Көктемгі дала жұмыстары қарқын алды
Алайда алаңдайтын мәселелер де жоқ емес
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Байзақ және Жамбыл аудандарында іссапармен болып, көктемгі дала жұмыстарымен танысты. Ең алдымен аймақ басшысы Байзақ ауданы Суханбай ауылдық округіндегі «Асыл Бақ» өндірістік кооперативіне ат басын бұрып, мұндағы 50 гектар жерге жүргізіліп жатқан үдемелі алма бақ құрылысын көзбен көрді.
Жалпы өткен жылы қолға алынған жобаның құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Сәуір айының басынан бастап бақта көшет отырғу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алма тұқымдары Польша мемлекетінен әкелініп, отырғызылуда. Міне, осы жұмыстар жайлы облыс әкіміне құрылысқа жауапты «FTC Eguity»жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Алмас Кәрібаев жан-жақты баян етті.
-Көшет отырғу жұмыстарын сәуір айынан бастап, айдың аяғына дейін егіп бітіруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін дала жұмыстарына 54 адам, 10-ға жуық техника жұмылдырылып отыр. Негізгі отырғызылып жатқан тұқымдар польшалық «айдаред», «гала», «голден делишес» сортты алмалар. Бұл тұқымдардан болашақта гектарына 50 тоннадан алма алынады деп күтілуде. Бұйыртса, 5-ші маусымға дейін барлық құрылыс жұмыстарын аяқтап, бақты кооперативке өткіземіз деп отырмыз. Бірақ, көшеттер тамыр алып, өнім бергенге дейін 2 жыл бойы бақты польшалық мамандармен бірлесе бақылауда ұстаймыз. Және олар жергілікті жердің мамандарын жаңа технологиямен жабдықталған үдемелі бақтың жұмысын жүргізуді үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, қазір шешімін таппаған мәселе жоқ. Барлығы жоспар бойынша іске асуда, -деді серіктестік басшысы.
Айта кетейік, «FTC Eguity» ЖШС-ның бұл облысымыздағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін серіктестік Жамбыл ауданы Шайқорық ауылының маңынан 74 гектарлық үдемелі алма бағының құрылысын жүргізген. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 100 гектар жерге шие көшеттерін отырғызған.
Ал «Асыл-Бақ» өндірістік кооперативіне бүгінде 10 шаруашылық мүшелікке кірсе, олар бақ құрылысын аяқталуын тағатсыздана күтіп отыр. Және жобалық құны 720 миллион теңге тұратын осындай алып жобаны жүзеге асыруға қол ұшын созған Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорына алғыстарын білдіруде.
Үдемелі алма бақ құрылысын таныстыру барысында осы аудандағы «Талап» шаруа қожалығының төрағасы Мауыт Фазулов қызылша шаруашылығына қажетті 800 гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу үшін инфрақұрылым тарту жұмыстарына Асқар Исабекұлының көмек беруін сұрады. Жоба сызбасымен жіті танысып шыққан облыс әкімі серіктестік сұрап отырған 312 миллион теңге бірден бөліне салмайтынын ескертіп, бұл мәселені «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешу қажеттігін айтты. Және орынбасары Мәден Мұсаев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Болат Нығмашевке жобаны жан-жақты зерделеуді тапсырды.
Аймақ басшысының келесі кезекте аялдаған нысаны – Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Манат» шаруа қожалығы болды. 70 гектар жерге дәстүрлі технологиямен қант қызылшасын егіп жатқан шаруашылықтың төрағасы Саха Манатов облыс әкіміне межелі міндеттер мен жоспарлы көрсеткіштерден гөрі, түйіні тарқамаған бірқатар түйткілдерді ашып айтты. Атап айтсақ, шаруа бүгінде қолданыстағы техникалардың ескіргеніне және қызылшаға қажетті гербицидтердің қымбаттығына алаңдаулы. Сондай-ақ, дихан делдалдардың араласуынан биыл тәтті түбірдің ұрығының бағасы да шарықтап кеткенін жеткізді. Одан бөлек, еңбеккер «Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріс ошақтарынан қалған қалдықтарды жерді тыңайтуға пайдалану жолын қарастыруды аймақ басшысынан сұранды.
