Атыраулық меценат Atyrau Marathon аясында жүгіруге қатысатын тұрғындар үшін 500 орын сатып алды
«Atyrau Marathon — 2018» ұйымдастыру комитеті хабарлағандай, атыраулық кәсіпкер Ерлан Табылдиев аймақтағы жеңіл атлетиканың дамуына үлес қосу мақсатында марафонда 10 шақырымдық жүгіруге қатысқысы келетіндер үшін 500 орын сатып алған.
2018 жылы 42 шақырымдық негізгі қашықтықтан бөлек «Atyrau Marathon-2018» аясында әуесқойларға арналған 10, 4,5 шақырымдық жүгірулер ұйымдастырылған.
-Биыл жүгіруге қатысу ақылы, 42 км қашықтыққа жарна -3 000 теңге, 10 км-ге – 1000 теңге. Ал 4,5 км қашықтыққа жүгіруге қатысу тегін. Студенттер мен зейнеткерлерге де қатысу тегін, — дейді «Atyrau Marathon-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Кәсіпкер Ерлан Табылдиев жеңіл атлетиканы насихаттау мақсатында 10 шақырымға жүгірушілер үшін 500 орынды сатып алған, ол жарыс басталар сөреде қатысамын деушілерге таратылады.
-Біздің қалада марафонға қатысқысы келетіндер қатары көп, жүгірмеуге сылтау табатындар да бар. Осы қадамым арқылы 10 шақырымға жүгіруге қатысатындарды ынталандырғым келді,-дейді кәсіпкер.
10 шақырымдық жүгіру басталатын сөреде тіркеу орны болады, қатысуға ниеттілер сол жерге келіп, тегін тіркеле алады. 10 000 метр қашықтықтың сөресі Әбілқайыр хан даңғылында, Уорлей Парсонс алаңы мен Мұз сарайының арасында. Қатысушылардың жиналу уақыты – 8.00-9.15. Қатысушыларға қолайлы болу үшін сағат 8.00-де Исатай-Махамбет алаңында автобус ұйымдастырылады.
42 195 м қашықтыққа жүгірудің сөресі Мұз айдынының алдында. Қатысушылардың жиналуы сағат 6.00-де, 7.00-де жарыс басталады. Қатысушыларға қолайлы болу үшін сағат 6.00-де Исатай-Махамбет алаңында автобус ұйымдастырылады.
4500 м қашықтыққа жүгіру сөресі Сәтпаев көшесінде орналасады, Исатай-Махамбет алаңына қарсы бетте. Қатысушылардың жиналу уақыты 7.30-да, жарыс 9.00-де басталады.
Атырау облыстық Өңірлік коммуникация қызметі