Жыл сайын өтетін «Atyrau Marathon — 2018» қайырымдылық бағытында ұйымдастырылады

13 мамырда Атырауда екінші рет марафон өтеді. Биылғы жылы марафон ұйымдастырушылары 42  шақырымды енгізуге шешім қабылдап, қазірдің өзінде 25-тен астам адам тіркелді.  Екінші қашықтық — 10 шақырым, ол тұрақты жүгірумен айналысатын адамдар үшін арнайы дайындалған. Үшінші қашықтық — жаңадан бастағандар үшін 4,5 шақырым (тегін).

-Жарысқа қатысу ақылы болып табылады. Марафон қашықтығы үшін 3 000 теңге, 10 шақырымға — 1000 теңге, ал үшінші қашықтыққа қатысу тегін. Атап өту керек, студенттер мен зейнеткерлер де тегін қатыса алады, -дейді «Atyrau  Marathon — 2018» ұйымдастыру комитетінің өкілі Юрий Пономарев.

Айта кету керек тіркелу үшін жиналған қаржы толықтай қайырымдылық мақсатына, қаламыздағы әлеуметтік және білім беру мекемелеріне, мектеп-интернаттарға спорттық жабдықтар сатып алуға жұмсалады.

— Ескерткіш медальдар мен реттік нөмірлер әр марафоншыға беріледі. Қазіргі таңда марафон символы бар 3 мың медаль дайын. Марафонға қатысушы тіркеліп, жарнасын төлеген болса, онда ол жарысқа қатысатын болады. Барлық қаражат «Atyrau  Marathon – 2018» жобасынан бөлінеді, — дейді Юрий Пономарев.

Марафонның барлық қатысушылары үшін апта сайынғы жаттығулар сейсенбі және бейсенбі күні өткізіледі. Айта кету керек, халықаралық деңгейдегі марафоншы, спорт шебері Марат Жыланбаев ауқымды шараның арнайы қонағы болады. Ол  Азияның, Африканың, Австралияның және Американың ең үлкен шөлдерімен жүгіріп өткен жалғыз адам.

 

Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі