Атырауда жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада өтті

Атырауда жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен 20-республикалық олимпиадаға 800 оқушы қатысты.

Командалық есепте 1-орынды бірден 4 облыс: Атырау, Павлодар облыстарының, Астана қаласы мен Назарбаев зияткерлік мектебінің командалары өзара бөлісті, деп xабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Олимпиада қорытындысы бойынша 67 оқушы 1 дәрежелі алтын, 104 оқушы 2 дәрежелі күміс және 177 оқушы 3 дәрежелі қола медальдармен марапатталды.

Жалпы сайыс қорытындысы бойынша «Ең үздік олимпиада командасы-2018» номинациясы бойынша 1-орын Атырау, Павлодар, Астана, Назарбаев зияткерлік мектептерінің командаларына, 2-орын Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау командаларына, 3-орын Қызылорда, Батыс Қазақстан командаларына бұйырды. Сонымен қатар, «Олимпиаданың ең жас қатысушысы», «Ең үздік ауыл оқушысы», «Ең үздік ауыл мұғалімі» және «Ең үздік олимпиадалық мектеп» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталды.

Олимпиаданың жабылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы қатысып, жүлделі орындарды табыстады.

-Елбасымыз жастарға үлкен сенім артады, әлемдегі жаһандану процесінде болып жатқан келеңсіз жағдайларға төтеп беретіндей білімді, тәрбиелі, ішкі рухы биік азаматтарды тәрбиелеу жөнінде іс-шараларды жүзеге асыруды орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне тапсырып отырады. Елімізді алға қарай дамытатын сіздер,осы бағыттан таймаңыздар. Жолдарыңыз ақ болып, өздеріңіз қойған межеге жетулеріңізге, сіздерге сенім артқан азаматтардың үміттерінің ақталуына тілектеспін,-деді облыс басшысы.

Айта кетейік, олимпиадаға еліміздің 14 облысынан, Астана, Алматы қалаларынан, республикалық білім беру ұйымдарынан және Назарбаев зияткерлік мектебінен 19 команда қатысты. Атырау облысы бойынша 53 оқушы қатысып, 21-і жүлделі орындар алды.

Олимпиададан тыс уақытта оқушылар қаладағы білім ордаларымен, мәдени-тарихи орындармен танысып, психологиялық тренингтер мен спорттық шараларға қатысты.

                                                                Атырау облыстық Өңірлік

                                                                   коммуникациялар қызметі.