Ұлт атауларын қалай жазып жүрміз?
Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының
докторы, профессор
БАҚ тіліндегі жаңа атаулар мен қолданыстарды, көнерген сөздер, кірме сөздер мен қысқарған сөздерді жинақтап, олардың жасалуы мен қолданысын арнайы қарастыру барысында, жалқы есімдерге қатысты кейбір мәселелер де еркісіз назарымызды аудартты. Тарихи жер-су атаулары мен кісі есімдерінің бәрін бір ғана шағын мақалада қамту мүмкін болмайтындықтан, біз төменде тек шет тілдеріндегі мемлекеттер атаулары, астионимдер, этноним сияқты онимдердің жекелеген түрлерінің қазақ тіліне қабылдануы мен қолданысына ғана қатысты кейбір ойларымызды білдірсек дейміз.
Нақтырақ айтқанда, тілімізде бұрыннан-ақ қолданылып жүрген немесе кейінгі жылдары еніп жатқан мемлекет, қала, ұлт атауларын бірізді жазу мәселесінде ойланатын, ойласатын тұстарымыздың аз емес екені байқалады. Сөзіміз нақты әрі дәлелді болуы үшін бірден тілдік деректерді алға тартудан бастайық. Қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше нұсқада қолданылып жүрген мына төмендегі мысалдар мен деректерді солардың бір бөлігі деуге болады (Түрлі басылымдардан алынған бұл атауларды сөйлемдегі қолданысымен, мысалдарымен қоса берсек, газет бетінен көп орын алатындықтан, атаулардың өзін ғана келтіріп отырмыз):
Мемлекет атаулары:Алмания//Германия, Америка//Әмерика, Австралия//Аустралия, Австрия//Аустрия,Венгрия//Мажарстан, Грекия//Греция, Гүржістан//Грузия, Ирақ//Ирак//Ғирақ, Куәйт//Кувейт, Қатар//Катар, Қытай//Жұңго, Моңғолия//Монғолия//Мұңғұлия//Мұңғлия, Мысыр//Египет, Пәкістан//Пәкстан//Пакистан, Түркіменстан//Түрікменстан және т.б.
Қала атаулары: Ашхабад//Ашғабад, Астрахан//Хажытархан//Хажы-Тархан//Хажы Тархан//Ажтархан, Әл-Кувейт//Эль-Кувейт, Бейжің//Бейжиң//Бейжін//Ханбалық, Дамашық//Дамаск, Ескішеһир//Ескишеһир, Жаңа Йорк//Нью-Йорк, Жаңасібір//Новосибирск//Новосібір//Новосібірск, Кайсер//Қайсері, Мақашқала//Махачкала, Наманган//Нәмәнган, Нахчыван//Нахичеван, Рим//Ұрым//Үрім, Теһран//Тегеран, Тоқио//Токио, Ұлан-Батыр/Ұланбатыр//Ұлан-Батор//Улан-Батор, Үркіт//Иркутск, Үрімжі//Үрімші, Уашингтон//Вашингтон, Челябі//Челябы//Челябинк//Селебе, Шаңхай//Шанхай, Ыстамбұл//Стамбұл//Истанбул//Стамбул//Ыстамбул, Ізмір//Измир және т.б. Мұндай астионимдер бұлармен ғана шектелмейді. Бұл көрсетілген мемлекет, қала атауларымен бірге Шыңжаң//Шыңжан//Шинжяң//Синьцзян//Чаңжяң және Байөлке//Баян-Өлгей//Баян-өлгей//Баян Өлгий//Бай-Өлке түрінде бірнеше нұсқада жазылып жүрген өлке, аймақ атаулары да кездесіп жатады.
Ұлттар мен ұлыстар атаулары: алман//неміс, әзербайжан//әзірбайжан, башқұрт//башқұр, гүржі//гүрзі//грузин, дұңған//дүңген, жақұт//саха//сақа//якут, ингуш//ұңғыш, жебірей//еврей//жойыт, кәріс//кәрей//корей, күрд//күрді//курд//күрт, манжұр//манчжур, мажар//мадияр//венгер, селжұқ//селжүк//селжук, түркімен//түрікмен, шыбаш//шұбаш//чуваш, ханзу//хансу//қытай және т.б.
Әр халықтың өзіне-өзі берген атаулары эндоэтнонимдерді біз де осылай түрліше жазып жүрміз. Яғни жоғарыда келтірілген мысалдар көрсетіп отырғанындай, түрлі ұлттар мен ұлыстардың атауларын жазуда да бірізділік сақталмайды.
Эндоэтноним атауларын өздері іштей бір нұсқада қолданғанымен айналасындағы өзге жұрттар өзгеше атап, жазып жататын жағдайлар жиі ұшырасады. Патшалық Ресей тұсында бізді «қырғыз» дегені сияқты немістер өздерін – Deutsch (Deutsche), мемлекетін – Deutschland десе, ағылшындар оларды – German, елін – Germany, француздар – Allemagne (Альмани), allemand//allemande (альмаң, альмаңд) – Орыстар – немец//немка, Германия, қазақтар – Германия және неміс дейміз. Түркия мен Еуропа қазақтары неміс ұлты мен олардың мемлекетін – Алмания, алман деп осы француздардан алып отыр. Ал КСРО құрамында болған біз неміс, Германия деп, бұл атауларды орыстардан алдық. Қытайлар өздерін ұлт ретінде – ханзу, мемлекет ретінде – Жұңго десе, ағылшындар – China – Chinese, француздар – Chine – chinois //chinoise, немістер – China – Chinese//Chinesi, орыстар – китаец//китаянка, Китай, біз қазақтар – қытай, Қытай деп ұлтты да, мемлекетті де бір ғана сөзбен таңбалаймыз. Мұнда да бұл атауларды жазуда орыс тілін негіз етіп алып, орыс тілін түпнұсқадай көріп, соларға барынша жақындатып таңбалап отырмыз.
Сонымен, шет мемлекеттер мен олардың қалаларының, өзге ұлт-ұлыстардың атауларын тілімізге қабылдаудағы, оларды жазудағы мұндай жарыспалылықтың, көпнұсқалықтың сыры неде?
Бұл, ең алдымен, мұндай сан түрлі кірме жалқы есімдерді қабылдау мен жазудың тілдік тұрғыдан, одан кейін заңнамалық тұрғыдан дұрыс шешімін табуымен тікелей байланысты. Географиялық атауларды өз тілімізге қабылдаудың лингвистикалық мәселесіне келсек, ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бергі кезеңде біз КСРО құрамындағы ел ретінде оларды тілімізге қабылдау мен жазуда орыс тіліне табан тіреп келдік. Өткен ғасырдың аталған кезеңінде кірме сөздер, терминдер, сондай-ақ жалқы есімдер де негізінен советтік тіл саясатына сәйкес біздің тілімізге орыс тіліндегі қалпын сақтай отырып енді. Мысалы, Франция – Париж, Вьетнам – Ханой, Амстердам – Нидерланд, Германия – Берлин, Швейцария – Берн, Брюссель – Бельгия, Братислава – Словакия, Румыния – Бухарест, Польша – Варшава, Ирландия – Дублин, Дания – Копенгаген, Португалия – Лиссабон, Норвегия – Осло, Исландия – Рейкьявик, Швеция – Стокгольм, Болгария – София, Италия – Рим, Эстония – Таллин, Албания – Тирана, Финляндия – Хельсинки, Чехия – Прага, Латвия – Рига, Испания – Мадрид, Украина – Киев, Молдова – Кишинев сияқты көптеген мемлекеттер мен олардың астаналарының атауларын орыс тіліндегімен бірдей, ешқандай өзгеріске ұшыратпай жазуымыз соның айқын мысалы бола алады. Бұлай жазу заңдық тұрғыдан да тілдік тұрғыдан да мақұлданды. Өйткені отарланған елдердің тарихи атауларын бұрмалап, ал керісінше, отарлаушылардың атауларын олардың өз тіліндегідей өзгеріссіз жазу кеңестік тіл саясатының негізгі ұстанымы болды. Географиялық кірме атауларды жазуды негіздейтін заңдар да, тұжырымдамалар мен нұсқаулықтар да осы саясатқа сәйкес түзілді. Әліпбиімізге біздің дыбыстық жүйемізге тән емес қосымша таңбалардың енгізілуі, жалқы есімдердің бұл түрлерін жазудың кеңестік кезеңге тән тілдік ережелерін әзірлеу – осы саясатты ғылыми-лингвистикалық тұрғыдан негіздеу еді.
Жапония, Ұлыбритания, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты бірнеше елдердің атауларын ғана орыс тіліндегіден аздаған айырмашылықпен, тілімізге икемдеп жаздық. Жоғарыдағы екі тілде бірдей жазылатын атаулар жетпіс жыл бойы оқулықтарда, түрлі кітаптар мен мерзімді басылымдарда, географиялық карталарда, бір сөзбен айтқанда барлық жерде осы қалпын сақтап жазылып, айтылып келгендіктен олар жалпы халықтың санасына сіңіп, көз-құлағы оларға әбден үйренді. Соған қарамастан, санадағы сілкіністермен қатар айналамыздағы көптеген жұрттардың кірме сөздерді, соның ішінде жалқы есімдерді де өз тілдеріне, әр тілдің өз айтылымы мен дыбыстық, орфографиялық заңдылықтарына сәйкес жазып отырғаны бізге де ой салып, кейбір елдер мен қалалардың, ұлттардың атауларын тілімізге икемдеп жазу көрініс бере бастады. Аустралия, Бейжің, Мәскеу, Ресей тәрізді жоғарыда аталып көрсетілген атаулар соның дәлелі. Алайда ескі дәстүрден шығып, кірме атауларды игерудің түбегейлі жаңа дәстүрін қалыптастырдық деуге әлі тым ерте. Сол себептен де кірме атауларды, оның ішінде біз сөз етіп отырған географиялық атаулар мен ұлттар, ұлыстар атауларының ескі-жаңа нұсқалары жарыса жұмсалып жүр. Тілге жаңадан еніп жатқан атаулардың бірі өз айтылымымызға икемделіп алынып жатса, басым көпшілігі бұрынғыша орыс тіліндегі қалпында қабылдану үстінде. Мәселен, жуырда ғана қысқы олимпиада өткен Оңтүстік Корея қаласының атауын орыс тілінде «Пхёнчхан» деп жазады. «Ё» орнына «е» әрпін алғанымыз болмаса, бұл атауды біз сол қалпында қабылдадық деуге болады. Қазақ басылымдарының бірінен алынған мына сөйлем соған мысал бола алады: «Кеше Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХІІ қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Александр Колядин құрама қоржынына алтын медаль салды». Біз парақтаған газеттер мен сайттардың бәрінде дерлік осылай жазылды. Түпнұсқа тілге үңіліп, оларда білдіретін мағынасы мен дыбысталу ерекшелігін ескеруге ешкімнің уақыты да, ықыласы да болмаған сыңайлы. Біз үшін оны істеп қоятын орыс тілі бар деген ескі түсінік, үйреншікті дәстүр бұл жолы да жалғасын тапқан. Түпнұсқаға да жақындатып, өз тілімізге де икемдеп алуға ұмтылыс та жасалмаған деуге болады. Бұл тұрғыдан келгенде жедел ақпарат тарататын журналистерді кінәлау да орынсыз. Себебі шет тілдері сөздерінің қалай дыбысталуы мен жазылуын анықтау олардың тікелей міндетіне жатпайды. Бұл негізінен тіл мамандарына тиесілі шаруа.
Бұл атауды тіл иесі корейлер – [pʰjʌŋtɕʰaŋ] түрінде транскрипциялайды. Қазақша дыбыс таңбасын – пһиаңчһаң түрінде беруге болады. Корей тіліндегі кішкене әріппен берілген һ таңбасы бәсең, әлсіз естілетін дыбыс деп түсінсек, онда мұны ағылшындар өз тілдеріне өте сәтті әрі сауатты қабылдаған, транскрипциясын дұрыс берген деуге негіз бар. Ағылшындар өз тілдерінде «PyeongChang» түрінде жазып жүрген бұл атаудың дыбысталуын – [pjʌŋ’tʃa:ŋ] деп, қазақша дыбыстағанда – пиаңча:ң түрінде берген. Егер біз орысша дыбысталуы мен ағылшыншасын салыстырсақ, бізге соңғысы әлдеқайда жақындау. Орыстар сияқты «Пхёнчхан» түрінде екі «х» әрпімен таңбалағаннан гөрі «Пиаңчаң» десең, айтуымызға да жеңіл, естір құлаққа да ерсі емес. «Пхёнчхан» деген нұсқа қазақтың айту мәнеріне қиындау, құлағына тосындау, жайсыздау естіледі. Әрине, түпнұсқаға барынша жақындатып алған дұрыс. Дегенмен, кейде біз түпнұсқа тілдегі дыбысталуынан сәл алшақтау кетіп қалсақ та, қабылданған сөздің өз тілімізге икемді болу жағын көбірек ойлағанымыз жөн. Мұндай кірме атауларды бір жағынан түпнұсқа тілден де тым алшақ кетпей, екінші жағынан, қазақ айтылымына мейлінше жақын, жағымды естілетіндей етіп қабылдасақ олар дыбыстық жүйемізге де зиянын тигізбей, айту, жазу дәстүрімізбен де үйлесім тауып тұрар еді.
Сонымен, біз алдағы уақытта әлем халықтарының тіліндегі жер-су мен кісі есімдерін қазақ тіліне ХХ ғасырда қалыптасқан делдал тіл орыс тілі арқылы қабылдау дәстүрімізді жалғастыра береміз бе, әлде оларды түпнұсқа тілден тікелей алуға көшеміз бе? Бізге осы мәселені принципті түрде шешіп, ол шешімімізді ғылыми негіздеп алуға тура келеді. Оның үстіне латын әліпбиіне көшуіміз жалқы есімдерді жазу, олардың дыбыс таңбасымен транслитерациясын жасауды сөзсіз талап етеді. Өйткені 42 таңбадан тұратын әліпбиіміз 32-ге қысқарды. Жаңа әліпбиден алынып тасталған таңбалар арқылы жазылып келген атауларды енді қалайда жаңаша жазуымызға тура келеді. Дәл осы сәтті пайдаланып, географиялық атауларды, мемлекеттер мен олардың астаналарын, әлемнің ірі қалаларының атауларын ұлт тіліне қабылдаудың, қазақша жазу тәртібі мен ережелерін де бұлжымастай етіп жасап алудың маңызы өте зор. Бұл мәселенің қиындық жағы да бар. Өйткені кез келген топонимді өз тілімізге икемдеп қабылдап, түпнұсқаға да нұқсан келтірмей жазу үшін сол тілді, сөздің шығу төркінін білуге тура келеді. Ономастика саласы маманының шығыс пен батыстың, әлем елдерінің барлық тілдерін білуі мүмкін емес. Оның сыртында оларға фонетика, фонология саласы бойынша да білімі терең, транскрипциялау, транслитерациялау жайын да жақсы білу қажет болады. Осының бәрі бір маманның басынан табылуы оңай деп ешкім айта алмаса керек.
Өзге тілдегі географиялық атауларды қарастырған шетелдік ғалымдар зерттеулерінде оларды ұлт тілінде таңбалаудың транслитерация, транскрипция және аудару сияқты негізгі үш тәсілінің артықшылықтары мен кемшіліктері жақсы ашылып көрсетілген. Бір әліпбидегі топонимді екінші әліпбиде жазу тілдер арасында транслитерация арқылы жүзеге асқанымен, онда пайдаланылатын арнайы таңбалар мен диакритикалардың ұлт тілдерінде көбінесе еш мәні болмайтындықтан, әр тіл өзі үшін дыбыстаңбалық кілт жасау қажеттілігі айтылады. Бізге осы қажеттілікті өтеу бағытында да нақты іс керек.
Бұл тұрғыдан келгенде Н.Кадмонның топономика саласының мамандарына қатысты мына пікірі өте орынды айтылған: «Географиялық атауларды берудің үш процесі – транслитерация, транскрипция және аударма – топонимистен жан-жақты біліктілікті талап етеді. Транслитерация мен транскрипция бір жағынан жазу жүйесімен, ал екінші жағынан – айтылумен байланысты, аударма болса тілдерді білуді талап етеді. Жақсы топонимистің бойында лингвистиканың барлық осы салаларын қамтитын дағдылар болады» (Н.Кадмон. Язык и передача географических названий. N.Kadmon, Toponymy: The Lore, Laws and Language of Geographical Names(New York, Vantage Press, 2001).
Ғалымның бұл сөзінен нағыз топонимист маман болудың қандай абыройлы әрі қаншалықты қиын екенін де бағамдауға болады. Мұндай біліктілік талаптарына сай келетін маман болудың қиындығын пайымдай білсек, кірме топонимдерді таңбалаудағы бірізділіктің болмауы мен жарыспалылықтың қайдан шығатынының да себептерін аңғарғандай боламыз.
Қазақ ономастикасының қойнау-қатпарларына терең үңіліп зерттеген аға буын ғалымдар мен осы салаға маманданған бүгінгі замандас әріптестер тарапынан жазылған іргелі ғылыми еңбектер, шешімін тапқан істер аз емес. Олар өз саласының көптеген мәселелерін ғылыми негіздеп, енді бірқатарын індетіп зерттеп жүргенінен хабардармыз. Дегенмен, оларды алдағы уақытта мемлекеттер мен қалалардың, басқа да оним түрлерінің қазақ тіліндегі транскрипциясын, транслитерациясын, аударылу принциптерін де негіздеп беру сияқты үлкен кәсіби біліктілікті қажет ететін жұмыстар да күтіп тұр. Бұл істі білікті сала мамандарының ойдағыдай атқаратынына күмәніміз жоқ.
Топонимдерді қабылдау мен жазудағы жарыспалықтың негізгі себептері жөнінде жоғарыда аз-кем ойымызды айттық. Енді оларды ұлт тілінде айту мен жазуды алдағы уақытта қалай жүзеге асыру қажет деген мәселеге келгенде өзге халықтардың бұл мәселені шешу жолдары, халықаралық тәжірибе мен ономастика ғылымының қазіргі жетістіктері негізге алыну қажеттігі еш дау туғызбайды.
Өзге бір тілдегі топонимдерді ұлт тіліне дұрыс қабылдау сол екі тілдің де табиғатын, олардың ауызша және жазба тілінің ерекшелігін ескеруді қажет етеді. Сонымен бірге географиялық атауларды бірнеше тілде таңбалау мәселесі де өте маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде ғалымдар халықаралық фонетикалық әліпбиді ұсынады. Мұны ескеру тәжірибесі де бізде жүйеге түсе қоймаған.
Өзге тілдегі географиялық атауларды қарастырған шетелдік ғалымдар зерттеулерінде оларды ұлт тілінде таңбалаудың транслитерация, транскрипция және аудару сияқты негізгі үш тәсілінің артықшылықтары мен кемшіліктері жақсы ашылып көрсетілген. Бір әліпбидегі топонимді екінші әліпбиде жазу тілдер арасында транслитерация арқылы жүзеге асқанымен, онда пайдаланылатын арнайы таңбалар мен диакритикалардың ұлт тілдерінде көбінесе еш мәні болмайтындықтан, әр тіл өзі үшін дыбыстаңбалық кілт жасау қажеттілігі айтылады. Бізге осы қажеттілікті өтеу бағытында да нақты іс керек. Ал топонимді транскрипциялау жолымен алғанда оны қабылдаушы тіл өз жазуының мүмкіндігі шегінде игереді. Бізде бұл тәсіл кең тараған. Тіпті онимдердің бар түрін жаппай осы әдіспен қабылдап жатамыз десек артық айтқандық болмас деп ойлаймыз. Әр тілдің дыбыстық жүйесінің өзіндік ерекшеліктері болатындықтан топонимдерді бұлай игеру кезінде түпнұсқа тілдің дыбыстық жүйесі мен оны қайта транскрипциялау кезінде сәйкессіздіктер туғызады. Тілді пайдаланатын көпшілік қауым арасында кең тарағандығына қарамастан кәсіби мамандар бұл тәсілге көп жүгіне бермейді. Сол себепті тұтынатын графикасы бөлек өзге тілден қабылданатын жалқы есімдерді алдымен дәл транслитерациялап алып, соны негізге ала отырып транскрипциялау жүзеге асырылса екі тілдің де мүддесін барынша ескеру мүмкіндігі көбірек болады.
Үшінші тәсіл географиялық атауларды аударып қабылдау бізде аса кең тарай қоймаған. Толық немесе жартылай аударылып алынған Біріккен Араб Әмірліктері ( – қысқарған түрі: БАӘ), Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Жаңасібір, Жаңа-Йорк (жеке қолданыс) тәрізді атаулар көп емес. Кезінде Көкшетауды орыс тіліне «Синегорье» деп аударып қолданғаны тәрізді ондай мысалдарды қазақ тілінен көп ұшырата бермейміз.
Әртүрлі тілдердегі атауларды жазуда көптеген мемлекеттерде құрылған осы мәселемен тікелей айналысып отырған АҚШ-тың географиялық атаулар жөніндегі Кеңесі, Малайзияның географиялық атаулар жөніндегі ұлттық комитеті, Мажарстан географиялық атаулар комитеті сияқты көптеген ұлттық ұйымдар мен БҰҰ жанындағы географиялық атаулар жөніндегі сарапшылар тобы сияқты халықаралық деңгейде жұмыс атқаратын ұйымдардың тәжірибесін де терең зерделеп, тиімді жақтарын ескеруден ұтылмасымыз анық.
Қорыта айтқанда, әліпби ауыстырып жатқан қазіргі кезеңде өткен тарихымыз бен болашақ бағытымызды ескере отырып, кірме топонимдерді ұлт тілінде жазуда көрініс беріп отырған кейбір шешімін таппаған мәселелерді кәсіби маман-топонимистердің ғылыми тұрғыдан шешіп, практикалық құралдар мен арнаулы сөздіктер шығаруының қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Бұл іске сол атау алынып отырған елдің тілін жетік білетін шет тілі мамандары да тартылса, істің сапалы да сауатты атқарылуына олардың септігі тиеді деген ойдамыз.