Атырау облысы Мақат ауданында жаңа әкім тағайындалды

2 мамырда Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Берікқали Сәрсенғалиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты Мақат аудандық депутаттарының келісіміне ауданның жаңа әкімі Жұмабай Қарағаевтың кандидатурасын ұсынды.

Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдады. Мақат ауданының жаңа әкімін таныстырған облыс әкімі кандидатура ҚР Президент әкімшілігімен келісілгенін атап өтті.

Аймақ басшысы жаңа әкімнің мемлекеттік қызметте атқарған түрлі лауазымдардағы тәжірибесі алдына қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Нұрлан Ноғаев Мақат ауданының бұрынғы әкімі Берікқали Сәрсенғалиевке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Айта кетейік, Губкин атындағы Мәскеу университетінің түлегі, техника ғылымдарының кандидаты Жұмабай Қарағаевтың мемлекеттік қызмет пен жеке секторда 19 жыл еңбек өтілі бар. Әр жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарында жеке компанияларды басқарды, Атырау қалалық әкімдігінде ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне жетекшілік етті. Кейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Атырау облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасын басқарды. 2017 жылдың басынан бері Атырау облыстық энергетика және ТКШ басқармасын басқарып келді.

                                                  Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі