ҚР білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев ТарМПИ-да болды
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына арнайы іс-сапармен келді. Сапар аясында Тахир Оспанұлы оқу орнының материалдық-техникалық базасымен, ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты.
Министр алдымен «Жерұйық» этнографиялық орталығын аралады. Онда ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған. 3D форматындағы аудиторияда кең дала, жайлау және киіз үй бейнеленген. Орталықтың басты мақсаты – Елбасының ел тәуелсіздігін баянды етудегі, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырудағы ерен еңбегін насихаттау, ұлттық тарихымызды ұлықтау. Бүгінде мұнда институт студенттерімен арнайы сабақтар тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Тахир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
– Мемлекет Басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясының орындалуы әрбір қазақстандықтың жеке қатысуымен, белсенді өмірлік ұстанымымен ғана атқарылатын іс екендігін баса айтты. Осының ішінде Президенттің «Мәңгілік Ел» идеясы аса ерекше назарға алынуы тиіс. Ол – халқымыздың бірлігін нығайтатын ел болашағының ұзақ жылдарға арналған мемлекеттілік идеясы. Әр қазақ бұл идеяның үлкен мәнін терең түйсінуі шарт. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Сондықтан да осы тақілеттес орталықтар жастардың төл тарихын терең білуіне, ұлттық мұраларымен жете танысуына зор септігін тигізеді деп ойлаймын.
Сондай-ақ қонақтар жуырда ашылған Мырзатай Жолдасбеков атындағы Академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар орталығына аялдады. Бұл орталықтың басты мақсаты – ақпараттық технологияларды заман талабына сай пайдалана отырып, жастардың ғылыми ізденісіне жол ашу, сапалы жоғары білікті мамандарды дайындаудағы креативті ой-пікірлерді жинақтау, тарату. Шығармашыл жастардың ортасын құрып, рухани әлемін жаңғырту, студент жастардың әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер беру болып табылады.
«Институт шет елдің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен ылғи да әріптестік байланыстар орнатып, білім беру саласын кемелдендіру мәселелері бойынша серіктестік қатынастарын нығайтып отыр», деп атап өтті ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова.
Сапар аясында вице-министр «Халық қаһарманы» Ғазиз Байтасов атындағы оқу-әдістемелік кабинетімен танысты. 2013 жылы ашылған батырдың атындағы кабинетте оның өмірі мен жасаған ерлігі жайында сыр шертетін естеліктер мен күнделікті өмірде пайдаланған бұйымдары қойылған.
Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтағы атқарылған істермен жете танысқан Тахир Оспанұлы төл тарихымызды терең зерттеп-зерделеуде осы тақылеттес орталықтардың атқаратын рөлі зор екенін атап өтті.
Дария Қожамжарова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры:
– Ғылыми орталықтың мақсаты – Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлау.
Ашылғанына екі жылға жуық уақыт болған орталықта бұған дейін 30-дан астам ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы, «Қазақ хандығы» монографиясы, «Тұрар Рысқұловтың биохроникалық күнделігі», «Жетісу Ресей империясының құрамында» және «Түркістан» жинағының қос томы т.б. бар.
АҚПАРАТТЫҚ-ИМИДЖДІК ЖҰМЫСТАР БӨЛІМІ
E-mail: information-image@mail.ru