Павлодарда «ТАЗА ЖАРНАМА – ҚАЛА КЕЛБЕТІ» облыстық акциясы қорытындыланды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру шеңберінде және Павлодар облысының 80 жылдығына орай облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «ТАЗА ЖАРНАМА – ҚАЛА КЕЛБЕТІ» облыстық акциясын жариялаған болатын. 1 сәуірде басталған акцияның қорытындысы да белгілі болды.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәуле Османованың сөзінше, акцияның басты мақсаты ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерді анықтау. Қателер, әсіресе, жеке кәсіпкерлердің нысандарындағы маңдайшаларда, жарнамаларда, баннерлерде анықталды. Акция шеңберінде барлығы 100-ден аса фотосурет жиналған.

Маманның айтуынша, көбінесе орфографиялық, грамматикалық  қателер кездеседі. Сонымен қатар, орыс және  қазақ тілдерінен аударылған сөздердің мағынасы сәйкес келмейді. Ең көп қате анықтаған С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің аудармашысы Айгерім Дүйсекенова 50 сурет жіберсе, аталған  жоғары оқу орнының студенті Дулат Нұрбек 30 сурет ұсынған. Екібастұз инженерлік-техникалық институтының студенті Еркебұлан Сейітжанов 26 қате анықтаған.

Акцияның белсенді қатысушыларына басқарма атынан Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ал, алдағы уақытта қателікке жол берген нысан иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Тілеуберді Сахаба