Коворкинг-кітапхана – ауылда!

Ауылдағы ағайынды кітап оқуға тартудың ең тиімді жолы – кітапханалар жүйесін жаңғырту, оны заманауи құрылғылармен жабдықтап, өзге де цифрлы жобалар енгізу. Міне, бұл бағытта биыл Павлодар өңірінде нақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Лебяжі ауданынның Аққу ауылы мен Черное елді мекеніндегі кітапханада заманға сай жабдықталған «Коворкинг орталықтарының» ашылуы – осының айғағы.

«Коворкинг орталықтардың» ашылу салтанатына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Оның сөзінше бұл облыстың ауылдары арасында ашылған алғашқы орталықтар.

 

— Бір күнде екі бірдей ауылда «Коворкинг орталығын» ашу — қуанышты жағдай. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 18 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде «Өрлеу» жобасы аясында ауылдық кітапханаларды жаңғыртып, жаңа құрылғылармен толықтырудамыз. Лебяжі ауданының екі ауылында ашылған «Коворкинг орталықтар» да осы жоба негізінде іске асырылуда. Бұдан бөлек «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен «Қазақстан кітапханалары» атты тағы бір жоба басталды. Жақында «Нұр Отан» партиясы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірлесе отырып жұмыс істеу үшін үшжақты меморандумға қол қойдық. Осы келісімшарт негізінде облысымыздағы барлық кітапхана заман талабына сай цифрландыру жүйесіне көшеді және жыл соңына дейін осындай тағы бірнеше орталық ашпақ ойымыз бар, — дейді Ардақ   Райымбеков.

Лебяжі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Дарико Табұлованың айтуынша екі орталықтың ашылуына аудандық бюджеттен 500 мың теңге қаражат бөлінген.

— «Коворкинг» сөзінің өзі бірлесе жұмыс жасау деген мағынаны білдіреді. Енді біздің оқырмандарымыз мұнда кітап оқумен ғана емес, өздерінің жеке шығармашылық жұмыстарымен айналысуға болады. Яғни, әртүрлі ғылыми жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ғаламтор желісін пайдалана отырып, теледидар арқылы өздеріне қажетті дүниелерді тамашалай алады. Жалпы, аудандағы кітапханалардың кітап қоры жеткілікті. Жылына үш мыңдай жаңа кітаппен толығып отырады, — дейді Дарико Абаққызы.

«Коворкинг орталықтарында» арнайы балалар алаңы, шығармашылық жұмыспен шұғылдану алаңы және дойбы, шахмат, асық ойыны сынды ойлау қабілеттерін жетілдіретін ойындар ойнайтын, яғни, демалу алаңы бар. Черное

ауылындағы кітапханадағы орталық барша оқырмандарға ортақ жабдықталған болса, Аққу ауылындағы балалар кітапханасындағы орталыққа тек 1-9 сынып оқушылары келе алады.

Басқарма басшысы Ардақ Райымбеков аталған кітапханалардың меңгерушілеріне ұялы телефон арқылы кино көруге арналған 3D құрылғыларын сыйға тартты.

Нұргүл САДЫҚ, Лебяжі орта мектебінің 6-сынып оқушысы:

— Ауылымыздағы балалар кітапханасына аптасына екі-үш рет келіп, өзіме қажетті кітаптардың барлығын алып оқимын. Енді бұдан да жиі келетін болдым. Себебі, бұрынғыдан да қызықты құрал-жабдықтар орнатылды. Тіпті, сыныптастармен бірге отырып, мультифилмьдер көруге және шахмат ойнауға болады. Осындай жаңаша мүмкіндік жасап жатқан аға-апайларымызға алғыс айтамын.

Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы.