Жемқорлықтан іздей ме нәсіпті жұрт?
Көріп жүрсің күн сайын көзі барың –
Әркім теке санайды өз лағын.
Ұл-қызыңды құтыртып, желіктірсең,
Абыройдан оп-оңай ажырауың.
Бағалайды біреулер бақытты арзан,
Тәрбие артық жауһар мен жақұттардан.
Дәуірледім деп жүрген талай «дәудің»,
Балалары балшыққа батып қалған.
Ойсыз ұлға той қылып елден ерек,
Көлік сыйлап, үй сыйлап ең керемет.
Өз қолымен баласын бұзып алып,
Бармақ тістеп боздаған пенделер көп.
Жемқорлықтан іздей ме нәсіпті жұрт?
Бала өсірдік мансапқа ғашық қылып.
Асап жейтін жұмысқа жайғастырдық,
Қолдан келсе қоныштан басып тұрып.
Қырдан қашқан қулар көп, ойдан қашқан.
Қақпаларын сауық пен сайранға ашқан.
Құлқынына құл болған ондай жастар
Отанын да сата алар ойланбастан.
Ойлауы осал оғылан орға құлар.
Бұл бір үлкен тақырып толғағы бар:
Тәрбиесі баланың – бесікте емес,
Оған ана таңдаудан қолға алынар.
Бүгін біреу артықша атақ алар,
Ертең бірақ өкініп, қапаланар –
Кісілікке баулымай перзенттерін,
Кісімсуге үйреткен ата-аналар…
Серик Калиевтің фейзбук парақшасынан