«Павлодар» арнайы экономикалық аймағы Дүниежүзілік ЕЭА мүшесі болды

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының өкілдері Дүниежүзілік еркін экономикалық аймақтардың IX  халықаралық конференциясына қатысты. Дубай қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің вице-президенті Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумның жетекшілігімен өткен халықаралық форумға әлімнің 50 мемлекетінен жиналған 1 мыңнан астам адам қатысты. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Айбек Тұрсынғалиев осы форумда жергілікті экономикалық ұйымның мүмкіндіктері мен перспективаларын түсіндірді. Одан кейін әлеуетті инвесторлармен осы мәселелерге байланысты бірнеше келіссөздер жүргізілді.

– «World free zone Organization» ұйымы 2014 жылы құрылған. Дүниежүзіндегі еркін және арнайы экономикалық аймақтар мен еркін аймақтар ассоциацияларын өзара біріктіретін коммерциялық емес ұйым,- дейді «Павлодар» АЭА басшысы. – Біздің арнайы экономикалық аймағымыз осы ұйымның толық құқылы мүшесі статусын алып отыр. Бұл халықаралық аренадағы Павлодар облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «fDi magazine» атты беделді экономикалық басылымның өкілдері «Павлодар» АЭА  мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Бұл баспаның бас редакторы Кортни Фингар Павлодар облысында жасалған жұмысқа жоғары баға беріп, Павлодардағы АЭА-ға сапар жасау ниетін білдірді.

«World free zone Organization» ұйымының ең негізгі артықшылықтарына келесілер жатады: танымалдылық деңгейін арттыру мақсатында барлық еркін экономикалық аймақ мүшелері үшін тұғырнама ұсыну, инвесторлардың деректер қоры мен салалық зерттеулер қызметтеріне, оперативті және әкімшілік қолдауға, желілік қызметтер мен іс-шараларға қол жетімділігін қамтамасыз ету, және әлемдік АЭА басқарушы компанияларына арналған арнайы оқытушылық семинарлар ұйымдастыру.

Өз тілшіміз.