Әкесінің әрекетін жылдар өткенде түсініп, ғажайып әңгімесімен бөлісті
Менің бала кезімде үйде Майлыаяқ деген қара тазы болатын. Əкем екеуі үйге талай түлкі алып келген. Аңнан келген соң итті орап ауыз тамға жатқызып қоятынбыз. Бейшара дір-дір етіп жаурап жататын. Бір күні əкем сыртан келді де
-Майлыаяқты ұстап мойнына жіп байла,-деді. Мен итті ұстап мойнына жіп байлап əкеме алып келдім. Əкем итті қой қораға кіргізіп екі қойдың ортасына қосақтап байлады да ал келіп тұрып үшеуін қамшымен сабасын. Қойлардың үстінде жүні бар онша бата қоймады ау. Майлыаяқтың үсті қан жоса болды. Бір тісі сынды. Əбден сабап болған соң оларды босатып жіберді. Ит ұяшығына кіріп бір күн көрінбей жатты. Əкемнен болған соң неге олай істегенін сұрасам.
-Бір отар қойдың қасынан өтіп бара жатсам, отарға шауып бір қойды тамақтап тастады.
-Ендеше оны неге атып тастамадық. Ол бəрібір қоймайтын шығар? Неге қойлармен қосақтап сабадыңыз, қойлардың не жазығы бар?
-Е , балам екеуі қорлықты бірге көрген соң, оны өмір бойы ұмытпай бір біріне дұшпандық жасамайды, бұл атып тастайтын жаман ит емес қой. Бұл текті жануар,-деді.
Мен ол кезде (жасым ондардың кезі) мағанасын түсіне қоймадым. Бірақ қызығы сол Майлыаяқ малды көрсе айналып өтетін болды.
Міне енді жарты ғасырдан соң сол оқиға жиі есіме түседі. Біздің замандастар біраз қиындықтарды басымыздан өткіздік. Сондықтан болар біз бір-бірмізді құрметтедік.
Ал ешқандай қиындық көрмей «Дайын асқа тік қасық»,-болып өсіп келе жатқан ұрпақтың өмірге деген көзқарасы, бір біріне деген мейір шапағаттарынан қорқам.
Мүмкін мен пессимист болармын. Лайым солай болғай.
Абдірейім Өміров