ОҚО-да шегірткемен күрес шаралары басталды
Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары басталды. Биыл зиянкестермен күрес жұмыстары өңірдегі 350 мың гектар алқапта жүргізілетін болады. Оның 60 пайызы жер үсті агрегаттарымен, 40 пайызы авиациямен өңделеді. Бұл туралы Сарығаш ауданы Бірлік ауылдық округінде облыс əкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен семинар кеңесте Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов мәлім етті.
Инспекция басшысының айтуынша, химиялық күрес шаралары былтырғыдан 1,3 есеге азайған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары 341 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 4,3 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 4,7 мың гектарда жүргізіледі.
«Биыл марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларына 91 дана жерүсті бүріккіштері жұмылдырылмақ. Олар 184,4 мың гектарды залалсыздандыратын болады. Сондай-ақ, 6 дана АН-2 ұшақтарының көмегімен 137,6 мың гектарда химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарлануда. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 50 инспектор және 19 автокөлік бөлінеді», – деді Оңтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов.
Айта кетейік, 350 мың гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1121 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 128 анықтаушы және 83 қызметтік автокөлік бөлінген. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа тарту арқылы 278 адам тартылып, 406 анықтаушы зерттеу жұмыстарына жұмылдырылмақ.
Семинар барысында облыс әкімі үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларына дайындықпен танысып, аудан әкімдеріне арнайы штаб жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті.
«Биылғы жылы шегірткеге қарсы күрес жұмыстары барынша тыңғылықты атқарылу керек. Ол үшін зиянкестердің қанаты қатпай жатып, көзін жоймаса, бой бермей кетуі әбден мүмкін. Сондықтан арнайы құрылған штаб жұмысын жандандырып, аудан, қала әкімдері тиісті мамандарды бөліп, ааумақтық инспекциямен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана егістік алқаптарымызды зиянкестерден сақтап қала алатын боламыз», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Бүгінде аудан, қалаларда 11 штаб құрылып, 43 су тасушығыш техника мен пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көздері және 12 пестицидтерді уақытша сақтау қоймалары анытқалып қойған. Бұдан бөлек, 15 аэродром орны белгіленіп, 37 мың 500 дана белгі –қазықтар дайындылыпты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен «Ақылбексай» су қоймасында болды. Сыйымдылығы 25 млн. текше метр болатын су қоймасының қалпына келтіру жұмыстары 2014 жылы басталып, жоспар бойынша биыл аяқталып отыр. Құрылыс жұмыстарына 615 077,0 млн. теңге қаржы қаралған. Мамандар енді осының есебінен аудандағы 1,5 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік туатынын жеткізді.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі