Нұрлан Жанай: Халықты өсең-аяң сайттар қазір қызықтырмайды, өйткені желіде ондай ақпараттар өріп жүр.

«Кәсіпкер» деп айту ертерек

— Нұрлан, соңғы кездері өзіңді қазақ тілді бизнесмендердің қатарынан байқап жүрміз. Айналысып жүрген кәсібің тың, әрі заман талабына сай нарыққа қажет, сұранысқа ие кәсіп деп білеміз. Осы туралы өзіңнен толығырақ біле кетсек. Жалпы Нұрлан Жанай деген кім деген сұраққа өзің қалай жауап берер едің?
— Рақмет. Сұрақ өте орынды. Мені көбісі IT маманы, блогер деп жатады, нақты айтар болсам, өзімді Project Manager ретінде позициялаймын. Блог жазумен бір жылдары айналыстым, бірақ негізгі қаржы табу көзі болмағандықтан ол мен үшін хобби ғана. Алайда посттарды ақша табу мақсатында жазбаймын!
IT маманымын дейтін болсам, мен бұл саланың ішіне кіріп кодтар жазбаймын. Жалпы бұл мамандық иелері таңнан кешке дейін отырады. Мен IT мамандығын оқыдым, осы салада жұмыс істедім. Қазір көбіне IT, білім саласындағы жалпы интернеттегі жобаларды прожекттерді басқарумен айналысамын.
Кейбіреулер мені кәсіпкер деп таниды. Кәсіпкер деп айтуға әлі ертерек деп ойлаймын. Себебі кәсіпкер деп айтатындай үлкен бір қаржы көзін табуға жеткен жоқпыз. Әзірге өзімді Project Manager деп таныстырып жүрмін.


— Жаңа бір сөзіңде, кезінде блогерлікпен айналыстым деп айтып қалдың. IT саласында да жұмыстарың бар. Осы екеуінің бірінен ауыз толтырып айтарлық қандай нәтижеге қол жеткіздің?
— IT саласында ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасамадым. Бірақ жазу жағынан қазақ тілді википедияға бір жылдары 3-4 мың мақала салдық. Блогер ретінде blogtime.kz деген жоба аштым. Ол жерде блог жазып үйренген жігіттер, қазір бірнеше жерде жұмыс істеп жүр. Кейін «Блог-марафон» ұйымдастырдық. Олардың ішінде 300 мың, 500 мың, 1 млн. теңге көлемінде ақша ұтқан жігіттер бар. Соны алып беруге себепші болдым, — деп айтсам болады. Әрине, мұны ауыз толтырарлық жетістік деп айтуға болмайтын шығар. Дегенмен албырт, жас кездегі, сол жылдары жасаған мақтанарлық жұмысым деп айта аламын.
Қазақ тілінде блогерлерді бастан-аяқ дайындап жүргендер аз. Қазақ контенттін қалыптасуына аз да болса, өз үлесімді қостым деп ойлаймын.
— Қазір газет журналистері мен блогерлердің арасында бәсекелестік бар екендігі өтірік емес. Ол бұрыннан бар ма, әлде… Осы жөнінде көзқарасыңды білдіре кетсең?
— Ол рас. Осыдан 5-6 жыл бұрын шынымен де бір-бірін бақталас санайтын. Мәселен, газетте журналист 15-20 жыл бойы істеп жүрді делік. Кейін сол жерге, бір жас маман келіп газеттің сайтын ашып, сонымен айналысады. Министрлік тарапынан да сайттарыңды дамытыңдар деген тапсырма келіп түседі. Бұл кезде газет бірнеше жыл жұмыс жасаған журналист сайт жұмысына бірден бейімделіп кете алмайды.
Блогерлер журналистерді дәстүрлі медианы түсінбей, әлеуметтік желілерді, соның ішінде фейсбукті, гаджеттерді дұрыс қолдана алмайды деп айыптаса, журналистер: «сендер журналистердің мектебінен шықпағансыңдар, сөздің қадірін ұқпайсыңдар, бұзып айтасыңдар, дұрыс жаза алмайсыңдар!» — деп айыптайды.
Бүгінде бір-неше жыл бұрынғыдай бақталастық байқалмайды. Жалпы ол тек бізді емес кез келген елде, кез келген салада болатын дүние деп ойлаймын. Табиғи құбылыс деп қарауымыз керек шығар.

Кім блогер, кім журналист айыра алмайсың?

— Баспасөз өкілдері мен блогерлердің сайттарының арасында бәсекелестік бар. Көп жағдайда кәсіби мамандардың сайты алға шығып кетіп жатса, енді бір жерлерде блогерлер сайтының рейтингтері көш бастап тұр. Неліктен қарапайым блогерлерден кәсіби мамандар қалып кетіп жатқандығын түсіндіріп бере аласың ба?
— Кәсіби журналистер бастапқы кезде әлеуметтік желіні жеңіл нәрсе деп мойынсұнғысы келмеді. Ол жерде тек сайқымазақтар отырады деген түсінік қалыптастырып алды.
Алайда уақыт өте келе әлеуметтік желінің пайда табудың бірден-бір жолы екендігін білгенде, бәрі кеш болды…
Олар жазуға төселгенімен, газет тілінің стилінде ғана жазатындықтан, жазған дүниелері сайтқа жарамай қалады. Ол жерде тақырыптың өзі көп нәрсені шешеді. Негізінен бұл дәстүрлі медиаға түсінбей қалудан орын алып отыр. Дей тұрғанмен, біреу жеңіліп, енді біреудің алға шығып кетіп жатқаны ол әркімнің қабылдауы мен таратуына байланысты. Бір қуанарлығы, қазір журналистер блогерлерге жетіп алды. Олар да бәрін біледі, түсініп алды. Қазір ешкімді оңайлықпен таң қалдыра алмайсың. Осыдан 4-5 жыл бұрынғы нәрсе басқаша еді, қазір мүлдем басқаша. Екі жақ теңесіп кетті. Кімнің дипломы бар, кімнің дипломы жоқ журналист, кім блогер, ал кімнің блогер емес екенін де ажырата алмай қалдық. Себебі блогер деген блогы бар блогплатформасын жазған адам. Бізде қазір әлеуметтік желіде кімнің лүпілі (лайк) көп сол блогер болып кетті.
Түптеп келгенде кез келген жерде профессионализм керек. Яғни адам өзін дамытуға, жетілтіруге, ізденуге ден қоюы керек. Қазір газет журналистері бұрынғыдай жазумен ғана шектелмей, тақырып қою, тарата білу, тіпті көшеде кетіп бара жатып-ақ видео көріністі түсіріп алып, оны сайтқа салып, тақырыбын қойып, монтаждап сол смартфоннан-ақ таратып ақпарат жібере алады. Бұл журналистің жан-жақтылылығын, оперативтілігін көрсетеді. Қазір смартфондарда конвергенді журналистикаға қажет кез келген функция, сервистер бар. Журналистер соны қолдануға, үйренуге ерінбеу керек. Журналист болсын, блогер болсын ақпаратты кім бірінші таратады, хайпты кім ұстап қалады, сол жетістікке жетеді. Бірақ ақпарат тарату керек екен деп өлтіріп кетті, атыс-шабыс деген нәрселерді тарата беруге болмайды. Бірінші кезекте ол шын болуы керек. Халықты өсең-аяң сайттар қазір қызықтырмайды, өйткені желіде ондай ақпараттар өріп жүр.

— Сөзіңді бөлейін, мұндай ақпарат таралмауы үшін аудиторияны тәрбиелеу керек болар?
— Меніңше кез келген аудитория осы этаптан өту керек. Ол кезінде Америка мен Ресейде де болған. Белден төмен деңгейдегі ақпарат, ұрыс-керіс пен сенсация сынды жаңалықтарды оқып, көз үйреніп, құлақ естіп жауыр болып қалғаннан кейін ғана тоқтайды бұл. Бұл этаптардан Еуропа елдері әлдеқашан өтіп кетті. Біз қазір сол этапта жүрміз. Күнделікті ақпараттың ішінде ұрлық-қарлық, адам өлтіру, зорлау немесе таңғаларлық ақпараттан да адамдар біртіндеп жалығады. Оның да өз уақыты келе жатыр. Кейін ақпарат берушілер де бұл тақырып енді оқылмайды деген тұжырымға келіп, өздері-ақ тоқтатады.
Сөзіме мысал ретінде айтып өтейін, бір жылдары дін туралы ақпараттар кеңінен таралып, елді елең еткізді. Кейін оқырмандар діни жаңалық оқудан жалықты, қашты. Тіпті, қазірдің өзінде ақпараттардың арасында дін туралы мәлімет шыға қалса, реакция бере бермейтіндер көп. Сондықтан жоғарыда атап өткендей өсек, төсек сынды ақпарат таралса да, біз бұл этаптан өтуіміз керек. Ақпаратты қабылдап қана революциялық дамудың көшіне жетеміз. Ол үшін ешкімді кіналаудың қажеті жоқ!

Зорлық-зомбылық, адам өлтіру… 
мұндай тақырыптардың күні өткен

— Нұреке, бұл салада тәжірибеңнің мол екендігін байқап отырмыз. Қазіргі айналысып жүрген бизнесің жайлы айтып өтсең?
— Қазір, біз онлайн білім берумен айналысып жүрміз. Мұндай идея маған 2011 жылы келді. Университетте видео сабақтар жасап тегін тарататынмын. Негізінен бұл автоматицазияландыру болып табылады. 7 жылдай уақыт бір мекемеде сабақ беріп жүрдім, сол кезде күнделікті бір тақырыпты айта беру жалықтыра бастады. Осыдан кейін видео, онлайн сабақтар жасайын деген идея осыдан шыққан еді. Бұған дейін мен ағылшын сабақтарын, әртүрлі форматта онлайн видео сабақтарын жасап көрдім.
Қазір оқытып жатқаным «English Practicum» жобасы. Ағылшын тілін онлайн түрде екі айдың ішінде біз 4 деңгей үйретеміз. Одан соң «JasAcademyKZ» тағы екінші жобамыз бар. Онда дизайн, медиа, IT саласы қамтылған. Алдағы уақытта бұл жобамызды дамыта түспек ниеттеміз.
Сонымен қатар «Project practicum» деген үшінші жобамыз бар. Біз мұнда ғаламтор, стартапты үйретеміз. Бұл жобамыз бір айлық курсты құрайды. Қазір жақсы табыс көзіне айналған «English Practicum» атты алғашқы жобамыз болып отыр. Қалған екі жобамызға 2-3 ай ғана уақыт болғандықтан, енді аяққа тұрып жатырмыз.
Жалпы онлайн білім беру заман талабы. Бүкіл әлемде бар тенденция. Бізге де ерте ме, кеш пе келуі керек дүние. Көбіне өзімізде шетелден үлкен технологияларды әкеліп, қазақшаға аудара салады. Біз соның төңірегінде ғана білім аламыз. Сондай болмасын деп, қазір біз қазақшадан бастап кірісіп жатырмыз. Айта кетерлігі, бұл ешқандай франшиза емес, өзіміз жасап жатқан дүниелер.
— Бұл жобаңыз кімдерге арналған? Артықшылығы мен кемшілігі қандай деп білесіз?
— Онлайн курсымызда негізгі тұтынушылар 12 мен 70 жас аралығындағы кез келген ғаламторды қолдана алатын адам. Ең басты артықшылығы, сіз бір жерге барып жүрмейсіз, барлық ақпараттар сіздің телефоныңыздағы ватсап желіңізге келіп тұрады. Тәуліктің кез келген уақытында сұрақ қойсаң, мұғалімнен жауап ала аласың. Былайша айтқанда бұл жерде сервис дұрыс жолға қойылған. Бірінші сабақтың дәрісін бірнеше күннен кейін ұмытып қалса, кез келген уақытта қайтадан қарап, есіңе түсіре аласың.
Қайталауға, еске түсіруге, түсінбеген нәрселерді сұрауға, күнделікті жаттығу жасауға, бастысы уақыт пен ақшаны үнемдеуге ең тиімді жол. Сапасы да сын көтереді деп айта аламын. Қазір офлайннан, онлайн түрде білім алуға ауысып жатыр. Болашақта 10-15 жылдықта студенттер білімді университетке бармай-ақ онлайн алатын деңгейге жетеді. Себебі университетте алатын нәрсені үйде отырып гаджет, смартфондармен-ақ онлайн алуға болады.
Жеті айдың ішінде «Englis Practicum» жобамызды 2000 адамға саттық. Мұны сервис деп те, тауар деп те айтуға болады. Байқағанымыз, көп сатып алушылар бұл Алматылықтар. Жасы 22 мен 35 жас аралығын құрайды. Одан кейін Астана, Атырау сынды қалалардың тұрғындары.
Бастысы біздің жобамыз — қазақша түсінетін, ағылшынға қызығатын 12 жас пен 70 жасқа дейінгі арналған жоба. Қазір ағылшынға сұраныс жоғары. Кейінгі екі жобамызға сұраныс аз. Көпшілігі түсінбей жатыр. Өйткені оған әлі халық дайын емес. Бірақ дайын емес екен деп, біз аяқсыз қалдырмаймыз. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бастаған жобамызды соңына дейін апарамыз. Жалпы сұраныс қазақ тілді аудиторияда өте төмен. Орыс тілді аудиторияда сұраныс жоғары, бірақ оны Ресей, Украина, Беларусь елдерінің азаматтары алып жатыр. Олар қазақ тілді аудиторияға кірмейді. Кірсе де, аз аудитория оларға қызық деп ойламаймын.
Жалпы қазақ тілді аудиторияға мұндай дүниелер жасау біріншіден, өзіме ұнайды. Екіншіден, жаным ашиды. Ағартушылықпен мен болмағанда да басқа біреу айналысуы керек деп ойлаймын. Барлығының орыс пен ағылшын тілдерінің курстарына кетіп қалып жатқандары жанымызға батады әрине. Қазақ тілінің де деңгейін сол деңгейге жеткізу біз секілді жастардың басты міндеті деп білемін!

Сұхбаттасқан — Нұржол Табиғат

Сұхбат демеушісі 
«BUGIN GROUP» компаниясы

(37)