Анамды қатты сағынып жүрмін… (оқиға)

Кешкі абыр-сабыр саябырлағаннан ұйықтарға дейінгі мамырыжай аралықта, оңаша отырып, бүгінгі күн және ертеңгі істер жұмыстар туралы немесе сонау алыста қалған, қайта ораламайтын бал-дәурен балалық кездер мен жалынды жастық шақтар туралы ой жүгірту, өзгені білмеймін, өзім үшін бір ғанибет дүние. Сондай сәттерде әлде неге қуанып, әлде неге мұңайып та қаламын.

Өзімше өмірден сабақ алып, келер күндерім үшін жоспар жасағандай боламын. Бүгін де солай, алты қырдың ар жағында жатқан ауылымды, ондағы аға-бауырымды, әсіресе, қарт анамды сағына еске алып оңаша отырмын. Осыдан тура үш жыл ілгері анам бізбен бірге жылға жуық тұрды. Сол кезде  қазір өзім отырған бөлмеде анам екеуіміз әулет, заман, өмір, тағдыр, адамдық қарым-қатынас пен сыйластық тақырыптарында талай-талай сырларды ағытып едік. Ал енді жалғыздан-жалғыз ой кешіп отырған түрім мынау.

Кенет бөлмемнің есігі баяу ашылды да бастауышта оқитын кенже қызым өзінің жайдары қалпымен күліп келіп, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйді. Менде оның маңдайынан иіскеп, басынан сипадым. Кенет ол:

– Әке жылап отырсыз ба?-деді таңырқап. Байқаймын, ол менің  көзімнен сырғыған жалқы жасты сезіп қалған секілді. Менің жауабымды күтпестен:

– Білемін, Сіз анаңызды сағынып отырсыз ғой, солай ма? Сіз бара алмай, ал әжем келе алмай жүр солай ғой ә?-деді жүзімді мамықтай саусақтарымен сүртіп жатып. Мен не дерімді білмедім. Ол сөзін жалғап:

– Мен Сіздің әжеме арнап жазған өлеңіңізді жатқа білемін, соны оқып берейін бе?-деді жүзі нұрланып.

– Иә оқи қойшы – дедім мен де бір шығар жол тапқандай. Қызым дауысын көтере, маған қарап тұрып, сол анаммен бірге тұрған кезде жазылған “Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі”-деген өлеңімді барынша мәнерлеп айта жөнелді:

 

Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі,

Тұрады онда Алланың бір пендесі.

Сол адам да,  бұл бөлме де киелі,

Қымбат маған, жоқ пәниде теңдесі.

Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі,

Секілді ол екі өмір көрмесі.

Таңмен бірге ашылғанда сол есік,

Ашылады шаттығымның пердесі.

Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі,

Ол тұрғанда мұңның анық төнбесі.

Есігінде жасырынып жатқандай,

Біздер үшін соңғы жеңіс көнбесі.

Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі,

Шүкір айтып жасым көзден көлбеші.

Осы берген бақытыңды Тәңірім,

Жалынамын артық сірә көрмеші.

Жаннат менің үйімнің бір бөлмесі,

Сезем онда пейіштің бар елесі.

Шығып келед бөлмесінен қарт анам –

Қос дүние  бақытымның иесі!

– Ой айналайын, талабыңа нұр жаусын -деп қызымды бауырыма басып, арқасынан қақтым. Менің көңілімді көтергеніне қуанған ол өз бөлмесіне кетті. Тағы жылғыз қалдым. Анам сол кездерде осы бөлмеде тұрды, әне төсек орны әлі сол қалпында, жайнамазы да орнында. Бейне ол кісі әлгінде ғана шығып кетіп, аздан соң бөлмесіне келіп кірердей сезім береді. Орнымнан тұрып барып төсегіне отырдым, жастығына басымды қойдым. Сонау балалық шақтан таныс анамның әдемі иіс әлі сол күйінде, бірден  жан сарайыма жетті.

– Ана, Сізді аңсап жүрмін. Ақылыңызды, алақаныңызды сағындым. Көңілімде тек Сізді күтіп қаншама сыр жатыр. Сізден басқа кім мені шынайы түсіне қояр? Менің балалық, жастық шағым, қуанышым мен өкініштерім тек Сізге ғана мәлім емес пе еді, мен оларды кімге айтып, кіммен мұңдасайын?  Есіңізде ме Сіз барда мен де бала сияқты болып кетуші едім ғой. Жұмыстан келе диванда отырған Сіздің алдыңызға басымды қойып жата кететінмін, ал Сіздің қасыңызда ертегі тыңдап отырған немерелеріңіз маған ренжігенде:

– Барыңдар, әркім өз анасының алдына барып отырсын – деуші едім әзілдеп. Менің сөзіме мәз болған балаларым:

– Әкем бала болды, ұят-ай, ұят-ай, – деуші еді ғой шұрқырап. Сол күндер қазір қайда қалды? Қайта бір оралатын сәті болар ма ана?!

– Анашым, білесіз бе біраз күн бұрын “Алғыс айту” күні болды. Алғыс айтар адамдарым аз емес. Асыл жарым, туыстарым, достарым, ұстаздарым тіпті көзімнің нұры балаларыма да айтар алғысым бар. Бірақ, мені мына жарық дүниеге әкелген, адам етіп өсіріп, азамат етіп тәрбиелеген Сіздің орныңыз бәрінен де биік, мәртебелі еді. Ең алғаш болып, Алладан соң Сізге алғыс айтуым керек еді. Өкінерлігі Сіз жанымда болмадыңыз. Аз күн ілгері сегізінші наурыз халықаралық қыз-келіншектер немесе аналар күні атап өтілді. Иә, менің құттықтауымды күтетін адамдарым бар. Оларды құттықтадым, сыйлық жасадым. Бірақ, Сізге арнап алған сыйлығым сандығыңызға түсті. Мейлі, бұл сыйлықтар түбі бір күн Сізді табар. Бастысы, мына жарық дүниеде Сіз барсыз, шалғай жүрсемде Сіз тыныстаған ауамен мен де өмір сүріп келемін. Мен үшін ол да тағдырдың баға жетпес сыйы. Сол үшін Жаратқанға мың шүкір етемін.

– Анажаным, кеше ғана жер ана бусанып, ғаламда жаңа күн, жаңа өмір басталды. Наурыз мерекесінің мол дастарханы жайылып, ел-жұрт тағы да думандата тойлады. Міне, сол шақта мен Сізді тағы да сағынып есіме алдым. Жай күндері де жадымнан көтерілген  емессіз, алайда, мереке күндері Сіздің орныңыз құлазып, жоқтығыңыз ерекше білініп, көңілімді жабырқатып жібереді. Сондай сәттерде ақсамайлы, ақ жаулықты аналарды көрсем жүгіріп барып, құшақтап, тек аналарға ғана тән сол бір дархан иісті искегім келеді… Ойым осы тұсқа келгенде көзімнен сырғыған жасым тырс етіп анамның жастығына барып тамды.

– Анатайым, жастығыңыз қандай жұмсақ еді, бейне мен үшін елжіреген көңліңіздей балғын. Анау қартайып тарамыстанған қолдарыңыз да сондай жұмсақ еді. Басымнан сипап, аналық ақылыңызды айтқанда мен үшін одан өткен жылы, одан өткен жағымды алақан бұл пәниде жоқ еді сірә.

– Анашым, ойлап отырсам, Сіз менің өмірімдегі үлкен-үлкен өзгерістерге себепші болып, өмір ағысымды үнемі менің бақытыма қарай бағыттап келген екенсіз. Сонау бір жылдары әкем өмірден ерте озып, мен көмір кен жұмысшысы атанып жүрген боз бала шағымда “Балам оқуың керек, онсыз өмірді шынайы түсініп, меңгере алмайсың”-деп мені табысы мол шахтадан шығарып алып, ағайын-туманың қарсы болуына қарамастан, қаладағы мектепке әкеліп орналастырып едіңіз. Тарихи отаныма келуіме алғаш болып қолдау көрсетіп, ақ батаңызды берген едіңіз. Ғылыми атағымды алған соң, жоғары жалақы мен жайлы пәтер беріп шақырған жаққа баруға қызығушылық танытып, өзіңізбен ақылдасқанымда, Сіз:

– Ұлым, дүниенің соңына ешкім жетпеген. Адам дүние үшін емес, арман үшін өмір сүруі тиіс. Ер жігіттің сенімсіз болуы қадірін кетіреді, кеткен қадір бастағы бақты тайдырады -деп едіңіз. Сіздің сол сөзіңіз байлам болып, мен осы елдің толық қанды азаматы болып бір жолата қалып едім.

– Анатайым, Сіз менің өмір жолыма арайын төккен төбемдегі күн екенсіз ғой. Сіздің ақыл-шуағыңыз болмағанда, мен кім болар едім? Қайда қалар едім? Сіздей дана анамның болғанына мен шексіз қуанамын. Мен бақыттымын. Тек Сіздің қасымда болмағаныңыз ғана мені уайымдатады, мұңайтады, сағынтады…

Әркімнің-ақ туған анасы бар. Оған деген телегей-теңіз махаббаты  да бар. Біреуге әке болсам да, өзіңе әлі баламын-дегендей ана алдындағы балалық көңіліміз бәрі баяғыдай. Бірақ, әркімнің ұстанымы, өмір соқпағы сан түрлі. Біреулер ата-анасына жуық, ал біреулер, тек анасына әлде әкесіне жақын, ал енді біреулер олардан алыс кетер. Мен өзге емес, өзім туралы жазып отырмын. Бәз біреулер ұнатар, ой түйер, тағы кімдер өз пікірін айтар. Өз басым әкемнен ерте айырылған соң, анамның тәрбиесінде болдым. Ең алғашқы сонау студентік жылдары жазған һәм баспа бетін көрген өлеңім “Менің анам”-деген бес-алты шумақ өлең болды.

Ана, сол сан жылдар алдындағы Сізге арнап жазған өлеңдерім есіңізде ме, ол былай еді ғой, екі шумаған оқып берейін:

Менің анам  нұрлы күнім көктегі,

Менің анам көңілімнің көктемі.

Менің анам жараталыған, тек қана,

Махаббатын бір мен үшін төккелі.

Менің анам арманымның асқары,

Менің анам жақсылықтың аспаны.

Менің анам қуанышым, мерейім,

Арқау етер  өмірімнің дастаны.

– Уа достарым, қайсыларыңыздың аналарыңыз қазір қастарыңызда болса,  жатар алдында, мен үшін, аналарыңыздың аяғын жылы суға малып, асықпай жуып-шайып берген соң, бір кесе жылы сүт немесе айранды ұсыныңыздаршы. Бұл менің күн сайын болмаса да, анам үшін жиі істеуге талпынатын ісім еді. “Қартайғанда бір бала”-дегендей сол сәт шүйкедей болған аналарыңыздың жүзінен даланың ешбір жылы желі бере алмайтын  ризашылық лебін, жанарынан күннің өзі төге алмайтын мейір-шуағын байқар едіңіздер. Байқар едіңізде де жандарыңыз жадырап, жүректеріңіз риясыз шаттыққа шомыр еді. Себебі, сіздер шарық ұрып іздеп жүрген пәнидің бақыты мен бақи дүниенің жаннаты осы бір сәттерден құралып тұрғанын шынайы сезінер едіңіздер.

Кенет көз алдымда анам пайда бола кеткендей болды. Сол жылы да жұмсақ алақанымен басымнан сипап, үстіме көрпесін жауып жатты.

– Анашым, Сіз осында ма едіңіз?-деймін ұйқылы-ояу күйімде.

– Ұйықта жаным, анаң әлі бізге келеді. Немерелері де, мен де сағынып жүрмін. Бұл менің сүйікті жарымның дауысы еді. Аналардың алақаны мейлі қарт, мейлі жас болсын бәрі бірдей секілді. Бәрі де мейірімді бәрі де нәзік. Бала күнімде анам басымнан осылай сипап, ертегісін айтып отырып ұйықтатушы еді-ау.  Бала күнімнің барқыттай жұмсақ түндеріне қайта шомығандай маужырап, балқып барамын. Қандай ғажап, қайталанбас рахат сезімдер еді…

(соңы)

Қастер Сарқытхан

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті,

Елтану және туризм кафедрасы доценті

Анамды қатты сағынып жүрмін… (оқиға)