Павлодарда «Мемлекеттік тіл және жастар» телеойыны өтті

Павлодар қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоғары сынып оқушылары арасында  «Мемлекеттік тіл және жастар» атты интеллектуалдық ойыны өткізілді. Ойын ұйымдастырушысы – Павлодар облысының тілдерді дамыту басқармасы. Басқарманың бас маманы Дәулет Темірболаттың мәліметіне сәйкес, мемлекеттік тілді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған ойын Павлодар қаласында осымен екінші рет өткізілді.

– Біз өңіріміздің барлық мамандандырылған мектептеріне шақырулар жібердік. Балалар қазақ халқының мәдениеті, тарихы, музыкасы мен әдебиетіне байланысты сұрақтарға жауап берді. Телеойынға облыс мектептерінің 9-11-сынып оқушылары мен ұстаздары қатысты. Интеллектуалды жарыс «Әдебиет айдыны», «Тамсан» және «Тіл-таным» деп аталатын 3 кезеңнен тұрады. Байқаудың алғашқы кезеңінде қатысушылар әйгілі тұлғаның қанатты сөзін аяқтап, оның авторын табуы керек болатын.Екінші кезеңде қазақ халқының мақал-мәтелдерін неғұрлым көп білуі талап етілді, ал үшіншіде бір минут ішінде он сөздің мағынасын түсіндіру тиіс, — дейді Дәулет Темірболат.

Ойын қорытындысы бойынша, ең көп ұпай жинаған «Жас дарын» мектебінің оқушысы Аружан Мұхамеджан бірінші орынға ие болды, екінші және үшінші орындарды Павлодар қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №10 лицей-мектебінің оқушылары Лағыл Тілебалды мен Камила Басынбекова иеленді. Телеойынды 25 сәуір күні сағат 19.00-де «ERTIS» телеарнасының эфирінен тамашалай аласыздар.

Өз тілшіміз