ОҚО Еуропалық Қайта Құру және Даму банкі үшін тартымды аймақ болып саналады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің Қазақстандағы директоры Агрис Прейманиспен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі жақты бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Өңір басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, аталған банк өкілдігімен ауыл шаруашылығы, коммуналды шаруашылық, инфрақұрылым, автожолдар салу салаларында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Еуропалық қайта құру және Даму банкінің мүмкіндіктері мол. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында шетелдік инвесторларды тартуға негізгі басымдық беріліп отыр. Осы ретте бірлесе жұмыс істеуге әзірміз. Алдағы уақытта Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларының инфрақұрылымдарын дамыту бойынша жұмыстар жүргізуге мүдделі екендігімізді жеткізгім келеді.  Бұл қаржы институтымен бірлесе жұмыс істеудің бірінші тиімді тұсы, теңге айналымын жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Екіншіден, пайыздық ставкасы басқа банктермен салыстырғанда өте төмен», — деді Жансейіт Түймебаев.

Айта кетейік, Еуропалық қайта құру және Даму банкі 1991 жылы Орталық және Шығыс Еуропада жаңа дәуір орнату үшін құрылған. Ол елдердің ашық сауда экономикасына көшуіне ықтимал ететін, сондай-ақ, жеке және кәсіпкерлік қызметін дамытатын жобаларды инвестициялайды.  Штаб-пәтері Лондонда орналасқан банкіге 66 ел, соның ішінде ТМД елдері, сондай-ақ, Еуропа инвестициялық банкісі мен Еуропа қоғамдастығы мүше болып табылады. Банкке еуропалық емес елдер де мүше бола алады.

Агрис Прейманис Оңтүстік Қазақстанда банк қаржыландырылып жатқан негізгі жобаларға тоқталып, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге дайын екендіктерін жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы секторының мүмкіндігі де, әлеуеті де мол. Бұл салада соңғы жылдары менеджмент жақсарып келе жатыр.  Ауыл шаруашылығы саласы инвесторлар үшін тартымды. Сондай-ақ баламалы энергия көздері, соған қатысты жобалар да инвесторлардың назарын жиі аударады. Қазір Қазақстанда мемлекеттік компаниялар жекешелендіріле бастады. Бұл сектор да инвесторлардың назарынан тыс қалмайды», — деді Еуропалық Қайта Құру және Даму банкінің Қазақстандағы директоры Агрис Прейманис.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта нақты ұсыныстар негізінде жұмыс істеуге уағдаласты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі