Павлодарда IT орталықтар ашылады

Алдағы уақытта Павлодар облысының әр қаласы мен ауданында IT орталықтар ашылмақ. Сондай-ақ әр өңірде цифрландыру жүйесін іске асырып, барлық мектеп асханаларын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке кәсіпкерлердің басқарылуына беру жоспарланып отыр. Жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша жоспарларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында талқылады.

 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Павлодарға жұмыс сапарынан кейін облыста стратегиялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Оның бірі – әр аудан мен қалада IT орталықтарды ашу.

– Орталықтарда бағдарламалау мен роботты техника негіздерін терең оқыту бойынша факультативтік сабақтар, алгоритмдерді құру, бағдарламалар, веб-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимация жасау дағдыларына үйрету бойынша сабақтар өткізіледі,- деді облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев. – Бұл жобаның ең негізгі мақсаты – оқушылардың IT-дегі негізгі және функционалды дағдыларын қалыптастыру.

IT-сыныптарды қажетті кадрлармен қамтамасыз ету үшін арнайы мамандарды даярлау жоспарланып отыр. Болашақ оқытушылар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы мамандандырылудан өтетін болады.

Ірі жобалардың тағы бірі – Павлодар облысының барлық тұрғындарына арналған электрондық дерекқор. Осындай дерекқорға қол жеткізу үшін өңірдің барлық тұрғындары «цифрландырылатын» болады. Сынамалы жоба шеңберінде алғашқы жұмыстар Ленин кенті мен Май және Успен аудандарында жүргізіледі.

– Әр әкім шағын бөлімшелер мен ауылдардан бастап өз ауданын «цифрландырудан» өткізуді бастауы тиіс,- деді Болат Бақауов. – Себебі жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әр аулаға кіріп, сауалнама жүргізетіндеріне қарамастан, шынайы бейнені көру мүмкін емес, себебі «біреуі үйінен шығып кетті», «екіншісі жұмыстан сәл кешікті», «басқасы үшін туысы қол қоя салды» және т.с.с. Ал егер де электрондық дерекқор құрылатын болса, біз әр тұрғынның өзекті статусын білу мүмкіндігіне ие боламыз. Болашақта осындай дерекқор әр салада қажет болады.

Сонымен бірге Павлодар облысында мектептегі тамақтандыруға қатысты мәселені біржолата шешуді ұйғарды. Мектеп асханаларын мемлекеттік сатып алулар арқылы жалға берудің орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке кәсіпкерлердің басқарылуына беру керек деп шешілді.

– Павлодар облысында 364 мектеп жұмыс істейді, олардың барлығында асхана бар,- деді кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Қанат Шабенов. – Олардың МЖӘ аясында берілуі тамақтың сапасын арттырып, белгіленген талаптарға сай қалыпқа келтіруге және асхана жабдықтарын жаңартуға көмектеседі.

Павлодарлық оқушыларды қазақстандық кәсіпкерлер ғана емес, ресейлік кәсіпкерлер де тамақтандырғысы келеді.  Тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызығушылығын ресейлік қоғамдық тамақтанудың жетекші 5 ауторсшыларының бірі болып табылатын «Кейтеринбург» компаниясы білдіріп отыр. Бұл компанияның күн сайын 100 мың адамға қызмет көрсететін балалар тағамының комбинаты бар.

Мектептегі тамақтану мәселесі бірнеше жыл қатарынан ең жоғарғы деңгейде көтеріліп келеді, сол себепті бұл салада тәжірибесі мол компаниямен жұмыс істегеніміз дұрыс болады, – деді Болат Бақауов. – Бұл компания біздің өңірімізде жұмыс істеп, балаларды тамақтандыруды дұрыс ұйымдастыру жолдарын көрсетуге дайын.

Жиналыстың қорытындысы бойынша, Павлодар облысының әкімі IT-мамандарды даярлау бойынша кәсіби оқытудан өтетін үміткерлерді таңдау жөнінде ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және МЖӘ-ларды жұмылдыру арқылы мектеп асханаларында оқушыларды тамақтандыру стандарттарын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жасау туралы тапсырмалар берді.

Өз тілшіміз