Бабадан қалған базарым

Қазақтың көне ұлт аспаптарын қайта жаңғыртып жүрген өнер жанашырларының бірі – әлемге әйгілі «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Ержан Жәменкеев. Ол көшпенді дәуірде қолданыста болып, кейін ұмытылған музыкалық аспаптардың отызға жуық түрін жарыққа шығарып, оны әлемдік деңгейде насихаттауда. Жақында Павлодар қаласына арнайы келіп, жас домбырашыларға шеберлік сабағын өткізген танымал күйшімен сұхбаттасқан едік.

— Қазақ мәдениеті мен өнерін шетте көрсетіп жүрген өнер ұжымдарының қатарында «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі бар. Өнер тобы қашан құрылып еді?

— «ХасСақ» ансамблі 2013 жылы қазақтың көне ұлттық аспаптарын насихаттау мақсатында құрылған. «Ансамбльдің атауын неге «Хассақ» деп қойды?» дерсіздер. Жалпы, ғалымдарымыз мұны қазақ сөзінің этимологиясы деген болжам жасайды. Яғни, «қазақ» сөзінің түп төркіні осы «хассақ» деген атаудан шыққан екен. Бұл — «нағыз сақ» немес «хас шебер», «хас батыр» деген мағыналарға сай келеді. Жалпы, ниетіміз қайда барсақ та қазақ халқының ұлттық болмысын көрсету, мәдени байлығын паш ету. Ансамбль мүшелерінің бәрі кәсіби музыканттар, бірнеше аспапты еркін меңгерген мульти-инструменталистер, дәстүрлі әншілер. Топта эстрадалық бағыттағы бір де бір аспап жоқ. Репертуарымызда жиырмадан астам шығарма бар. Жақында алғашқы үнтаспамызды жарыққа шығардық, қазір екіншісін әзірлеудеміз.

— Сіздер нақты қандай көне аспаптарды жарыққа шығардыңыздар?

Көпшілік ұлттық аспаптарымыздың ішінде домбыра, жетіген, сырнай, қобыз сынды бірнеше түрін ғана біледі. Бірақ, мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Мысалы «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі белгілі өнертанушы Болат Сарыбаевтың зерттеулеріне сүйене отырып, отызға жуық ұлттық аспапты жарыққа шығардық. Соның бірі – керней аспабы. Бұған дейін бұл аспап еліміздің бір де бір өңірінде болмаған. Алғаш болып сахнаға біз алып шықтық. Содан кейін мүйіз сырнайды қостық. Бұл – халқымыздың жауынгерлік қасиетін көрсететін үрлемелі аспап. Бұдан бөлек Азамат Бақия есімді шебердің қайта өңдеумен жарыққа шыққан саз сырнайдың алты түрін меңгердік. Бұған дейін біз бұл аспаптың бір-екі түрін ғана білетін едік. Бұлардың бас саз сырнай, шыңырау, үскірік, тастауық сынды жеке-жеке атаулары бар. Бұдан басқа төрт ішекті барбыт аспабын шығардық. Мұны бұрын Алтай қазақтары, әсіресе Қытайда тұратын қандастарымыз жақсы меңгерген екен. Өкінішке қарай, соңғы кезде қолданыстан шығып қалыпты. Барбыт теріс бұраулы күйлерді орындауға өте қолайлы. Сонымен қатар, ансамбльдік жүйеде орындалатын шығармалардың өзіне тән мінезін ашуға, оны шарықтатып әкетуге үлкен септігін тигізеді. Мұны ұйғырлар мен ирандықтар «барбат» деген атаумен қолданады. Соған қарағанда бүкіл түркі халықтарына ортақ дүние екені анық. Сонымен қатар, біздің өнерпаздар сыбызғының жетілген түрлері мен нарқобызды да жақсы меңгерген. Соңғысы қылқобыздың үлкен түрі. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін кейбір әріптестеріміз ортеке биі мен аспабын жарыққа шығарған болатын. Мысалы, күй ойнаған кезде алдында теке билеп тұрады. Біз мұны одан ары дамытып, аюдың, бұғының, арқардың, маралдың мүсінін жасатып, олардың дыбысын енгізіп жатқан жайымыз бар. Яғни, ансамбль құрамындағы бес адамның алдында бес түрлі жануар билеп, дыбыстап тұрады. Жоғарыда атап өткен Болат ағамыздың сызбалары бойынша, жетігеннің құрылымын өзгертіп, мүмкіндігін одан ары кеңейтудеміз. Мысалы, бұрынғы нұсқасында жеті ішек қана болса, соңғысына 25 ішекке дейін тартуға болады. Онымен классикалық немесе джаз бағытындағы кең ауқымды шығармаларды ойнауға болады.

— Сонда жетігеннің көне үлгісі өзгеріп кетпей ме? Аты айтып тұрғандай мұнда жеті ішек қана болмай ма?

— Жалпы, жетіген тектес аспап хакас, кәріс, қытай елдерінде де жақсы дамыған ғой. Бірақ, әр елде құрылымы әртүрлі болып келеді. Сондықтан, оның бұрынғы көне үлгісін жоғалтпай, сол елдердің аспап жасау әдіс-тәсілдеріне қарай отырып өзгертудеміз. Мысалы, бір жағы жеті ішекті болса, екінші жағы көп ішекті болады деген сөз. Қазір жаңа нұсқаның жоба-жоспары әзірленуде, жақында қолданысқа енгіземіз. Мұны қазақ ұлт аспаптары саласына енген тағы бір үлкен жаңалық деуімізге болады.

— Менің ойымша мұндай ерекше дүниелерге ересек адамды айтпағанда балалардың өзі қызыға қарайтын шығар…

— Біздің алға қойған мақсатымз да осы ғой. Яғни, балабақша тәрбиеленушілерінен бастап, жоғарғы оқу орын студенттеріне ұлт аспаптарын таныстыру, маңызын түсіндіру. Сахнада елік лағымен бірге билеп тұрса, оған кім қызықпайды? Біз ұлттық аспаптан бөлек ұлттық киімдерімізді де жоғары деңгейде насихаттаудамыз. Қандай концертке барсақ та сахнаға күнделікті киіммен шықпаймыз. Ансамбль құрамындағы қыздар мен жігіттердің барлығында заманауи бағытта өздеріне лайықталып тігілген ұлттық киімдері бар. Жалпы, жас жеткіншектерге ұлттық өнерімізді үйрету үшін қазіргі заманға сай түрлі әдіс-тәсілдерді қолданған дұрыс. Себебі, қазіргі балалардың ой-өрісі жоғары, қарапайым дүниелерге қарай бермейді. Сондықтан, оларды сендіре алатындай дүние жасау керек. Ұлттық аспаптарды теориялық тұрғыда түсіндіру аздық етеді, іс жүзінде көрсеткен дұрыс.

— Өзіңіз қай өңірдің дәстүрлі күй мектебі бойынша білім алған едіңіз?

— Біз оқытушы болғандықтан барлық өңірдің орындау ережесін білуіміз керек. Өйткені, оқу процесі кезінде «Мен мұны білмеймін» деп отырмаймыз ғой. Дегенмен, әр өңірдің өзінің төл орындаушысы болады. Мысалы, мен үшін Жетісу мектебінің шертпе дәстүрі мен шығармалары жаныма жақын. Бірақ, басқаларымен салыстырғанда осы Жетісу және Алтай өңірлерінің күйлерін насихаттау жағы кемшін. Ал, Батыс, Арқа, Сыр өңірінің күйлерін жұрт жақсы біледі. Яғни, насихаттау жағы жоғары деген сөз.

— Ертіс-Баян өңірі күйшілерінен кімнің өнерін жоғары бағалайсыз?

— Елімізге белгілі күйші, Арқа дәстүрлі күй мектебінің белді өкілі Рүстембек Омаровты атауға болады. Ол бұрын Құрманғазы оркестрі домбырашылар тобының бас концертмейстері болған. Ал, қазіргі күні сол ағалардың ізін жалғар жас домбырашылар шығып келеді. Солардың бірі – Ерасыл Әділбектің күй тарту шеберлігін жоғары бағалаймын. Жалпы, павлодарлық домбырашылар соңғы кезде жақсы нәтижемен көзге түсуде. Жақында жас өнерпаздарыңыз еліміздің батысы яғни, Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылған байқауда орындаушылық шеберліктерімен көзге түсіп, жүлдегер атанды.  Маңғыстау мектебін меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

— Қазір эстрада жанрында бір топ құрылса, аз уақыт ішінде көпке танылып, үлкен сұранысқа ие болады. Ал, «ХасСақ» ансамбліне деген сұраныс қалай?

— Бес жылдың ішінде бірқатар шет мемлекеттерге іссапармен барып, өнер көрсеттік. Қай елге барсақ та ерекше ықылас білдіреді. Әсіресе, қолымыздағы аспаптар мен киген ұлттық киімдерімізге қатты қызығады. Егер сұраныс болмаса бармас едік. Яғни, бұл – халқымыздың ұлттық музыкасы арқылы қазақты әлем танып жатыр деген сөз. Ал, өз елімізде де концерттерге шақырту жиі түседі. Жалпы, мен «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблін  эстрадалық бағыттағы басқа топтармен немесе ансамбльдермен салыстыра алмаймын. Әрбір шығармашылық ұжымның өз аудиториясы, өз тыңдарманы бар. Бізді қазақтың ұлттық құндылығын жанымен сезіне білетін, жыр-термесі мен күйін түсінетін адам ғана тыңдайды. Біз орындап, көрсетіп жүрген өнерді кез-келген жан түсіне бермейді. «Күй – түсінгенге жыр, түсінбегенге дыр» дейді ғой. Басты мәселе тыңдарманның көптігінде емес, оның сапасында деп ойлаймын.

— Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс білдіремін, ұлттық өнер өрлей берсін!

Әңгімелескен – Тілеуберді САХАБА