АЙ, АЙМАДЕТ ЕР ДОСПАМБЕТ КӨКЕМ-АЙ!..
(ХV ғ.)
Рахымжан Отарбаевқа
Мұсылманның баласы түгілі, ,
Көрген кезде кәуір танар есінен,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?
Аймадет Ер Доспамбет жыраудың
Би ұлынан несі кем,
Хан ұлынан несі кем?!
Азаулыда ақшалмалы пірлердің,
Мешітте жаққан шамдары самдай жарқырап,
Бекзада дәурен кешіп ең;
Түбі түрік түгілі,
Адамзатта асқақ еді-ау,—несібең!
Қоғалы көлдер, қом сулар,
Қайда қалған, көкем-ау;
Аталар сонда арыстандай бұтын алшайтып,
Арғымақ мінген екен-ау!
Саңқылдап жүрген екен-ау,
Қарқылдап күлген екен-ау!
Атырау-Арқа-Алатау-Алтай төсінде
Найзасының жебесіндей ұшқан екен-ау,
Жұпарын қардай боратып,
Ару да құшқан екен-ау!
Қыран едің қырдан көкке самғаған,
Қанатыңнан қайырылдың,
Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын тең басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Өркештерін май басқан қара нарың бар еді,
Одан-дағы айырылдың!
Аузы түкті бұ кәуір жекпе-жекте сынасар
Тектінің ұлы емес-ті,
Құтылмақ боп со сұмнан,
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған Жемде қылдың кеңесті,
Одан да елді көшірді!
Ойыл деген—ойың-ды,
Отын тапсаң—тойынды,—
Ойылда құрдың кеңесті,
Одан да елді көшірді!
Қайтейін сені, нар тұлға,
Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз қалып артыңда,
Ақ Жайыққа қарайлаған қалпыңда;
Сынаптай уақыт бір орында тұрмай зырылдап,
Жаным бір олжа демедің,
Боз далада боз торғайдай шырылдап,
Шаһит кешкен сен едің!,
Содан да кейін ел көшті, талай жел де есті,
Аузы түкті кәуір ап бел-белесті;
Ата жау қоймай,—егесті!
Кезі келген күнінде
Найзам менің зеңбірекпен теңесті!
Кіндігіңнен туған жұрт есемді алам деп өсті;
Құтылмақ боп со сұмнан
Жымпитыда құрдым кеңесті,
Семейде құрдым кеңесті;
… Шығысында Айдаһары ысылдап,
Батысында Аю ақырған,
Менің де шерім сенен де бір кем емес-ті…
20.04.2016 ж.