«Георгий лентасы» – «Даңқ» лентасы емес, шоқындырудың белгісі
1941-1945 жылдардағы 50 миллионға жуық адам қырылған соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атағанымен, сол жылдары Қазақстанға қызыл вагондармен қойша айдалып келген сол 140 ұлттың ішіндегі әзірбайжан, қарашай, шешен, күрд, ингуш, түрік сияқты ұлт өкілдері оны бәрі бірдей олай атамайды. «Бұл Мәскеу басшыларының тоз-тоз қылғаны ғой» деп, олар аһ ұрады. Қазекем 9 мамырдағы «Жеңіс күнін» қандай саясаттың жолында оққа ұшқанын анық білмей, әйтеуір, «Отан үшін» деп өлген бейкүнә аталары тіріліп келгендей, орыстардан бетер дүбірлетіп тойлайды.
Әрине, бақилық болған әруақты еске алмаған, сыйламаған адам тірісін де сыйлап қарық қылмайды. Алайда бүгінгі күні осы мәселенің екінші жағына көз салмасақ, бұл біздің ұлттық санамыздың, әсіресе тәуелсіздік, азаттық туралы ұғымымыздың әлі де жетілмей жатқаны болар еді. Иә, шындықты айту шырық бұзу емес, бүгінде тәуелсіз республикалар ішінде осы «Жеңіс күні» дегенді қазақтан басқа дүрілдетіп тойлап жатқан ешкім жоқ. Олар, керек десеңіз, оны «Ұлы Отан соғысы» деп те атамайды. Сол кездегі Бас қолбасшы Сталиннің ұлты грузин болса да, Грузия «Жеңіс күні» дегенді тойлаудан әлдеқашан бас тартты. Бұл күнді Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан мүлде атап өтпейді. Ал Латвия, Литва, Эстония, Молдова оны Кеңес заманында да тойлап қарық қылған емес. Германия бұл күнді қаралы күн деп есептейді. Сонда бір жұрттың қаралы күнін, 50 миллионға жуық адам шыбындай қырылған соғысты Ресейге қосылып алып қазекемдердің тайраңдап би билеп, «Родина» деп дарылдап ән салып, арақ ішіп әупілдеп тойлайтыны несі деп сұрасақ, оның несі айып? Иә, бәріміздің әкелеріміз бен аталарымыз сол қанқасапқа қатысып, тірі қалғаны елге құр сүлдесін сүйретіп мүгедек боп жетті, ал өлгендері Ресейдің, Белоруссияның, Украинаның орманы мен батпағында қалды. Қазір 1941-1945 ж.ж. соғысты саясаттан хабары бар көзі ашық азаматтардың ішінде «Отан соғысы» деп атауға мүлде қарсы пікір айтушылар да аз емес. Иә, ол кезде бүкіл 15 республика КСРО деп аталатын елдің, яғни Мәскеу Кремлінің бұғауындағы отары (колониясы) болды. Оның құрамындағы әзірбайжан, қазақ, өзбек, түркімен, тәжік, татар, башқұрт т.б. ұлттар бұл соғысқа зорлықпен, күштеп алынғаны және рас. Оған барудан бас тартқандар мен қашқандар сол бойда атылды.
«Жеңіс күні» деп аталатын бұл мейрамды да кейде қазақты шоқындыруға татырлық дүрбелеңге айналдырып жатқандай көрінеді. Өйткені жыл сайын Қазақстан билігі «Жеңіс күні» деп екі күн қатарынан демалыс беретін осы мереке басталмай жатып Қазақстанда сарыала қоңыздың қабығынан айнымайтын жібек таспалар (ленталар) таратыла бастайды да, оны қазақтың қалт-құлт еткен кемпір-шалдары мен жастарына шейін кеудесіне тағып, тіпті, кейбір әулекілер көлігіне байлап алып, қара күз түскенше желбіретіп жүретін болды. Әлде мұсылманшылықтан біржолата кеткені ме, әлде надандығы ма, қайдам, кейбір мектептер мен балабақшаларда бұл сарыала лента сол күндері қаракөз сәбилердің төсіне де тағы-латын болды. Осыдан бірер жыл бұрын «Ақ жол» партиясы 9 мамыр күні осы таспаларды таратып, Алматыны бір «қарық қылғаны» бар. Осы партияның бір басшысы оны бұл біз үшін «Даңқ лентасы» деп атады. Баяғы патшалық Ресейде орыстар әулие деп атайтын Георгийдің құрметіне бекітілген бұл таспаны «Даңқ лентасы» деу қазақты алдарқату ма, әлде білдірмей шоқындыру ма (крещение) олар өздері біледі, алайда оны о заман да бұ заман, атам қазақ кеудесіне тақпақ түгіл қолына да ұстамаған.
Ақ патша генералы Корнилов осы таспаға байланған Георгий кресін тағып жүріпті. Соны бүгінде біресе төсіне, біресе көлігіне тағып жүрген кейбір қазақ байғұстар өздеріне өзбек, әзірбайжан, түркімен, татар, тәжік, түрік сияқты ағайындар ішінен мырс-мырс күлетінін білмейтін де болуы мүмкін. Георгий айқышы да, (кресі де) оның үстіңгі жағындағы бұл таспа да Ресей-Түркия соғысы кезінде (1768-1774) Ресейге шын берілгендігін көрсеткендерге арнап 1769 жылы шығарылған еді. Оған ең алғаш ие болған М. Кутузов болатын. Осыдан бірер жыл бұрын Украина халқының Ресейге көзқарасы өзгеруінің көп себебінің бірі осы Георгий лентасына байланысты болатын. Орыспен бауырлас украиндар сөйткенде қазекемнің «Жеңіс күнін» тойлап, сол таспаны желбіретіп жүруінің өзі-ақ басқа жұртты күлкіге қарық қылмай ма?
Патшалық Ресейден кейін Кеңестік Ресей 1941-1945 ж.ж. соғыс кезінде бұл таспаны 1942 жылдан бастап «Даңқ» орденінің, сосын «Германияны жеңгені үшін» медалінің төсбелгілеріне (колодколарына) пайдаланды.
Енді міне, Кеңес Одағы тарағасын империяшыл, шовинистік ауруы қайтадан қозған бүгінгі Ресей басшылығы бұл әулие Георгий орденін Георгий кресі етіп 1992 жылы қайтадан қалпына келтірді.
Көріп отырсыз, Түркиямен соғысқан патшалық Ресей де, Германиямен соғысқан кеңестік Ресей де, бүгінгі Ресей де өзіне шын беріле қызмет еткен адамды христиандардың діни тұлғасының аты-жөні жазылған марапатпен «жарылқайды» екен. Соған қарап-ақ Ресей өзінің империяшылдық, шовинистік, «ұлы орысшылдық» саясатынан ешқашан бас тартпайтынын біздің қазекең қанша аңқау болса да түсінуі керек еді ғой. Тіпті, қара бұқара түсінбеген күннің өзінде неше жыл шетінен шетел асып, ағылшынша сөйлеп, оқудың түбін түсіріп келген билік басындағы «цивилизованный», «глобализованный» қазақтар түсінбейді дегенге кім сенеді?! Әлде олар шектен тыс «толерантный», шетінен «в планетарном масштабе», «общечеловеческом масштабе» ойлаудан және Колбиннің қазақты қостілділік арқылы жою жоспарын азсынып, оны үштілділікке жалғастырудан, орыстарға қазақтың тек орысша жауап беруін қадағалаудан қолы тимейтін болғаны ма?
Несін айтасыз, 1945 жылдан бастап күні бүгінге шейін «Жеңіс күнін» тойлап жатқан Ресей саясаткерлері мен сардарлары (офицерлерінің) «За русскую армию», «За Россию», «За русский народ» деп арақ толы қылмойын шыныларын сыңғырлата тост көтеріп «Ура! Ура!» деп шуылдап жататынының өзі-ақ ұлттық санасы, ұлттық намысы жоғалмаған қай қазаққа да әр нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?
Иә, 1941-1945 жылдардағы соғыста екі жақтан 50 миллионға жуық бейкүнә пенде опат болды. Бейкүнә дейтін себебіміз, олардың ешбіреуі де анасының құрсағынан қанқұмар, кісі өлтіруші болып туған жоқ. Олардың көпшілігі бұл соғыстың ең басты себебі не екенін білген де жоқ. Бұл соғыстың себебі туралы пікір әлі де алуан түрлі. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз бір-біріне қарсы мемлекеттер басшыларының жәй халықтар арасында дұшпандық өртін тұтататын идеология арқылы өздерін бұл соғысқа алдап-арбап, күштеп айдап салуының кесірінен қантөгіске барды. Олар адам өлігін, адам қанын соғысқа келіп алғаш рет көрді. Сосын қарсы жақтың адамын әуелі өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін үйренді. Сондықтан да бұл «Жеңіс күнін» сол кезде КСРО мен одақтас болған бірде-бір үлкен мемлекет тойламайды. Ендеше, осының бәрін біле тұра қыруар қаржы жұмсап, оны біздің думандатуымыз дұрыс па? «Жеңіс күні» деп сол Ресейден азаттық алған 25 жылдан бері тойлай беру қазақтың бүгінгі де, ертеңгі де ұрпағының санасына қалай әсер етерін ойластыратын кез әлдеқашан жеткен жоқ па?
Мырзан Кенжебай