ОҚО-да Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтілді
Шымкент қаласында 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтілді. Мерекелік шараның шымылдығы «Ashyq El» атты театрландырылған музыкалық қойылымымен түрілді. Ынтымақ пен берекені ұлықтайтын мейрамға арналған кеште алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев Оңтүстік жұртын айтулы мерекемен құттықтады.
«Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі — бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымақта тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында ел аумағында жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осының нәтижесінде Қазақстан ынтымағы жарасқан, ырысы артқан елге айналды. Мемлекетіміздің басты байлығы – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау ісіне әрбіріміз жауаптымыз. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болып, баршаңыздың шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Кейін облыс басшысы өңірдегі этно-мәдени орталық өкілдеріне «Бауырмал» сыйлығын тапсырды. Олардың қатарында облыстық «Ынтымақ» ұлтаралық мәдениет орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Төлепова, облыстық «Татар-башқұрт мәдени орталығы» бірлестігінің төрайымы А.Мухамедова, «Қазақстан кәрістері ассоциациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрайымы Р.Пак сынды этно-мәдени орталық басшылары бар.
Мерекелік шара «Көңілді дастархан» — вокалды хореографиялық композициямен және «Әлем ырғағы» атты түрлі ұлт аспаптардың орындауында музыкалық қойылыммен жалғасты.
Кейін облыс басшысы Ж. Түймебаев түрлі мәдениет орталықтары дайындаған көрмені тамашалады. Шараға этнос өкілдері салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын танытатын тұрмыстық заттарын қойған.
Сондай-ақ, мереке күні қазақ эстрада жұлдыздарының концерті өтіп, отшашуға ұласатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі