Ана тәрбиесі…
Қазақта «Отбасы, Ошақ қасы» деген қасиетті ұғым бар. Бір оттың басына жиналғандардың от жылуын сезінгені секілді, отбасындағы жандар да мейірім, қамқорлық сынды жан жылуына ортақ бөленері сөзсіз. Отбасындағы жайлылықты туындатушы Отағасы мен Отанасы, яғни, ата-ана десек, оның əрін кіргізіп, жұптық өмірімізге нəр беретін, əрине, Бала екені даусыз. Олай болса, саналы ғұмырын ұрпағының болашағы үшін сарп ететін де, сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін деп тілейтін де, мен жетпеген биікке жетсе екен деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей Тəңірінен тілейтін де сол Əке, сол Ана. Алайда, олардың сол бір пəк, риясыз пейілдің жетегінде жүріп-ақ, абайсызда балапанының қанатын қырқып, болашағына балта шауып алатын да кезі жоқ емес. Мұндай əсіре мейірімділік, шектен асқан қамқорлық бүгінгі ата-аналардың осал тұсы десек қате айтқандық болмас.
ФБ парақшадан «Мен аналардың балаларына қаталдау қарап осіргеніне косыламын. Өзім солай өскем. Анама разымын!!!» — деп жазған болатынмын. Расында да бұрынғы ата-аналарға қарасақ, қаталдықты көреміз. Сонда олар шынында да қатегез болды ма? Жоқ, əрине. Ол кісілер бар нəрсенің шегін білді. Себебі, оларда қазақ дала академиясының тəрбие негізін бойына там тұмдап жинаған, имани тереңдік болды. Қандай жағдай болмасын байыппен ойлап, байсалдылықпен шешуге тырысатын сабырлылық, тектілік, сол кісілермен бірге қартайып бара жатқандай көрінеді кейде маған. Көп нəрсені Ұяттылықпен-ақ тұсаулап, Обалдылықпен тыйып, Жамандылықтан жауып тастайтын, қайран тəрбие десеңізші…Қазір ше, көпшілігіміз мəселені ашу үстінде шешіп тастауды əдетке айналдырып барамыз ба деп қорқамыз.
Бала күнімізде біздің де Анамыз қыздарға қатал болды. Əкеміздің қаталдығын көрмедік. Десек те, «əкеңе айтам» деген сөзден зəре-құтымыз қалмайтын. Анамның осы тәрбие тәсілін өзім де өмірімде қолдануға тырысып келем.
Мұндағы айтпағым, отбасы басты құндылығымыз екені рас, алайда, бүгінгі таңда оны сақтау, бақытымызды баянды етудің бірден бір жолы — дəстүрлі отбасын сақтау жəне насихаттауды қолға алу қажет сияқты.
Сіз не дейсіз оқырман?