Елімізде темекіге қарсы айлық өтуде

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мамыр айының 1-31 жұлдызы аралығын темекімен күрес айлығы деп жариялады. Яғни, бір ай бойына еліміздің түкпір-түкпірінде темекі түтініне қарсы түрші іс-шаралар өтпек. Мақсаты – денсаулыққа шылымқорлықтың зиянды әсері туралы халықты ақпараттандыруды арттыру; қазақстандықтарды темекі шегуді төмендетуге, салауатты өмір салтын ұстануға, азаматтардың өз денсаулығына және заңдарды орындауға жауапкершілігін арттыруға бағытталған әрекеттерге жұмылдыру екені айқын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әр 6 секунд сайын темекі бір адамның өмірін жалмап, жыл сайын темекі шегу 5,4 млн. адамның өліміне себепкер болуда. Ал, 2015 жылы ҚР ДСӘДМ Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығымен өткізілген 6-шы Ұлттық зерттеудің статистикалық мәліметтері қазақстандықтардың 18,3%-ы темекі өнімдерін тұтынатынына көз жеткізіп отыр. Сондай-ақ, статистика жылдан-жылға елімізде шылымқорлар санының азайып келе жатқанымен қуантып отыр. 31 мамыр Дүниежүзілік темекімен күрес күнінің аясында бірқатар шараларды өткізу мен ұйымдастыру да ұлттық орталықтың жоспарында бар. Білім беру ұйымдарында медициналық мамандардың қатысуымен темекі мен темекі түтінінің ағзаға зияны туралы, оның салдарын түсіндіру мақсатында сынып сағаттарын өткізу; «Кальянның зияны», «Темекінің қаупі», «Түтінсіз темекінің зияны» тақырыптарына психологтар мен учаскелік дәрігерлерді шақыру арқылы ата-аналар жиналысын, оларға кеңес беру шараларын (оның ішінде мінез-құлық қатерлері бар балалардың ата-аналары болған жағдайда) өткізу; жастар денсаулығы орталықтарында «Темекі шегудің зияны», «Балаларға – салауатты болашақ» тақырыптарында тренингтер мен ашық есік күндерін өткізу; «Денсаулық жарнамасы» флеш-мобын өткізу; тең-теңімен қағидасы бойынша студенттер арасынан еріктілерді оқыту көзделуде.

Темекі мен кальян шегуді теріс көрмейтін жастардың азаюы әрине қуантады. Десе де, бұл зиянкестерді түп тамырымен жоюдың басы отбасындағы саналы тәрбиеден басталатынын естен шығармаған жөн.

«ЕлАна»