«20 мың грантты кімдер алады?» дегенге бас қатырып, балтырын сыздататын шақ таяды
«Қазір жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлу керек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары туралы сөз болып отыр».
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінен)
Грантты кімдер алады?
Елбасы өз үндеуінде еліміздегі 530 мың жастардың 30 пайызға жуығы мемлекет бөлген грантпен білім алатынын айтты. Демек, бұған дейінгі 54 мыңға тағы 20 мың грант қосылса, барлығы 74 мың жас қыз-жігіттер мемлекет есебінен тегін оқиды. Ал қалған 450 мыңнан астамы өз күшімен білім алады. Бұл жерде грант алуға деген бәсекенің жоғары болатыны анық. Екі айдан кейін бірнеше мыңдаған түлектер күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, білім бәсекесін қыздырып, әбігерге түседі. Абитуриент атанатындар мен олардың ата-аналары: «20 мың грантты кімдер алады?» дегенге бас қатырып, балтырын сыздататын шақ таяды. Сонымен, Елбасы бөлген 20 мың грант кімге бұйырады? Гранттар қашан және қалай бөлінеді?
Осы жерде бірнеше сауалдың басы қылтиып тұр. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Үкіметтегі жиында сәуір айының ортасында гранттар мәселесі толық шешіліп, жария етілетінін хабарлады. Ендігі кезекте «Гранттар қалай бөлінеді? 11 мыңнан бөлек 9 мың грант кімге бұйырады?» деген сауалдар елді елеңдетіп отыр. Ең біріншіден, ел ертеңі үшін аса маңызды Елбасының тапсырмасын Білім және ғылым министрлігі тиянақты, сапалы, нәтижелі етіп жүзеге асыру керек. Төрт жылда бағдарламаның нақты нәтижелерін халыққа ашық жариялағаны жөн. Екіншіден, Елбасы атаған техникалық мамандықтарға ауылдағы қазақ балалары түсе ала ма? Әрине, қала баласы мен ауыл баласының білімі, қабілеті әртүрлі. Десек те, болашақ мықты инженер, ақпараттық технология маманы ауылдан шығуы мүмкін ғой. Меніңше, грант бөлуде әлеуметтік жағдайы қала баласынан төмен ауыл балаларына басымдық берілгені жөн.
Үшіншіден, білім алуға құштар жастардың бәріне грант жетпейді. Олар еріксіз ақылы бөлімдерге оқуға түседі. Алайда бізде оқу ақысының қымбаттығы деген мәйекті мәселе бар. Мысалы, заңгер мамандығына оқимын деген түлек Астанадағы Ұлттық заң университетіне ақылы бөлімге түссе, жылына 800-850 мың теңге төлеуі тиіс. Ал Ресейдің Томск қаласындағы университеттің заң факультетіне түссе, жылына бар-жоғы 350-400 мың теңге төлейді. Біздегі оқу ақысы 2-2,5 есеге қымбат. «Көрпесіне қарай көсілгендер» амалсыздан шетелдерге оқуға кетіп жатыр. Таңғаларлығы, жыл сайын қанша түлегіміз шетелдің жоғары оқу орындарына түсетіні туралы ешқандай ресми дерек жоқ. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселеге әлі талдау жасамаған. Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов бұл сауалға: «Біздің түлектеріміз жан-жаққа, Ресейге оқуға кетіп жатыр деген әртүрлі пікірлер бар. Бірақ оны нақты дәлелдеп, цифрларын қарап, толық талдау жасау керек» деп жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстандағы ақылы оқудың көлемі жұрт айтып жүргендей 600 мыңнан бірнеше есе арзанырақ. Атап айтарлығы, оқу ақысы, қолжетімділігі жөніндегі біздің қоғамның пікірі алуан түрлі.
Көрші елдерге кетіп жатыр
Түнеугүні ұлттың қамын жеген халық қалаулысы Мұрат Бақтиярұлы Парламенттің төрінен дабыл қақты. Бір ғана Павлодар облысында 2015-2016 оқу жылында 3 түлек шетелдің жоғары оқу орнына түсуге тілек білдірсе, 2017-2018 оқу жылында бұл сан 412-ге (135 есеге) дейін көбейген. 2016 жылы Ақмола облысында 62 түлек жат елге білім іздеуге аттанса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6 (!) есеге дейін өсіпті. «Бұлардың дені – мектепте үздік оқыған , талантты оқушылар. Мұндай жағдай Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алуда. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Мемлекет әр баланың 11 жыл бойы білім алуына 3 млн 200 мың теңге жұмсайтыны, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін ескерсек, бұл ел үшін үлкен шығын, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз» деді депутат Үкімет басшысына жолдаған сауалында.
