ОҚО-да орман, дала өрттеріне қарсы оқу-жаттығу жиыны өтті

  Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен орман, дала өрттерін сөндіру бойынша орман шаруашылығы мекемелерінің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков және төтенше жағдай қызметі мен қоршаған ортаны қорғау мекемесінің өкілдері қатысты.

Алдын ала әзірленген бағдарлама бойынша Ордабасы ауданында тұтанған өртті сөндіруге арналған жедел әрекет жасалды. Атап айтқанда, төтенше жағдай қызметінің жеке құрамы арнайы көліктерімен шарпыған жалын ортасына жетіп, оны ауыздықтауға кірісті. Нәтижесінде өрт дер кезінде сөндіріліп, орман алқабы тілсіз жаудан аман қалды.

Оқу жаттығу жиынына қоршаған ортаны қорғау мекемелерінен 110 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, шарада 6 өрт сөндіру көлік, 12 трактор және басқа да техникалар пайдаланылды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 7 орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелеріне 3 131,9 мың га мемлекеттік орман қоры бар. Осы аумақты қорғауға деп 2018 жылға 31 712,0 мың теңге қаржы қаралған. Бұл қаржы 500 шақырым жаңадан минералды жолақ салу, 7588 шақырым минералды жолақтарды күтіп-баптау, 210 шақырым өртке қарсы жолды жөндеу және 279 дана аншлаг пен панноны жаңарту және орнату жоспарланып, тиісті жұмыстар атқаруға жұмсалуда.

Сондай-ақ, орман өртінің алдын алу мен болдырмау мақсатында 2018 жылдың І тоқсанында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы газеттерге 130-дан астам мақала жарияланып, телеарналардан 8 бейнеоролик көрсетілген. Одан бөлек, жеке және заңды тұлғаларға өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау бойынша 300-ге жуық нұсқама беріліп, 2683 дана үнпарақ таратылған. Жергілікті 2,5 мыңнан астам адамның қатысуымен 180 лекция өткізілген.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі