«Қазақ» уәдесіне тұрды!

«Жеңіс күніндегі» Қанаттың жеңісі

112Әлемдік бокс аренасында «Қазақ» атты  бүркеншік есіммен жүрген Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін нокаутты жеңіспен аяқтады. «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей көрсетілім жасаған Қанаттың жекпе-жегін күллі қазақ алғаш рет көгілдір экраннан бір уақытта тамашалаған болатын. Десе де, жиырма бірінші қарсыласы болған колумбиялық Хуан де Анхельдің осал еместігін көз көрді. Лейкленд төрінде Қанаттың боксын тамашалаған қазақ жанкүйерлерінің даусы анық естілді. Бірі «Қанат аға, аяма, аяма!» деп айғайға салса, енді бірі «Жақында, соқ!» деп шаршы алаңның сайыпқыранының жігерін жанып отырды. Қ.Исламның 6 раундтағы өнеріне мамандар баға бере жатар. Басытысы, Ұлы Жеңіс күнінде «Қазақтың» жеңісін көрдік, ұлтын сүйген, оны тілімен де, ісімен де, тіпті, киімімен де дәлелдеген батырды көрдік. Уәдеге тұрған, халқының сенімін ақтаған азамат «Ассалаумағалейкум, Қазақ елі!» деп рингтен тікелей сәлем бергенде жүрегі тебіренбеген қазақ болмаған шығар. Алла Тағала «Қазақ» деп айдар тағынған, «Қазағым» деп атойлаған, арда туған текті ұлдың жолын оңғарсын! Келешектегі жекпе-жектерін тағы да бүтін Қазақстан болып тамашалауды Алла нәсіп қылғай!

«ЕлАна»