«ЖАСЫРЫН ТҰТЫНУШЫ» МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫН БАҚЫЛАЙДЫ
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын «Жасырын тұтынушы» әдісімен арттыру өз тиімділігін беруде. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті қызметкерлері қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсету барысында жасанды әкімшілік кедергілерді анықтау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында «Жасырын тұтынушы» әдісімен жыл басынан бері бірқатар мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізген болатын. Атап айтқанда, Атырау қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі бөлімшесі, Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау бекеттері, Атырау облысы Денсаулық сақтау саласындағы ұйымдары, Атырау облысы бойынша кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының қызметіне жүргізілген қоғамдық бақылау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталды. Мысалы:
Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімше тарапынан әскерге шақырылушыларға қолайлы жағдайлардың жасалмауы және әскери медициналық тексеруден өткізетін дәрігерлердің жеткіліксіздігі;
Атырау облысы Денсаулық сақтау саласы бойынша Атырау қалалық №2 емхана қызметкерінің «Дәрігерді үйге шақыру» және «Дәрігердің қабылдауына жазылу» мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін «ww.egov.kz» веб-порталы арқылы алуға болатындығын білмеуі;
Атырау қалалық №5 емхана тарапынан №086 нысанды медициналық анықтаманы дәрігердің тиісті тексеруінен өтпей-ақ аталған емхана қызметкерінің көмегімен заңсыз ақы төлеу арқылы кедергісіз алу салдарынан тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілу мүмкіндіктері анықталды.
Бұл ретте, мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша Департаментпен тиісті органдарға қажетті шешімдер қабылдау туралы тапсырмалар беріліп, аталған кемшіліктер жойылумен қатар, Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен кінәлі тұлғаларға қатаң шаралар қабылданды. Атап айтсақ, атқарып отырған лауазымынан төмендету және қатаң сөгіс, сөгіс секілді жазалар қолданылды.
Аталған «Жасырын тұтынушы» әдісімен қоғамдық бақылау жұмысы қазіргі таңда өз жемісін берумен қатар, мемлекеттік органдардағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілерін және жасанды әкімшілік кедергілерді жоюға септігін тигізуде.
Департаменттің бастамасымен жүзеге асырылып отырған қоғамдық бақылау жұмысы алға қарай да тұрақты түрде жүргізіліп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы әрдайым қатаң бақылауда болады.
Өз тілшімізден