Биыл Павлодар облысының орталығында 10 мың түп ағаш отырғызылады
Павлодарда абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында көріктендіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Өткен аптаның соңында болған тазалық шарасы барысында «Қазправда» көшесінің бойына 70 түп және Қ.Бекқожин көшесінің бойына 60 түп ағаш отырғызылды.
Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің сөзінше, биыл көгалдандыру жұмысы жылдағыдан екі апта бұрын басталған. Жалпы, осы жылы облыс орталығына 10 мыңнан астам ағаш көшеттерін егу жоспарланған.
— Біз биыл қала бюджетінен бөлінген қаражатқа облыс орталығына 3 мыңға жуық ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Негізінен, Камзин көшесі бойындағы және екінші Павлодар шағын ауданындағы қураған теректердің орнына егеміз. Сонымен қатар, қаладағы 50-ге жақын ірі өндіріс және жеке кәсіпорынмен келісімшартқа отырдық. Яғни, олар өз қаражаттары есебінен 10 мыңдай ағаш отырғызады, — дейді Нұржан Кемерқұлы.
Сенбілік шарасына қала әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары және №24 мектеп ұжымы қатысты. Сонымен қатар, «Горзеленстрой» ЖШС және «Павлодар-Водоканал» ЖШС мекемелерінің техникалары жұмылдырылған.
— Биылғы көгалдандыру шарасы аясында осы «Қазправда» көшесіне ағаш отырғызу және көше бойын қыстан қалған қоқыстан тазарту жұмысы біздің мектепке жүктелген болатын. Жоспар бойынша жазға дейін 200 ағаш отырғызуымыз керек. Бүгінгі сенбілікке мектептің жас мамандарымен бірге қкеліп қатысып, қаланы көріктендіруге өз үлесімізді қосудамыз. Қазақта: «Он жылыңды ойласаң ағаш ек» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, болашақта бүгін өз қолымызбен отырғызған көшеттердің үлкен саялы бәйтерек болғанын көреміз деп ойлаймын, — дейді №24 мектептің педагогика және психология мұғалімі Сағидолла Мүтәліпұлы.
Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы.