«Біз бір-бірімізге тәуелді болғанымызбен, теңге рубльге байланып қалған жоқ»
Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев теңге бағамына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Теңге бағамы сыртқы және ішкі нарықтарға тәуелді. Соңғы бірнеше күнге деййін барлық макроэкономикалық параметр тұрақты болды. Ең алдымен ол – мұнайдың жоғары бағасы және сауда серіктестері валютасының тұрақтылығы. Өкінішке қарай, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялары Ресейдің қор нарығы мен валюта нарығын құбылтты. Ресей біздің сауда серіктесіміз, ЕАЭО-ға мүше елдерміз. Әрине, біз бір-бірімізге ықпал етеміз. Сондықтан осы жағдайда Ресейде болып жатқан оқиғалар Қазақстанға әсерін тигізеді», — деді Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы теңге рубльге байланып қалмағанын атап өтті.
«Біз бір-бірімізге тәуелді болғанымызбен, теңге рубльге байланып қалған жоқ. Неге рубль қатты өзгеріп, теңге аз құбылды? Бірінші себеп, Қазақстан қандай жағдай болмасын санкцияларға тікелей де, жанама да ілікпейді. Себебі біздің мемлекет барлық елмен жақсы қарым-қатынаста», — деді ол.
Ақышев ұлттық банк үкіметпен бірлесіп валюта нарығындағы жағдайды зерттеп жатқанын айтты.
«Ұлттық банк теңге бағамына қатысты болжам жасамайды. Халыққа асығыс шешім қабылдамауға кеңес беремін. Нарықта қазір сұраныс пен ұсыныс балансы жүріп жатыр. Мұның бәрі сыртқы шокпен, яғни Ресейдегі жағдаймен байланысты. Ал Қазақстанда ондай өзгеріске еш себеп жоқ. Теңге күшеюі де, әлсіреуі де мүмкін. Айырбас пунктерінде теңге де, шетелдік валюта да жеткілікті. Халық дүрлігіп жатқан жоқ», — деді Ақышев.
Ол интервенцияға қатысты ақпарат 7-8 мамырда жарияланатынын атап өтті.