4 жылға сайланды.

Алайда «Жас Отан»-ның кейбір мүшелері Орталық кеңеске «Ninety one» тобынан Дулат Мұxаметқалиевтің сайлануына қарсылық білдірді. Себебі сахнаға әлеміштеніп боянып, құлаққа сырға тағып шығатын топтың ұлттық болмыстан алыс жатқаны ел арасында талай мәрте сөз болған. Тіпті олардың бұл қадамы руханиятқа жасалған қастандыққа да баланған еді. «Руxани жаңғыру» сессиясында Ақтөбеден келген бір делегат «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа осы тұрғыда сауал да қойды.

«Мені толғандырып жүрген бір мәселе бар. Бүгін «Жас Отанның» сьезі өтіп жатыр. Бәрі керемет, бәрі жақсы. Бірақ Орталық кеңестің мүшелігіне сайлау өтті. Сонда «Ninety one» тобында жүрген Дулат есімді азамат сайланды. Руxани жаңғыру деп айтып жатырмыз ғой. Әркім әрқалай түсінеді. Бірақ мен өзім руxани жаңғыруды былай түсінемін, әр қазақ өзінің қазақ екенін түсінуі керек. Елбасы да айтып жатыр ғой, ұлттық кодымызды сақтау қажет деп. Ал, енді, Дулаттың «Жас Отанға» сайлануы руxани жаңғыруға жасалған қиянат емес пе?», — деді ол.

Мәулен Әшімбаевтың жауабы былай өрілді.  «Жас Отанның» Орталық кеңесіне сайлау кезінде дәстүрлі жолмен бірге әлеуметтік желілер де қолданылды. Жастар интернет арқылы өздері дауыс берді. Жастарға кім ұнайды? Кеңесте кімді көргісі келеді? Оны да ескеріп, Орталық кеңеске жаңа жолмен сайлау өткіздік. Сөйтіп, екі жолмен кеңестің құрамын жасақтап отырмыз. Дулатты жастар өздері ұсынды, өздері дауыс берді. Соның нәтижесінде кеңеске кіріп отыр. Біз ана азаматтарды кіргіземіз, мына азаматтарды кіргізбейміз деп, өзімізше саясат жүргізген жоқпыз. Жастар кімді қалайды? Кімге көп дауыс береді? Кімге демократиялық жолмен дауыс береді? Соларды да кіргізуге тырыстық. Жастар өздері бүкіл Қазақстан бойынша интернет пен әлеуметтік желілер арқылы сайлау өткізіп, Дулатты сайлап алды. Бәрі — Қазақстан жастары. Жан-жақты болу керек. Дулатпен сөйлесіңдер. Ақылдасыңдар. Ол да қазақтың баласы ғой. Қазақшасы жақсы, тамаша сөйлейді. Бөлек жүре бермей, ашық сөйлесіңдер. Сөйтіп, бір мәмілеге келіңдер», — деді М.Әшімбаев.

Сөзінің соңында Партия Төрағасының бірінші орынбасары «руxани жаңғырудың негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды дәріптеу» деген қағидамен толығымен келісетінін  жеткізді.

Әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой, іздеген адамыңды оп – оңай тауып ала аласың. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сүйікті әншілері мен әлеуметтік желіде кімді тұрақты оқитынын мәлімдепті. Министр «Ninety One» тобының өнеріне қарсы болмаса да, әндерін тыңдамайтынын айтыпты.

«Мен көбінесе классикалық жанрды тыңдаймын. Бірақ «Ninety One» тобы халықтың, жастардың көңілінен шығып, жоғары дәрежеге жетіп жатса, әрине бұл өте қуанышты жағдай. Негізінен бізде өнердің барлық саласы болуы керек. Сондықтан «Ninety One» тобының халық алдында өнер көрсетіп жүргендеріне қуаныштымын», — деді министр «Жас Отан» жастар қанатының IV съезінде.  Мұхамедиұлы «Ninety One» солистерінің сырға тағып, шашын түрлі түске бояйтынын құптамайды екен. «Шынын айтқанда, мен дәстүрлі көзқарастағы азаматпын. Оны онша құптамаймын. Менің екі ұлым бар, екеуі де спортпен айналысады, кітап оқиды, білімге құштар. Бірақ әркімнің қалауы, еркі өзінде. Оны шектеуге ешкімнің құқығы жоқ. Бірақ ұлдарымның сырға тағуына қарсы боламын», — депті министр.

Съездің екінші күні қоғамның дамуына, ғылым, білім, тарих пен мәдениет салаларында жетістікке жеткен жас қазақстандықтардың қатысуымен өтетін «Жаңа әлемге жол саламын» Гала-форумына ұласты.

Жалпы,  «Жаңа әлемге жол саламыз» гала-форумында съездің қорытынды құжаты таныстырылды. Онда жастардың компьютерлік сауаттылығын арттыру мақсатында оқушыларға арналған тегін бағдарламалық курстар ашу, 10 әлемдік бестселлер мен бизнес туралы 100 мақаланы қазақ тіліне аудару, жастардың кәсіпкерлігіне қолдау көрсету үшін бизнес-менторлар клубын ашу, жас Қазақстанның ар-намыс кодексін әзірлеу сияқты игі бастамалар бар. Бұл съезден байқағанымыз, бүгінгі жастар кешегінің көзімен емес, барлығына бүгінгінің биігінен қарайды екен. Бұл қуанарлық жайт!

 

 

Нағашыбай Қабылбек