Әр мәселені мұқият тыңдаған Асқар Исабекұлы қажетті техникаға қатысты ақпаратты министрлікке хат жүзінде жолдауды, зиянкестерге қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек мәселесін біржақты шешуді, тәтті түбір тұқымының бағасын тұрақтандыруды және «Қазфосфат» ЖШС-ның өндірісінен қалған қалдықтарды зияны болмаса жерді тыңайтуға қолдану жолдарын қарастыруды құзырлы мекеме басшыларына мықтап міндеттеді.
Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округіндегі «Қызыл-Дихан» өндірістік кооперативіне ат басын тіреген облыс әкіміне мұндағы шаруалар да Қант зауыты қызылшаға қажетті тұқыммен қамтамасыз ету жағын кешіктіріпжатқанын жеткізді. Кооператив төрағасы Нұридин Бетмановтың айтуынша, қазір олар 50 гектар жерге тәтті түбір отырғызуға және егістікке тамшылатып суару технологиясын енгізуге бар қам-қарекетті жасап қойыпты. Тек, тұқым жағы қос бүйірден қысып тұрған көрінеді. Бұл мәселеден хабардар болған облыс әкімі Қант зауытымен байланыс орнатып, олқылықтың орнын толтыруды ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына тапсырды. Және егер олар мәмілеге келмейтін болса, келісімді бұзып, дайындалған жерге басқа өнім егу жағын қарастыруды ұсынды.
Жамбыл ауданы «Айша бибі» ауылдық округіндегі «Ақ көл» шаруа қожалығы 100 гектар жерге пияз, картоп және сәбіз егу жұмыстарын бастап кеткен. 2015 жылы кәсібін дөңгелеткен шаруашылық биыл егістікке тұңғыш рет тамшылатып суару технологиясын қолданып отыр. Міне, осы бастамаларымен облыс әкімін таныстырға қожалық бригадирі Ислам Минусов бұған дейін жылына 1 гектардан 70-80 тонна өнім алып отырса, жаңа технологиямен өнім көлемі өседі деп үміттеніп отырғандарын жасырмады. Алайда шаруашылықтың өндірген өнімі егістік басынан сатылып кететінін естіген аймақ басшысы бұл жайтқа көңілі толмайтынын айтты.
— Шаруашылықтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық аз емес. Оған қоса, олар еккен жері, алған өнімі үшін қосымша субсидия алады. Жергілікті билік те шағын кәсіпкерлердің тірлігін тіктеу үшін барын аямауда. Сонда олардың еккен өнімінен облыс экономикасына бір тиын пайда келмейтін болса, науқандық жұмыспен қамтыған адамдары арнайы мекемеде тіркелмейтін болса, салық төленбейтін болса, бұны қалай түсінуге болады? Неге өз өңірімізде өндіріліп жатқан өнімдерді өз пайдамызға жаратпаймыз? Егер облыстағы бағаны тұрақтандыру қорының қоймаларына осы өнімдерді сақтап, кейін елге төмен бағамен ұсынсақ, бұдан ұтарымыз көп болмай ма?, — деген Асқар Исабекұлы бұл мәселені іссапар хаттамасына енгізіп, жіті зерделеуді орынбасары Мәден Мұсаевқа тапсырды.
Осылайша көктемгі дала жұмыстарының барысын бақылап қайтқан облыс әкімі бірқатар мәселерді көзбен көріп, құзырлы мамандарға нақты тапсырмаларды жүктеді. Және аймақ басшысы бір гектар жерді де тиімді пайдалануды агро саласына жауапты мамандардың есіне салды.
Саятхан Сатылғанов