Алтаймен байланыс артады
Кеше облыс әкімі Болат Бақауов бастаған аймақ делегациясы жұмыс сапарымен Ресейдің Алтай өлкесіне барды. Екі өңір басшысы кездесіп, келісімдер жасалды. Павлодарлықтар аталмыш өңірдің іргелі өнеркәсіптік және агроөнеркәсіп кешендерін аралап, қос тарапты қызықтыратын салалар бойынша мәмілеге келді.
Нақтысы, облыс әкімі Болат Бақауов Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлинмен кездесті. Әр өңірдің басшысы өздері басқарып отырған аумақтың басты артықшылықтарын тағы бір мәрте ортаға салды. Ортақ мүдде турасында пікір алмасты. Жиында екі тарап Павлодар облысы мен Алтай өлкесінің ынтымақтастығы туралы келісімді жүзеге асыруға бағытталған 2018-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бұл құжатта екі өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және өзге де салаларында ынтымақтастықты арттыру қарастырылған.
Ресми кездесуде Алтай өлкесінің губернаторы Александр Карлин қазақстандық әріптесімен бірге павлодарлықтар мен алтайлықтар арасындағы қатынасты эталондық үлгіге балады.
— Біздің ынтымақтастығымыз ешқашан тек сауда-экономикалық байланыстармен ғана шектелмеген. Біздің гуманитарлық салада да жақсы қатынасымыз баяғыдан қалыптасқан. Алтай өлкесінде медицина жақсы дамыған, сондықтан көрші мемлекеттердің азаматтарына да жоғары білікті медициналық көмек көрсете аламыз, — деді А.Карлин.
Ал Болат Бақауов павлодарлықтардың іргелес көршілеріне әрқашан ізгі ниетпен қарайтынын ерекше атады. Сол себепті көршілермен байланысты барынша нығайғанына мүдделі екенімізді де мәлім етті.
— Алтай өлкесінің ерекшеліктерін, нақтысы, мұнда агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, химия өнеркәсібі жақсы дамығанын ескере отырып, осы бағыттарда бірлесіп, қызықты жобалар жасай аламыз деп ойлаймын. Біздің өңіріміз ресейлік бизнеспен белсенді байланыста, 400-ден астам бірлескен кәсіпорын бар. Олардың көбі сауда-саттық, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді, — деді Б.Бақауов.
Облыс әкімі Павлодарда потенциалды инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер жайында да айтты. Яғни аймағымыз жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға әрдайым әзір екенін атады. Сондай-ақ. Б.Бақауов алтайлықтармен туризм саласында да өзара жемісті әрекеттестік орнайтынына сенім білдірді. Алтай өлкесінің бұрыннан Ресейдің жетекші туристік өңірі екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, биыл сәуір ың соңында аймағымыздың туристік ұйымдары «VISIT ALTAI» атты ауқымды халықаралық форумына қатыспақ.
Алқалы жиыннан кейін павлодарлық делегация металдан өнім шығаратын «Сибэнергомаш-БКЗ» ЖШҚ кәсіпорнына барды. Өндіріс орнының басшылығы 75 жылдық тарихы бар кәсіпорынның негізгі ерекшеліктерін баяндады. Айтуларынша компания энергетика, металлургия салаларында қолданылатын ірі жабдықтар шығарады. Мәселен, мұнда өнеркәсіптік қазандықтар өндіріледі. Іргесі қаланған кезден бері 2400 қазандық өндірілген. Мамандар алып жабдықты құрастырып шығу оңай еместігін алға тартты. Біреуін жасап шығу үшін жылдар жұмсалады. Бұл ретте, алтайлықтардың Қазақстанмен тығыс байланысын атап өту керек. Аталмыш кәсіпорыннан шыққан 100 шақты тартып-үрлеу жабдығы, 10-нан астам өнеркәсіптік қазандық Павлодарға жеткізілген. Олар Екібастұздың ГРЭС-1, ГРЭС-1, аймағымыздағы жылу-энергия станцияларында жұмыс істеп тұр. Жалпы Қазақстанның көптеген іргелі кәсіпорындары алтайлық өндіріс орнының өнімдерін тұтынуда. Өндіріс директоры Эльдар Гафуровтың айтуынша, мұнда құрастырылған диаметрі 4,3 метр болатын ірі түтінтартқыш құралдар бірнеше жыл бұрын екібастұздық станцияларға жеткізілген. Бұл кәсіпорында шығарылатын өнімдердің үлкендігі соншалық, кейбір жабдықты тұтынушыға жеткізу үшін он шақты вагон қажет етіледі.
Бұдан бөлек, павлодарлықтар ауыл шаруашылығы машина жасау бағытында жұмыс істейтін «Агроцентр» ААҚ-да болды. Сонымен қатар «Юг Сибири» өсімдік майын өндіретін компанияның да тәжірибесімен танысты.
Шағын және орта бизнес бағытында байланысты беріктеу де көзделген. Яғни, өнеркәсіп, инвестиция. Инновация, шағын және орта бизнес, туризм мәселелері бойынша екі жақты келіссөздер жасалды. Сонымен қатар, Павлодар мен алтай өлкесінің орталығы Барнауыл қаласының өнеркәсіптік кәсіпорындарының өкілдеріне арналған «business-to-business» кездесулері ұйымдастырылды. Павлодарлықтар алтайлық әріптестерімен агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында бірлескен жобалар жүзеге асыру мүмкіндіктерін де талқыға салды. Бұл ретте ресейлік серіктестеріне аймағымыздың өкілдері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында іскерлік ынтымақтастық жасауды ұсынды.
Түменге сапары барысындағыдай облыс әкімі Болат Бақауов Алтай өлкесінде тұрып жатқан қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесті.
Ал бүгін Болат Бақауов бастаған делегация «Авальман» тау шаңғысы базасына барады деп жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.