Жаңғыру жолындағы жиын (Республика кітапханашыларының Атыраудағы басқосуы)
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, Атырау облысындағы кітапханаларды дамытудың жаңашыл жолдарын қарастыру, кітапхана жұмыстарындағы инновацияның жаңа мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында 18 – 19 сәуір күндері Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Атырау облысы Әкімдігінің және Атырау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Кітапханадан ағарту орталықтарына: жаңғырудың жаңа мүмкіндіктері» атты Республикалық форумы ұйымдастырылды.
Ерекше қарқынмен дамып келе жатқан сандық форматтағы заманның үрдісіне ілесу, жаңғыру мен жаңару көшінде жаңа белестерді бағындыру — кітапхана мамандарының абыройлы міндеті.
Форум аясында кітапханаларды жаңғыртудың үздік тәжірибелері мен оларды ағарту орталықтарына айналдырудың жолдары туралы пікірлер талқыланып, шеберлік сыныптары, тренингтер мен кездесулер арқылы жаңа білім алудың мүмкіндіктері қарастырылды.
Форумда кітапханалар жұмысын жаңғыртудың өзекті мәселелері, кітапхана мамандарының кәсіби деңгейі мен заманауи келбеті, кітапханалық ресурстарды сандық форматқа көшіру, ауыл кітапханаларын жаңғырту мақсатында жасалуы тиіс жұмыстар туралы ойлар қозғалып, пікірлер айтылды.
Шараға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Н.Н.Жолдыбалинов, сонымен қатар Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан, Атырау қаласы және аудандардың көпшілік кітапхана қызметкерлері және колледж, лицей, мектеп ұстаздары мен кітапханашылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана және Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапханасындағы әріптестеріміз осы форум жұмысының пленарлық мәжілісіне онлаин тәртібінде қатысты.
Форумның Плоенарлық мәжілісінің модераторы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директорының міндетін атқарушы Н.Н.Жолдыбалинов «ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы әлемдік мәдени және ақпараттық кеңістікте» тақырыбындағы хабарлама жасап, Бас кітапхана мамандарының іс – тәжірибесі туралы айта келіп, сандық форматтағы кітапханалық жобалар туралы атқарлған жұмыстарға тоқталды. Сондай- ақ ол республиканың көптеген облыстарымен бірге Ғ.Сланов атындағы Атырау ОҒӘК осындай біріккен жобалардың белсенді қатысушылары екендігін мәлімдеді.
Форум қатысушыларының назарына «Инновациялық кітапхана қызметін ұйымдастыру ерекшеліктері» / Назарбаев Зияткерлік Мектебінің кітапхана меңгерушісі А.Е.Демишова/, «Кітапханаларды жаңғырту: өркениетке енудің жаңа белесі» /С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының бөлім басшысы Қ.С.Райымбаева/, «Кітапханалар мәдениет және бос уақытты өткізу орталығы ретінде»/ Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі А.Д.Тугелова/, «Ж. Молдағалиев атындағы ОҒӘК жобалары: Жаңа бағыт. Жаңа формат» /Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының өлкетану бөлімінің жетекшісі С.С.Иргалиева /, «Кітапханадан ағарту орталығына айналу: Ақпарат әлеміне нақты қадам» ) / Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстықғылыми әмбебап кітапханасының басшысыС.С.Измұханбетова/ тақырыбындағы хабарламалар ұсынылып, кітапханашылар озық іс-тәжірибелермен бөлісу нәтижесінде өз пікірлерін ортаға салып кеңесті.
Пленарлық отырыс соңында Атырау облысындағы бас кітапхананың басшысы Сара Салахеденқызы кітапхана саласын дамытуға бағытталған елеулі пікірлер нәтижесінде жазылған форум қарарын көпшілік талқысына салды. Атап айтқанда,пайдаланушылардың әлемдік ақпаратқа, білім мен мәдениет құндылықтарына еркін қолжетімділігін, тұрғындардың электрондық сауаттылығын қамтамасыз ететін кітапханалық – ақпараттық қызмет көрсетудің жаңа сапалы жүйесін құру бағытындағы және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс кітапханаларының өлкетану қорларын сандық форматқа көшіру мақсатында кәсіби сканер санын көбейтуді қамтамасыз ету жайындағы пікірлерді көпшілік бірауыздан бірауыздан қолдады.
«Кітапханадан ағарту орталықтарына: жаңғырудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы Республикалық Форум жұмыстары одан әрі Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «НЗМ тәжірибесі: Білім салтанаты — кітап салтанаты» атты тренинг пен «Білім-Инновация» облыстық лицейіндегі «Кітапхана ісіндегі заманауи технологияның мүмкіндіктері» тақырыбындағы секциялық мәжілісімен жалғасын тапты. Әріптестеріміз заманауи бағытта жұмыс жасап жатырған білім ордаларындағы кітапханашылардың жұмыс үрдісі туралы мол мағлұматтар жинақтап, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Форум аясындағы шаралар Атырау облыстық балалар кітапханасының жұмыстарымен танысумен жалғасты. Одан әрі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысының міндетін атқарушы Н.Н.Жолдыбалинов форум жұмысына оң баға беріп, жастарды кітапхана ісінің алдыңғы буын өкілдерінің мол тәжірибелерін үйренуге шақырды. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы С.С.Сабыр қатысушыларға сертификат тапсырды.
Форум соңында қатысушылар Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде және Сарайшық мемориалдық кешенінде болып өлке тарихымен танысты.
Гүлжан Ескендір,
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық
ғылыми әмбебап кітапхананың әдіскері