Жалған ақпараттан сақ болыңыз!
Жамандықтың тез тарайтынын алдын ала байыптай білген дана халықтың бүгінгі ұрпағы ақпараттың ағын да, қарасын да сүзгіден өткізбей қабылдауда. Соңғы күндері Whatsapp мессенджері арқылы тараған жалған ақпаратқа ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ресми сайттарында мәлімдеме жасаған болатын. Бастысы, қарапайым халық ақпаратты ресми сайт, веб-парақшалардан қарағаны жөн. Өйткені, «Жедел жәрдем» қызметінің өзі ақылы көмекке көшетіні туралы қауесеттің сенімді дереккөзінен келмегені көрініп-ақ тұр. Ал, министрліктің жариялаған мәлімдемесінде:
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу аясында 2017 жылдан бастап аталған қызмет республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің базалық пакетіне кіреді. Бұл пакет Қазақстанның барлық азаматтары үшін қолжетімді болмақ. Оған жедел жәрдем қызметі мен саниатрлық авиация, әлеуметтік мәні бар және шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек, профилактикалық егу жұмыстары жатады. Осылайша, жедел медициналық көмекті шақыру қызметі ҚР азаматтарымен қатар, республика аумағындағы шетел азаматтары үшін де тегін болып қала бермек»-делінген.
Тағы да оқырмандарға ақпаратты сенімді дереккөздерден танып-көруге кеңес береміз.
«ЕлАна»