Халықшыл сенатор бұл «көштің» негізгі себептерін де ашық айтты. Біріншіден, ҰБТ тапсыруға құлықсыз түлегіміз шетелдің тегін оқуын таңдайды. Көрші елдің жоғары оқу орнын бітіретін түлектерге берілетін басты артықшылық – оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналастырады. Екіншіден, Қазақстанда оқу ақысы өте қымбат. Мысалы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында. Жатақханадан орын бұйырмаған студенттер пәтер жалдап тұрады. Сайып келгенде, бір студентке бір жылда 1 млн теңгеден астам қаражат қажет. Ал Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университетіне түскен студент бір жылда 400 мың теңге төлейді. Халық қалаулысы өз ұл-қызымызды жат елдің оқу ордалары магнитше тартып жатқанына алаңдап, дер кезінде қарекет жасауға үндеді.
Жалғыз депутат дабыл қаққанмен іс оңала салмайды. Бұл – мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Осыған жауапты құзырлы орган – Білім және ғылым министрлігі неге көзжұмбайлық танытып отыр? Мәселен, өткен жылы елімізде мектеп бітірген 127414 түлектің тек 92827-сі, яғни 72 пайызы (ресми дерек) ғана ҰБТ-ға қатысқан. Қалғаны – шетелдерге оқуға кетті деген сөз. Шындығын айтсақ, Ресей, Түркия сияқты мемлекеттердің университеттері мектеп, инновациялық лицей оқушыларын алдын ала іріктеп, білімділерін өзіне тартады. Тіпті елорданың мектептерінде 1, 2-сыныптардың өзінде «халықаралық байқау» деген желеумен сайыс өткізіп, балақайларды арнайы дипломмен марапаттайды. Өздеріне тартудың түрлі амалдарын жасайды. Әсіресе, математика, информатика, химия сияқты техникалық пәндерден үздік оқушыларды іріктеп алады. Білім және ғылым министрлігіміз осыған көз жұмып қарағаны былай тұрсын, байқау өткізуге көмектесетінін қайтерсіз…
Оқу ақысын арзандату керек
Сенат депутаты Асқар Бейсенбаев еліміздегі жоғары оқу орындарының ақысы өте жоғары екендігін айтады. «Оқу ақысын арзандату керек. Мысалы, Ресейдің жоғары оқу орындарына көп жастарымыз оқуға түсуде. Ресейліктер көктемде біздің мектептерді аралап, ең дарынды түлектерді оқуға шақырады. Ол жақта оқуын бітірген маманды жұмысқа орналастыру мәселесі міндетті түрде шешілген. Мұның түбірі неде? Бұл қайдан шығып жатыр? Себебі Ресейде қоғамның қартаюы деген проблема бар. Село, деревнясын айтпағанда, қалада жастары жоқ. Көп мекемелерде жұмыс істейтіндердің дені – зейнеткерлер. Сондықтан олар басқа елдердің жастарын тартып жатыр. Бұған жол бермеуіміз керек. Парламентте жиі-жиі көтеріліп жүрген бұл мәселе Үкіметте қаралуда» деді ол. Депутаттың пікірінше, мәселені шешудің бір ғана жолы – отандық жоғары оқу орындарының сапасын көтеру, екіншісі – гранттар есебінен дарынды жастарымызды алып қалу. «Бұдан үшінші бір маңызды мәселе туындайды. Жоғары оқу орындарын бітірген түлектер жұмысқа тұра алмайды. Жұмыс берушілер еңбек өтілінің жоқтығын, тәжірибесінің аздығын сылтау етеді. Меніңше, бұл мәселені шешеміз десек, кеңес заманындағы жас маман дегенге қайтып оралғанымыз абзал» дейді Асқар Бейсенбаев.
Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетовтің пікірі бұдан бөлектеу. Оның айтуынша, елімізде жастарға білім алуға барлық жағдайлар жасалған. «Бізде жоғары білім аламын деген жастарға жол ашық. Алдыңғы жылы ҰБТ-ның форматына өзгеріс енгіздік. Алғаш рет оқуға түсе алмаған түлектер емтиханды 2-нші, 3-інші рет тапсыра алады. Онда түсе алмаса, 1 семестр оқып, қаңтар айында қайта тапсырады. Мысалы, осы мүмкіндікті 1 жылда 30 мың жас пайдаланды. Биыл тағы бір оң шешім қабылдадық. Бұған дейін басқа елдің жоғары оқу орындарынан ауысқандарға ҰБТ тапсыруды талап ететінбіз. Қазір олай емес. Ауысамын деген студенттің мамандығы, оқу бағасы сәйкес келсе жетіп жатыр. 2018 жылдың қаңтар айында Ресейден және өзге елдерден Қазақстанның университеттеріне 2 мың студент ауысты» деді ол.
astana-akshamy.kz
Төлен ТІЛЕУБАЙ