117 студент оқудан шығарылды. Неге?

Хабар-24 арнасы: «Елдегі «Астана» университетіне түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған студенттер оқудан шығарылды»,— деп хабарлайды.  

Еске салсақ, былтыр күзде емтиханды өз күшімен тапсырғандар арызданып, бұл іс бойынша тексеріс жүргізілген еді. Соның нәтижесінде ағылшын тілі емтиханы бойынша 117 тіркелмеген сертификат анықталған. Магистратура немесе докторантураға түсемін дегендерге IELTS сертификаты емтихан кезінде басымдық береді. Сол себепті болар, былтыр көп адам бұл құжатты сатып алған. Алайда барлық сынақтан өз күшімен өткендер қалыптасқан жағдаймен келіспеген. Студенттер бұл мәселеге қоғам назарын аударып, соның нәтижесінде Білім және ғылым министрлігі тексеріс жүргізіп, базада тіркелмеген 117 сертификат бар екендігін анықтаған. «Астана медициналық университеті» АҚ ректорының орынбасары Франц Галицкий: «Білім және ғылым министрлігінің комиссиясы екі рет тексеріс жүргізді. Басында біз 33 баланы шығардық. Жақында тағы 84 студент оқудан шеттетілді. Енді бұл азаматтар олардың оқуына жұмсалған қаржыны қайтаруы тиіс. Олардың көбі грантта оқыды. Тек 9 адам оқуына өзі төледі», – дейді Бұл оқиғаны тергеу қалалық ішкі істер департаментіне жүктелді. Нәтижесінде 117 қылмыстық іс қозғалды. Оның 30-ы сотқа жіберілді. Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Болат Пазылов: «385-баптың 3-тарауы, яғни жалған құжатты пайдалану санкциясы бойынша 300 айлық есептік көрсеткіш айыппұл жазасы тағайындалады. Сонымен қатар қамауға алу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту да қарастырылған», – дейді. Оқудан шығып қалған студенттердің орны қазір бос. Енді емтиханды өз күшімен тапсырғандар осы гранттарды иеленуге үмітті. «Өкінішке қарай, біз бұл түйіткілді өз бетімізбен шеше алмаймыз. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі бірқатар құжатты реттеу керек. Соның негізінде біз ақша төлеп оқып жатқандарды осы бос орындарға ауыстырамыз», – дейді Ф.Галицкий. Жалған сертификат сатып алған студенттің бәрі оқудан күзде шығарылуы тиіс еді. Бірақ соттың бұл шешімі уақытылы орындалмаған. Мұндай жағдайда медицина мамандарын даярлайтын оқу ордасы лицензиясынан айырылуы да мүмкін.

Ермек Назым