Қызға айналған ер Илай немесе шындық пен ұяттың арақатынасы туралы не білеміз?

Шындық немесе ұят. Ұят — шындық па әлде шындық — ұят па?! Осы екі ұғым қазіргі телеарналарда да, әлеуметтік желілерде де, ютуб арналарында да жиі кездеседі. «Бір аяқ сусын — екі кісінің құны: су табылмаса шөлдеген өледі, ұяттан — тауып бермеген өледі» деген Сырым Датұлы атамыздың сөзі ойыма оралып отыр. Тек батыр өмір сүрген дәуір мен қазіргі заманғы айырмашылық «судың құнында» болып тұр. Қазіргі «азық су» — шындық. Журналистер және өзін журналистпін деп санаушылар дабыл қағып, шындықты айтады, көрсетеді. Дегенмен «ол — ұят» дейді халық. Шындықты айтамын деп ұятқа қалып жатқан тұлғалар жайлы бірнеше мысал келтіргім келіп отыр.
Әлемді құтқарар сұлулықтан бастайық. Жуырда «Мисс Виртуал Қазақстан-2018» байқауы туралы естіп, жағасын ұстағандар көп. Естеріңізге сала кетсем, аталған сұлулар сайысында жеңімпаз атағына лайық Арина Алиева есімді Шым қаланың үмітін арқалаған аруымыз шын мәнісінде бетін әрлеп, суретін сәндеп көзге түскен Илай Дягилев есімді сұңғақ бойлы жігіт болып шықты[1]. Қоғам шулады, телеарналар талқылады, әлеуметтік желілер жарыса жазды. Илайдың сөзіне жүгінсек оның мақсаты қазіргі таңдағы сұлулық символы болуы тиіс қазақ арулары қабат-қабат бояудың артында жасырынып қалған жасандылықты ашу болатын. Тіпті, Илай емес, бүкіл қоғам қазақ қыздарының косметикаға көп жүгінетіндігін күнде айтып, жазып жүр. Ал бұл жігіт нақты әрекет арқылы косметикамен жігіттің де бет-әлпетін қызға ұқсатуға болатынын дәлелдегісі келді, дәлелдеді де. Соңында шындықты жария еткені үшін ұятқа қалды. «Ер жігіттің боянғаны дұрыс емес», «қазаққа жат қылық» деп шуласты қоғам. Иә, дұрыс емес, дегенмен ол күнделікті өмірде қыз бейнесімен жүрген жоқ, бұл — бір. Екіншіден, аталған әрекет жоспарлы түрде орындалған топтық жоба болып табылады. Сонда жасандылықты әшкерелеген шындық — ұят па?!
Келесі мәселелені «Талқылайық» («Talk like») — Аман Тасығанның жаңа ютуб арнасындағы жобасы[2]. Қоғам арасында үлкен резонанс тудырған оқиға осы болды. Аман Тасыған — тәжірибелі журналист, білікті маман, «Кеш қалмайық» бағдарламасының жүргізушісі, бір сөзбен айтқанда елдің жоғын жоқтаған азамат. Дегенмен «Талқылайық» жобасы оған деген ойды бір сәтте жүз сексен градусқа ауыстырды. Мәселе бағдарлама барысында қонақтарға қойылатын сауалдарда. Әлеуметтік желіде жарыса жазған пікірлермен айтқанда «ұятсыз, Аман Тасығанды жақсы адам деп жүрсем…», «фу, жиіркенішті!», «қазаққа ұят қылық!» жалғастыра берсең сыншылар сөзінің шегі жоқ. «Талқылайық» бағдарламасының артықшылығы неде? Біріншіден, шақырылатын қонақтардың маңыздылығында. Яғни, олардың қатарында елімізге еңбегі сіңген қайраткер Тұңғышбай Жаманқұлов, шындықты жырына арқау еткен ақын Мұхтар Шаханов, өнер иесі Нұрболат Абдуллин, продюссер Баян Мақсатқызы, «Қалаулым» ток-шоуы арқылы танымалдылыққа ие болған Замира (бұл жөнінде төменірек тоқталамын) және т.б. айтары бар тұлғалар болды. Екіншіден, сұхбат барысындағы сұрақтардың шынайылығында. Яғни, өзге бағдарламаларда сақталатын «қоюға болмайды» деген ережелердің жоқтығында. Мұның жақсы жағы — шындық бүге-шүгесіне дейін талқыланады, жаман жағы — тақырып пен кейіпкерге байланысты таңдалған сауалдар көптің құлағына түрпідей тиіп шошытатындығында. Дегенмен аты шулы, қоғамда әлеуметтік желі немесе скандалды ток-шоу арқылы танымалдылыққа ие болған тұлғалармен жүргізілген сұхбаттың мақсаты — көрермендердің бағдарламаны көруге деген қызығушылығын ояту негізінде жасалған кәсіби әрекет. Енді «ұятсыз» сұрақтарға оралайық. «Ұлттығыңды жойып, тіліңді кесіп, аузыңды буа берсе — қорқақ та боласың, бүгежек те, именшек те боласың» деп Шерхан Мұртаза атамыз айтпақшы, көзбен көріп, құлақпен естіп жүрген нәрселерді сұрау ұят па?! Мәселен, еркек пен әйелдің қарым-қатынасы туралы айту «ұят» деп тілді кесе бергеннен, зорлық әрекеттері азайып жатыр ма?! Керісінше, қылмыс көп. Сондықтан кемшілік көбейген тұста шындықты ашып айту жат қылық па?! Ауызды будық делік. Бірақ балаларға сіз қолына ұстатқан смартфоны арқылы «ұятты» ақпарат бәрібір тоқтаусыз келіп тұр емес пе?! Демек, ақпараттың қайсысы жақсы, қайсысы жаман екенін айтып түсіндіретін, үлкен адамдарша талқылайтын заманға жеттік деген сөз.
Кінәліні іздесең, табылады. Дегенмен мен де — қазақ, сіз де — қазақ, бәріміз де — қазақпыз. Көзбен көріп жүрген шындықты құлақпен есту неліктен «ұят»?! «Шындық — шынайы, шын бар болмыс, нақты бар және дамитын нәрсе, ал ұят — адамға тән сезім қабілеті»[3]. Адами қабілетіміз шындықты жатсынады ма, әлде шындықты айту — ұят па?!

Мереке Зейноллақызы