Асқан әулие, көріпкел Мөңке би Тілеуұлының, қазақтың «кер заманы» туралы айтқаны
Асқан әулие, көріпкел Мөңке би Тілеуұлының (1675-1756 жж.) болашақты болжап, қазақтың «кер заманы» туралы айтқаны:
«Кер заман» кезінде: —
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар,
Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,
Сөздің маңызы кетіп, самалы қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар.
«Кер заман»-ның кезінде: —
Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын,
«Ежірей» деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын,
«Бежірей» деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
«Кекірей» деген келінің болады.
Табалдырықтан биік тау болмас,
Туысқаннан мықты жау болмас.
«Кер заман»-ның кезінде су тартылар,
Тана мен торпаққа жүк артылар,
Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып
Қарап тұрған жігітке қыз артылар.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің де ішпейді,
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады…
«Кер заман»-ның кезінде: —
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсетін інің болады,
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Еркегің қазаншы болады,
Әйелің базаршы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы –
Сағынып тамақ жемейді,
Ащыны ащы демейді.
Тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.
Сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Ақырзаман халқының —
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойнында,
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашанда олардың
Көңілінің қошы жоқ.
Бар шаруасы түп-түгел,
Енді мұның иесі жоқ.
Заман ақыр боларда —
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
«Ә» десе «Мә» дейтін кесір болар.
Бас қосылған жерлерде,
Әйел жағы ден болар.
Жаман-жақсы айтса да
Өзінікі жөн болар.
Орай салып бастарын,
Жалпылдатып шаштарын,
Тақымдары жалтылдап,
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар.
Сөйткен заман кез болса,
Түзелуі қиын болар!…»