Ауылда анаң сағынып жүр
(Ана монологы)
Жан балам! Бұл хатты саған жазар ма едім, жазбас па едім? Бірақ денемнен бөлініп шыққан бөлшегім емессің бе? Сағынбайды дейсің бе? Сол сағыныштан туған сөздер деп білерсің.
Рахмет, «Ақшадан қысылып жүрген жоқсыз ба?» деп сұрап тұрасың. Ақшадан қысылмаспын. Қартайған шағымда не жеп, не киіп қатырады дейсің? Зейнетақым да бар. Алайда, шынымды айтайын, балам, сенің көңіліңді, пейіліңді, дауысыңды сағынып жүрмін.
Есіңде ме? Жоқ, ол кез есіңде жоқ шығар. Шақалақ кезіңде бесікте жатып, маған қарап жымиятынсың. Қарны ашып қалды ма деп дереу аузыңа ақ сүтімді тосатынмын.
Алты-жеті ай болғанда, былдырлап бір нәрселерді айта бастадың. Не дегеніңді білмеймін, бірақ ол сөздерің маған «Анашым, сені жақсы көремін» деп естілетін.
Бір жастан аса бергенде, қалт-құлт етіп жүре бастадың. Оның қызығы тіптен бөлек. Тәлтіректеп барып, құлап қаласың? Қайта тұрып, қайта жүресің. Соның бәрі әлі күнде менің жүрегімде сайрап тұр, балам!
Үш-төрт жасқа келдің. Қолыңа түскенді қирату сенің өнерің болатын. Бірақ сен бір нәрсе сындырсаң, мен күлетінмін. Қызық, сен бір нәрсені бүлдіресің, ал мен күлемін.
Бір күні қатты ауырып қалдың. Неше күн жазылмай жаттың. Сол кезде менің күйімді көрсең ғой. «Әй, Алла Тағалам, баланың орнына мен ауырайын. Балама шипа берші» деп неше рет жаратқанға жалбарындым. Ыстығыңды өлшеймін, дәрі беремін, түні бойы қолымнан тастамай көтеріп жүрем. Үстіңдегі көрпені біресе ашам, біресе жабам. Әйтеуір, сенің жағдайыңды жасаумен әуремін.
Сол күндерді ұмытады дейсің бе? Өз жүрегімнен бөлініп шыққан балам емессің бе?
Одан соң мектепке бардың. Күн сайын сен мектептен келгенше сені уайымдаумен отырам.
Сөйтіп жүріп, ер жеттің ғой, қарағым. Міне, сен жұмысқа кеткелі аттай
5 жылдың жүзі болды. Содан бері менің ана жүрегім нелерді бастан кешпеді дейсің?
Құдайдың құтты күні сені ойлаймын. «Осы қарғам не істеп жүр екен?», «Неге хабарласпай кетті», «Ден саулығы жақсы ма екен?», «Шаршап жүр ме екен?», «Қасындағы достары қандай адамдар екен?»… Санамдағы сұрақ бітпейді. Алла ананың осылай жаратады екен ғой, қайтейін. Балаға деген мейірімді ана жүрегіне осылай салады екен ғой. Енді міне, бес жылдан бері басқа қаладасың. Жылына бір рет келіп, он күн қасымда болғаның не болады? Мауқым оған басыла қоя ма?
Жан балам, енді мен қартайдым. Көлігім келген күні алыс сапарға аттанып кете барамын. Ол жақты білмеймін ғой, бірақ онда да сені сағынатын секілдімін. Жоқ, әлде, сен жоқта жүріп кетсем, қайтып сені көрмес пе екем. Соны ойласам, жүрегім қақ айрылады, жаным! Кетер кезде құшағыма басып, маңдайыңнан иіскеп, әбден мауқымды басып алсам деймін.
Дұрыс, сен үлкен қызметтесің. Елдің сыйлы азаматысың. Уақытың да жоқ шығар. Бірақ сені дүниеге әкелген анаңның көңілі қашан да алаңдаулы екенін білгейсің.
Есікке қарасам, «Анашым, мені сағындың ба?» кіріп келетін секілдісің. Өзің әперген телефонға қысқа күнде қырық рет қараймын. Сен хабарласақанда, қара басып естімей қалдым ба деймін. Жоқ. Есіктен де кірмейсің.Қоңырауың көрінбейді. Сол баяғы қоңыр күйге қайта түсемін.
Жаным, балам! Мен бәріне де шыдаймын. Шыдауға үйренгенмін. Бар тілегім, қайда жүрсең, сен аман бол! Мұнда сені сарғая күтіп жүрген, сағынып жүрген, сағыныштан жанын қоярға жер таппай жүрген анаң бар екенін ұмытпа!
Енді келгенде мені таппай қалсаң, мұңайма! Мені адасып кетеді дейсің бе, жұрттың кеткен жеріне барармын. Өлгеннің артынан Құран барады дейді ғой. Артымнан Құран бағыштап тұрарсың. Шамаң жетсе, жылына біл мал құрбандық шал.
Анаңның иісін сағынсаң, мен жетқан бөлмеге келерсің. Иісімді таппасаң, әрі-бері жүрген іздерімді көрерсің. Іздерімді таппасаң, қабіріме барып еске аларсың.
Бірақ ешуақытта көңіліңді түсірме, балам! Мен үшін сенің көңілің қымбат, құлыным! Қайда жүрсең де еңсеңді тік ұста, балапаным!
Асылбек Әуезханұлы